Бұдан жарты ғасыр бұрынғы жағдай көз алдымызда тұр. 1965 жылдың күзі еді. Атыраудың ақиық ақыны атанған Әбу Сәрсенбаевтың 60 жылдық мерейтойы құрманғазылық жерлестері ортасында бақандай бір аптаға жалғасқаны бар. Атағы Әбуге арналғанымен, қазақ зиялыларының сол кездегі қаймақтары Қажым Жұмалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Хамза Есенжанов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов және басқалары аудан тұрғындарымен емен, жарқын дидарласқан ерекше бір кездесулер жасалған-ды. Осындай көрініс бірде Қиғаш өзені бойына жайғасқан «Красная Армия» колхозының клубында болды. Бұлардың барлығы кезінде талай-талай жазылды, бір-екі кітабыма да енгізгенмін. Ал қазір ерекше бір жағдайды еске алып отырмын.
Ағаштан жасалған төрт доңғалақты аласа қоларбаға екі қарасанынан таңып, байлап отырғызған еңгезердей азаматты екі жігіт балаша көтеріп, адамдар лық толы залға алып келді. Мұны көрген Әбу Сәрсенбаев орнынан атып тұрып, қоларбаға құндақталған мүгедек жауынгерді қаусыра құшақтады.
– Қайран Құсайыным-ай, қыраным-ай, бар екенсің ғой. Еліңді қорғап,немістің оғына екі аяғыңды байлаған ерім-ай! Ау, халқым, мұны біліп қойыңдар, бұған тағзым етіңдер. Мен ендігі сөзімді өлеңмен жеткіземін, мұның өмірі ешқашан аяқталмайтын дастан! Ақиық ақын толғана тұрып жыр жолдарын төккен-ді.
Сен құрметте оны,
түсіндің бе, қарағым!
Кеше елге қатер төнгенде,
ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған тажалды,
ол кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
өлім соққысын өз үстіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де,
ол намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны,
түсіндің бе, қарағым.
Сенің келешегің үшін
берді ол азаттық жолында аяғын!
Абыз ақын толғана тоқталған-ды. Екі аяғы тізеден жоқ жаужүрек жауынгер Құсайын Өтешқалиевтың майданда көрсеткен жанқиярлық ерлік істері, қайсарлық пен қажымас күреске толы өмір хикаяттарына арналған «ешқашан аяқталмайтын дастан» жазбалары осылай басталып, өзінің майдандас қанды көйлек жолдасы болған Құсайынның ерлігі Әбу ақынның бірқатар шығармаларының басты тақырыбына айналды. Міне, енді сол туындылар кейінгі ұрпақтың қолына жетер мұрағат көзіне айналып отыр.
Құрманғазы ауданындағы журналистер де «Жұлдызсыз батыр» атанған Өтешқалиев Құсайын жайлы әр жылдары мезгіл-мезгіл қалам тартып отырды. Себебі, бұл жазбалар жаужүрек жауынгер Құсайын Өтешқалиевтің жұлдызсыз батыр бейнесін, оның есімі ауылдастары ортасында мәңгілікке сақталса деген жерлестерінің ұсыныс-тілектерін жамағатқа жария қылуды толықтыра түседі.
Ақиық ақын Әбу Сәрсенбаев соғысқа қатыса жүріп, майдандық газеттердің тілшісі болды, талай-талай жаужүрек жауынгерлерді көзімен көріп, қойын дәптерін ерлік шежіресіне толтырды. Солардың бір көрінісіндей «Жауынгер монологы» кітабын жазды. Сонда ол: «Біз кеудесіне Алтын жұлдыз» таққандарды ғана Батыр деп танимыз. Ал Алтын жұлдызы жоқ Бауыржан Момышұлы құсаған батырларымыз қаншама! Солардың бірі – Отанын қорғау жолында екі аяғын кесіп берген Құсайын құсаған қырандарымыздың кезінде көзге түспей қалғандары да жетіп артылады», деп жазады майдан оқиғаларының куәгері болған абыз ақын.
