Қоғам • 16 Мамыр, 2024

Қорғансызға қамқорлық

85 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында жетім балаларды «жылату» етек алып, естен тандыра жаздады. Оған 1998 жылы қабылданған «Неке және отбасы туралы» заңдағы олқылықтар да себепкер болғаны рас. Кейін заң түзелді. Бірақ жетімдер мәселесі толық шешілді деу қиын. Осыны дұрыс жолға қоюды мемлекет кейінгі уақытта қолға ала бастады.Мұның айқын дәлелі Тәлімгерлік институтын дамыту дер едік.

Қорғансызға қамқорлық

Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балаларға жеке қолдау мен көмек көр­се­тетін тәлімгерлік институтын енгізу жөніндегі жоба табысты жүзеге асып жатыр деуге болады. Өйткені ресми дерекке сенсек, қазірдің өзінде еліміздің 17 қаласында 300-ден аса адам тәлімгер атанған. Тәлімгер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­лардың әл-ауқатын қамтамасыз етіп, оларды қоғамға бейімдеуге және өз бетін­ше өмір сүруге дайындауға бағытталған.

«Тәлімгерлікке кандидаттарды іріктеу барысын құқық қорғау және қамқоршы органдар реттейді. Әрбір кандидат әңгімелесу арқылы өтеді, сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары да ескеріледі. Іріктеудің барлық кезеңінен өтіп, тиісті қорытынды алғаннан кейін ғана кандидат тәлімгер бола алады. Оларға Қазақстан азаматтығы, кәмелетке толуы, тұрғылықты жерінің болуы, сотталмағаны, әрекетке қабілеттілігі және т.б. талаптар қойылады. Тәлімгердің балаға қосымша білім беру мен медициналық қызметтерді қоса ал­ғанда түрлі салада қолдау көрсетуге құ­қығы бар», деп мәлімдеді Оқу-ағарту министр­лігінің баспасөз қызметі.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, тәрбиеші мен асырап алушы ата-ананың басты айырмашылығы – асырап алушы ата-ана баланы өз отбасына тәрбиелеуге алады, ал тәлімгер «дос» рөлін атқарады, ал бала мемлекеттік мекемеде тұруды жал­ғас­тырады.

Балалардың тәрбиесіне бағытталған тәлім­герлік институтты енгізу туралы былтыр қараша айында айтылған. Бұл ретте Мәжілістің жалпы отырысында «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов жетім балалардың жағдайын жеткізген еді.

«Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүм­кіндік береді. Тәлімгерлер волонтерлік тәр­тіпте, яғни ақысыз түрде балалар үйіндегі жеткіншектерді қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеу­мет­тендіру жұмысын жүргізуге мүм­кіндік береді. Тәлімгердің жауап­кер­шілігі бойынша нақты әрі қатаң талаптар қарастырылған. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынас шартпен реттеледі. Заң жобасында полиция­да девиантты мінез-құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылды. Басты мәселе – осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай енді оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмемен және секциямен қамтылады. Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді», деді А.Аймағамбетов.

Сөйтіп, биыл «Бала құқықтары туралы» заңға жетім балаларға тәлімгерлік жа­сау институтын енгізуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Бұл қадам ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­лар­дың болашағына оң ықпал етіп қана қоймай, әлеуметтік салада ілгерілеудің жарқын мысалы болатыны рас.

Бекназар Қазиев – 2018 жылдан бері бір балаға қамқорлық жасап келе жатқан тәлімгер. Оның айтуынша, бұл – өте сәтті жоба.

«Мен алғаш 2017 жылы осы жобаға үміткер ретінде тіркелдім. Әртүрлі іріктеуден өткен соң, Виталий деген баланы қамқорлығыма берді. Кейін пандемия басталып кеткен кезде баламен аптасына бір рет кездесіп тұрдық. Аптасына бір рет бірге қыдырып, бір күнді мағыналы өткізуді қолға алдым. Витя қазір Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр. Ал мен алғаш тәлімгер болған кезде тіпті үйленбеген едім. Содан кейін үйленіп, отбасын құрдым», дейді ол.

«Бала туғанда ақ қағаздай таза болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі. Бала тәрбиесі де сондай, қалай тәрбиелесең, солай өседі» дейтін әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссоның нақыл сөзі осындайда ойға оралады. Ал ұлы жазушы Лев Толстой «Бала тәрбиелеу – шындап келгенде, өз-өзіңді тәрбиелеу», дейді. Демек бала тәрбиесіне, оның ішінде жетім балалардың тәлім-тәрбиесіне ерекше назар аудару ел бола­ша­ғына салған үлкен инвестиция екені даусыз.