«Алақан» жобасы – цифрлық дамудың бірегей көрінісі. Бұл жаңашылдық мектептерге енгізіліп жатыр. Мысалы, ата-ана енді баласын сабақта ма, әлде сыртқа шығып кетті ме, бүгін тамақ ішті ме, жоқ па деп алаңдамайды. Себебі бәрін телефоннан көріп отырады. «Алақан» жобасы арқылы баласының қайда жүргенін, қандай тамақ ішкенін, тіпті кітапханадан қандай кітап алғанына дейін біледі.
«Алақан-мектеп» жобасы ата-аналардың көмекшісі деп санаймыз. Оқушы мектепке «Алақанмен» кіріп, асханада төлемдерді «Алақанмен» жасаса болады. Өзімен бірге қолма-қол ақша ұстап жүрмейді. Мектеп қауіпсіздігіне де жақсы. Бөгде адамдар кіре алмайды. Кітапханаға кіріп, балалар кітап алатын болса, «Алақан» оқырман билеті ретінде санала береді. Ал мұның бәрінен ата-анаға хабар келіп отырады. Бағдарламадағы баланың шотын бір күнге қажетті сомаға толтырып қояды. Содан оқушының не алып, не қойғаны туралы есеп келіп түседі. Бұл, әсіресе, мектепке үйі алыс отбасыларға көмек. Себебі кешкі уақыттарда ата-аналар балаларға алаңдамайды», дейді жоба жетекшісі Берік Нұрымбетов.
Жоба Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 мектеп-лицейіне де қанатқақты режімде іске қосылған еді. Қазір балалар мен педагогтер мектепке алақанының биометриясы арқылы кіріп жүр.
«Мектептен алысырақ тұрамыз. Менің ұлым өзі келеді сабаққа, өзі қайтады. Маған өте ыңғайлы. Себебі баланың қауіпсіздігі үшін жақсы орнатылған. Бұл жерде баланы есепке үйретемін. Себебі ол рұқсатымсыз ақшаны жаратпайды. Не алса да көріп отырамын. Бала тәртіпке үйренеді. Ақшаны бейберекет жаратпауға, қаржылық сауаттылыққа үйретеді. Мұнда сізді алақаныңыздағы қан тамырының суреті арқылы таниды. Бір қызығы, қолдағы саусақ іздерінен бөлек, алақанымыздағы қан тамырлары да бір-біріне ұқсамайды. Тіпті оң қолдікі сол қолдан өзгеше. Қауіпсіздік те басты назарда. Сіздің биометрияңызды ешкім қолдана алмайды. Тіпті ұқсатып көшіру мүмкін емес. Өйткені ол тамырлар көрінбейді», дейді мектеп оқушысының анасы Гаухар Шалдыбаева.