Құсайын Өтешқалиев Астрахань облысының Зеленга (қазір Володар) ауданында Сақма селосында 1915 жылдың 24 қазанында ағаш шебері, балташы Өтешқалидың отбасында өмірге келді. Ол 1941 жылы 12 қыркүйекте 26 жасқа қараған шағында әскер қатарына алынды. 1147-мотоатқыштар полкінде кіші сержант шенінде барлаушы міндетін атқарды, топ басқарды. Батыл барлаушының 14 неміс солдатын тұтқындап, біреуін тірі әкелгені құжаттарында жазылған. 1942 жылғы 18 маусымда осы атқыштар полкінің құрамында басқыншылармен қиян-кескі шайқаста жүріп, жеңіл жарақат алады. 1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград маңындағы жойқын соғыста бұған дейін тағы да жиырма шақты «тіл» әкеліп, батыл барлаушы атанған Құсайын алғаш рет госпитальға түсті. Емделіп шыққан соң жорық жолдары жалғаса берді.
Майдан тарихында «Мелитополь операциясы» аталған күндізді түнге ұластырған жойқын шабуылда 1943 жылы 13 ақпанда ауыр жараланып, қос аяғынан айырылды. 1945 жылы елге оралды. Осылай 34 жыл бойына қоларбаға құндақталған тіршілікте ғұмыр кешкен қайсар барлаушы Құсайын Өтешқалиұлы 62 жасында, 1977 жылдың 22 желтоқсанында бақи дүниеге аттанды.
Осы жылдың қараша айында ірі денелі бір жігіт үйіме іздеп келіп сәлемдесті. Анық танымай, аңтарылып қалсам керек:
– Аға, мен екі аяғы жоқ, жарымжан жауынгер атанған Құсайын Өтешқалиевтің баласымын. Есімім Мағзом, бірақ бертін келе Максим аталдым, – деп таныстырды өзін.
– Әкеміздің бар ғұмыры ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен төзімділіктің ерекше қуаттылығы жағдайында, тынымсыз күреспен өтті ғой, – деді ол аман-есендік сұрасқан соң. – Екі аяғы кесілгеннен кейін өткен 34 жыл өмірі қиындық пен қорлыққа толы болды... Кейде түнімен ұйықтай алмай мазасы кететін. Анамыздың оны жас балаша мәпелеп бағып-күтуінің арқасында әкеміз Пайғамбар жасына дейін ғұмыр кешті.
Жаралы, жарымжан жауынгердің адал жары, отбасындағы қамқоршысы, шаңырақтың жарылқаушысы болған марқұм Нағима Меңдешқызының бекзаттық іс-қимылы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Құсайын сынды азаматын алақанында аялап, барын алдына тосты. Ал Құсайын мен Нағима 1940 жылы отау құрған еді. 1941 жылы өмірге тұңғыштары Мұқаметжан, одан кейін Ахметжан, Ақжан, Жұмажан, Мағзом (Максим), Айжан, Зинахан, Гүлнар, Есімжан аталатын ұл-қыздары өмірге келді. Құсайын ағадан тараған ұрпақтар бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр.
Бірақ тағдырдың тарпаңдығы талайды таршылыққа тіреген ғой. Өтешқали мен Нәсіп әженің отбасында13 перзент көрінгенімен, шетінен шетінеп кете беріпті. Құсайын да екі аяғынан айырылған жарымжан. Өтешқали ақсақал қоныс аударып, шаңырақ жаңғыртуды жөн санайды. Сөйтіп оның отбасы 1947 жылы Сахмадан Шора өзенінің бойындағы Зормата қонысына көшіп, осындағы Молотов атындағы колхозда еңбекке араласады. Бірақ колхоздар ірілендіріліп, көшу-қону басталғанда, Құсайынның қалауымен бұлар Қиғаш өзенінің жағасына ірге жайған МРС (машина – жөндеу стансасы аталған) ауылға көшіп келеді. Бұл елді мекен ол кезде «Қырық үйлі» аталатын. Балық-шабағы өте мол, өндірісі, колхозы бар берекелі Қиғаш бойына сонау Нарыннан үдере жұрт аударушылар көп болады.
Құсайын шаңырағы 65 жылдан бері үлкен әулеттің берекелі бәйтерегіне айналып отыр. Осы елді мекенде «Жұлдызсыз батыр» Құсайын Өтешқалиев ғұмыр кешті. Тұрғындар оның атына бір көше берілуін сұрайды. Бұл мәселе кезінде көтерілген де болатын. Осы жылдың ақпанында соғыс ардагеріне көше атын беру жөнінде тағы бір жиын өтті. Соған сәйкес хаттама толтырылып, тиісті орындарға жолданды. Ал Құсайынның ұрпақтары алға үлкен үмітпен қарайды. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында туғанына 100 жыл толатын жаужүрек жауынгер Құсайын Өтешқалиевтің бір ғасырлық мерейтойын аудандық деңгейде атап өтуге дайындалып жатыр.
Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы.