Үкімет • 16 Мамыр, 2024

Заңдардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады

105 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібіне 10 мәселе шығарылды. Оның ішінде алдымен 2023 жылғы республика­лық бюджеттің атқарылуы қаралса, зияткерлік меншік, тауарлардың шығарылған елін анықтау, қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен жөніндегі және бірқатар халықаралық келісімді ратификациялауға бағытталған заң жобалары талқыланды.

Заңдардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады

Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева баяндады. Ол алдын ала бағалау бойынша 2023 жыл­ғы ІЖӨ-нің нақты өсімі 5,1 пайыз­ды құрағанын, бұл көрсеткіш елд­ің әлеуметтік-экономикалық даму бол­жамы аясында мақұлданғаннан 1,1 па­йызға артық екенін атап өтті. Экономиканың барлық базалық саласында оң нәтижеге қол жеткізілді.

– Бұл ретте республикалық бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі 12,9 трлн теңгені құрап, жоспардағы 14,3 триллион теңгеден 1,4 трлн теңгеге кем шықты. Шығындардың орындалуы жыл жоспарының 99,6 пайызын құрап, 99,6 миллиард теңге орындалмаған, ал өңірлерге аударылған трансферттер 39,4 миллиард теңгені құрады, – деді Т.Савельева.

Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның Бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде қаулысы бірауыздан қабылданды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Заңнама және сот-құқық­тық комитетінің төрағасы Снежана Имашева баяндап, бұл заң жобасы да қабылданды.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобалары қаралып, тиісті шешімдері қабылданды.

Осы тұста бір айта кетерлігі, бұдан былай мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынбақ. Осылайша, Мәжіліс жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Жаңа заңға сәйкес, әсіресе, құрылысқа байланыс­ты жұмыстарға қоғамдық мониторинг институты енгізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылатын болды.

Мәжіліс ратификациялаған Қазақ­стан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өт­кізу бекеттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім аясында қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логис­тикалық кешен салынады. Бұл келісім 25 жылға жасалады және автоматты түрде бес жыл мерзімге ұзар­тылады.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланып, қабылданды. Құжат жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов баяндады. Депутат бұл келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктердің тасымал көлемін ұлғайтып, еліміздің Қытаймен арадағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуды жақсартуға ықпал ететінін айтып өтті.

Сонымен қатар Транскаспий халық­ара­лық көлік бағытын, оның ішін­­де Қытай мен Еуропа арасындағы кон­тей­нерлік пойыздарды дамыту жөнін­дегі Қазақстан-Қытай үкіметаралық келісімдерін ратификациялау туралы да мәселе қаралып, тиісті заң жобасы қабылданды.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Өзбек­стан Республикасының Үкіметі арасын­дағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бо­йынша қорытынды әзірлеу мәселесін қолдады.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Сенаттың мақұлдауына жіберілді.

Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша енгізілген заңнамалық түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Қаралған екі ілеспе заң жобасы жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндады.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мопедтер көлік құралына жат­қызылып, оларды тіркеуге алу міндет­телмек. Негізгі заңда шағын электр­лі және көлік құралдарының жеке­леген түрлерінің қозғалысын бақы­лау ұсынылады. Бұл мопедтерді пайд­а­лану мен қозғалыс ережелерін реттеу­ге кө­мектеседі. Осыған байланысты қозғалт­қыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтер автокөлік құралына жатқызылады. Олар тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмір алуы қажет.

Сонымен қатар заң жобаларын пысықтау кезінде елге әкелінген мопед­тердің көптігіне қатысты тәуекел­дер де ескерілді. Бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыру кезінде жаппай дүрбелеңге жол бермеу үшін оларды тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мопедтерді «заңдастыру» үшін беріліп отыр.

Сонымен қатар мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестірілу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілмек. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Оған қоса азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет.

Тағы бір маңызды талап – «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол «А», «В» және «С» санатындағы жүргізу­шілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді шешуге 6 ай уақыт беріледі.

Бұл ретте мопед жүргізушілері де авто­көлік жүргізушілері сияқты жауап­кершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзға­ны үшін олар басқа жол қозғалысы­на қатысу­шылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерін­де айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокө­лік жүргізушілері секілді мопед жүр­гізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көле­мінде айыппұл салынады.

Қазір мас күйінде мопед жүргіз­гендер ӘҚБтК-нің 440-бабымен жауапкершілікке тартылады. Заңға сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері ӘҚБтК-нің 608-бабы – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғандар жауапкершілікке тартылады. Бұл бапта 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.

Тағы бір айта кететін жайт, жүргізуші куәлігі жоқ жол ережесін бұзушылар 7 жылға дейін құжат ала алмайды. Заңға енгізілген өзге де өзгерістер негізінде еліміздің автожолдарында орташа және максималды жылдамдық енгізіледі.

Бұл ретте «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін жауапкершіліктің жаңа түрі енгізілмейді. Қолданыстағы ӘҚБтК-нің 592-бабында белгіленген жыл­дамдықты 10-нан 20 км/сағ асыр­ғаны үшін 10 АЕК айыппұл түріндегі жаза қарастырылған. Техникалық бай­қау рәсіміне және оны жүргізетін орталық­тарға қойылатын талаптар күшейтілсе, жүргізу емтиханына өз бетінше дайындалу да алынып тасталмақ.

Жалпы отырыстың соңындағы депу­таттық сауалдар да көп болды. Көтеріл­ген мәселелердің әрқайсы өз алдына өзекті. Мәселен, Премьер-министр­дің орынбасары Тамара Дүй­сеноваға «Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшелері атынан депутат­тық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев балалар­дың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне алаңдаушылығын білдіріп, олқылықтарды жария етті.

Оның айтуынша, Президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданса да, елімізде әлі де балаларға қатысты кездесетін кейбір келеңсіздік азаяр емес. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Был­тырғы ел аумағында болған түрлі келең­сіз жағдайларды тізіп шыққан депутат Үкіметке жазғы демалыс лагерін жоғары деңгейде ұйымдастыру бағытындағы бірқатар ұсынысын жолдады.

Ал Ерлан Саиров Қаржы агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына пысқырып та қарамай, балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр деп дабыл қақты. Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерінде балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек», деген депутат Е.Саиров балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал екенін атап өтті.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдаған депутат Болатбек Нажметдинұлы да бизнеске қолдан жасалып отырған қысым туралы мәселе көтерді. «Қадағалаусыз қалған монополия, ресурстарға қолжетімділіктің әркелкілігі, бәсекелестіктің әділетсіз әдістері өткен шақтың еншісінде қалу керек», деген депутаттың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік сатып алулар көлеміндегі 6 триллион 600 миллиард теңгенің 1,6 триллион теңгесі немесе жалпы көлемнің 25 пайызы бір көзден алу тәсілімен сатылған.

Ал «Ақжол» партиясы фракция­сының Үкімет басшысына бағытталған сауалын жеткізген Азат Перуашев экономиканы ырықтандыру жөніндегі Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығының негізгі мәселелеріне тоқталды. Депутат экономиканы тек квазимемлекеттік сектордың қолына бере салмау жөніндегі Президенттің бастамасын толық қолдайтындарын жеткізді.