Өткен жылы тамыз айының 28-інде Жәнібек ауданында оқыс оқиға болған еді. Аудан орталығынан Ұзынкөл аулына бет алған балалы әйелді көлік елді мекеннің жанынан түсіріп кете барған. Күн кешкіріп, көз байлана бастаған шақ екен. Анасы соңынан еріп келе жатқан үш жасар қызы Айарудың өзінен қалып қойғанын қапелімде байқамапты. Кейін айнала жүгіріп іздегенімен, таба алмаған. Жанұшырған келіншек амалсыз полицияға хабарлаған.
Әрине, оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Болған жағдайдан ауыл халқы да хабардар болды. Іске төтенше жағдайлар бөлімі, шекара қызметі, жергілікті әкімдік түгел жұмылды. 200-ден аса адам түн ішінде қаршадай қызды іздеуге кірісті.
– Түнгі сағат 12-лер шамасында маған хабар келді. Тез арада «Ройтер» атты итімді алып, Ұзынкөлге жеттім. Айарудың киімінің иісін алған соң-ақ итім ауылдан алысқа тарта берді. Осылайша, 5-6 шақырымдай ұзап шықтық. Жанымдағы серіктерімнің бәрінен алыстап, жалғыз кеттім. Сөйтіп келе жатып, бүрісіп отырған қыздың үстінен түстік. Сол күні түн салқын болатын. Айарудың қолдары қызарып кетіпті. Өзі әбден қорқып қалған. Бірден жылы киім жауып, құшағыма қысып алып, ауылға жүгірдім, – дейді сол күнгі оқиғаны есіне алған «Қайрат» шекара бөлімшесінің аға сержанты Рафхат Тайкенжин.
Кішкентай қыз анасын көргенде ғана өз-өзіне келіпті. Таңғалатын жағдай – Айару ауыл маңында су жүретін терең арнаның дәл жанына келіп тоқтаған екен. Періштесі қақты деген осы шығар. Әйтпесе тас қараңғы түнде суға құлап кетсе, шынашақтай қыздың аман қалуы екіталай еді. Абырой болғанда, бір ауылды аяғынан тік тұрғызған оқиға таңғы сағат 4-те қуанышпен аяқталды.
Аға сержант Р.Тайкенжин шекара қызметінде еңбек етіп жүр. Отан алдындағы борышын Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімде өтеген Рафхат Мақашұлы 2012 жылы қыркүйек айынан бастап Шекара қызметінің Жәнібек ауданы басқармасына жұмысқа тұрған. Ал 2016 жылдан бері қызметтік иттерді баулуға кірісіпті. Бүгінде аға нұсқаушы лауазымында жүрген шекарашы Айаруды ажалдан құтқарған еңбегін солай болуға тиіс қалыпты оқиға деп санайды.
– Қызмет барысында халыққа көмектесу – біздің парызымыз, әскери борышымыз. Қазақстан Республикасына әрдайым қызмет етемін! – дейді Р.Тайкенжин.
Батыс Қазақстан облысы