Көрме • 16 Мамыр, 2024

Жас қалам

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақтан суретші шықты» деген сөзді айтқызған Әбілхан Қастеевтің мол мұрасы – бүгінгі ұрпаққа олжа. Өнерлі жанның таланты тағдырына айналса, есін білер-білмес бала кезінен-ақ ұшқынданып, қылаң беретіні анық. Әйгілі суретшілердің бәрінің алғашқы шығармашылығы топыраққа, қабырғаға, ақ қағазға түскен шимайдан басталды. Әбілхан Қастеев те ең алғашқы суреттерін тасқа қашап салған.

Жас қалам

Суретті түсірген – Виктор ФЕДЮНИН

Әрине, бүгінгі қылқалам ұстаған тәуелсіз ұрпақ алғашқы талпынысын мүлдем басқаша бастаған болар. Десе де егемен елдің еркін өрен­дерінің өнердегі алғашқы ұстазы Қастеев екені сөзсіз. Әлқисса.

Күні кеше ғана Бейбітшілік және келісім сарайының «Құлан­шы» заманауи өнер ор­та­лығында Қазақстанның халық су­ретшісі Әбіл­хан Қастеевтің 120 жылдығына арналған Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің көркемсурет фа­куль­теті студенттерінің шығар­ма­шы­лық жұмыстарының көрмесі өтті.

рп

Көрмеге іріктелген, үздік туындылар қойылған. Әр шығармадағы түрлі қолтаңба, түрлі талғам, түр­лі шеберлік бірден байқалады. Жаңа­ша көзқарастары да айрықша көрініп тұр.

Аталған көрмеге жас суретші Ерасыл Ораздың бірнеше туынды­сы қойылыпты. Әсіресе Шоқан Уәлихановты бейнелеген суреті назарды бірден аударады.

«Бұл суретті салуға екі апта уа­қытымды жұмсадым. Әрине, өз ойыңнан салған суреттен біреудің суретін қағазға түсіру оңайырақ. Мәселен, Әбілхан атамыздың Шоқан Уәлихановты бейнелеген суретін салу қиынға соқпады. Ша­мам келгенше Шоқанды шы­найы келтіруге тырыстым. Әрине, сурет өнерінен хабары аз адам­дарға сырттай бәрі тамаша кө­рін­генімен үйренеріміз көп. Гуаш­­­пен салынған сурет көрер­меннің көңілінен шыққанына қуаныштымын. Бүгін ерекше шабыттанып тұрмын», дейді суретші.

Көрмеге келушілердің ыстық ықыласына бөленген тағы бір суреттің авторы – Мәдина Оразаева.

Оның Әбілхан Қастеевті салған суреті жанарды алыстан баурайды.

«Бұл сурет майлы бояумен салынды. Туындыны бір семестр бойы, яғни жарты жыл салдым. Бұл – менің алғашқы ірі көр­мем. Жиналғандар суретті жо­ға­ры бағалап жатқанына қуа­ныш­тымын», дейді Мәдина.

«Құланшы» өнер орталығының жетекшісі Ләйла Махаттың айту­ын­ша, жыл сайын 14 мамыр – Қа­зақ ұлттық өнер университеті көркемсурет факультеті студент­те­рінің шығармашылығына арналады.

«Елімізде талантты балалар көп. Олар тасада қалмай, шығар­машылық қабілетін шыңдауға тиіс. Әсіресе Қазақ ұлттық өнер университетіне республиканың түкпір-түкпірінен дарынды сту­дент­тер жиналған. Біз өз тарапы­мыздан талантты жастарды қол­дауға дайынбыз», деді ол.

Айта кетейік, көрме барысында Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің ұйымдастыруымен сән көрсетілімі өтті.