14 Қаңтар, 2015

«Әй, бала, қалғанын қашан қайырасың?..»

512 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бір күні осы базарком директоры Бегімбай Қосаевтың кеңсесіне жастары қарайлас Оңталап Жарылқасынов ағамыз келеді ғой. Ол да осы ауданда ірілендірілген колхоздарды басқарып, та­­быстарын молайтып, миллионер дәре­жесіне көтерген елге танымал тұлға.

Оңталап кеңсеге кірген тұста бір жігіт келіп Бегімбайдың қолына 25 сомды қыстырып кетеді. Бегімбай оған: – Әй, бала, қалғанын қашан қайтарасың? – дейді. – А-а, – деп әлгі жігіт есік алдында аңырып тұрып қалғанда, Бекең тездетіп – иә, иә... бара бер, кейін сөйлесерміз, – дей салады. Расында, ол жігіттің базаркомға ешқандай бересісі жоқ-ты. Сірә, ба­зардағылар ара-тұра қомақты табыс­тарынан бастыққа деп бірдеңе тастап тұратын болса керек. Соны Оңталап: «қарызын қайырып жатырған бол­ды-ау», деп түсінсін деген Бекең­нің жұмбағы екен.

«Бұл Мәкең мен дайындалмаған тұстан келеді ғой...»

Өтеген Сырлыбаев ағамыз да бірнеше балық аулау колхоздарын басқарып, Арал ауданындағы «Қуаңдария» моторлы балық аулау стансасының (МРС) директоры қызметін атқарады. Ау құрал тозады. Ау жылым қайықтары да істен шығады. Бірақ әр қайсысының тозу мерзімі бар. Сол мерзім біткесін ғана ау құрал­дың, қайықтың және басқа да жаб­дықтарының жаңасы босатылады. Заңдылығы солай. Десе де, мерзі­мінен бұрын тозатындары, тіпті тұңғиық теңіздің түбінде дауылға, арынды ағысқа ұшырап, мүлде жоғалып кететіндері және шалаң басып, арқан болып есіліп қалатындары да болады. Және балық көп түскен ау-жылымдар да тез сетінеп сөгіліп кетеді. Жоқтың орнын толтыру керек. Ау тозды екен, суда тұрып езіліп қалды екен, деп жоғарғы жақ жоспарды кемітпейді ғой. Сосын да колхоз басқармалары Өтекеңе, МРС директоры Өтеген Сырлыбаевқа жүгіреді. Өтекең болса, заңдылықтан артыққа қадам баспайды. Әркез оның алдында бас есепші қол қойған ақпарат жатады. Және ол кісі аз-кем оқығанымен саясатқа жүйрік, жүдә орыс тілінде баяндама жасай беретін-ді. Алайда, басқарма төрағасы Мақ­сұтқали Демесіновке сұрағанын қа­лай бере салғанына өзі де кейіннен таңданыс білдіреді екен. Соны білетін өзге төрағалар Өтекеңе реніш білдіріп: – Сіз Мақсұтқалиға сұраған ау-құралын бересіз, бізге неге бермейсіз десе: – Әй, ол Мәкең бе, ол ағаларың мен қаншама бермейін-ақ деп тас бекініп отырсам да, әр кез ол мен дайындалмаған тұстан соғады ғой, – депті. Қайсыбір жылдары Мақсұтқали ағамен көрші тұрдық. Өтекеңнің осы сөзі елге жайылып кеткесін, соны таратып беруді сұрағанымда: – Е-е, сенің Өтеген ағаң Мемлекет мүлкін көздің қарашығындай сақтаған адам. Өзгелерден де соны талап етеді. Ал маған «Дайындалмаған тұстан келеді» деуінің де реті бар. Айталық, бір ау звеносының жылдық жоспары 104 центнер. Ол жоспарды 200 пайызға орындап, балық қабылдау пунктіне 210 центнер балық өткізіп тұр. Көбіне балықтың әр центнері төрт-бес сомның аралығында ғана қабылданады. Ал осындай болар-болмас бағамен колхозды миллионер дәрежесіне көтеріп көр! Қисапсыз көп балық аулау керек. Балық көп түскен ау тез тозады. Балық та жәндік. Бұлқынады, тулайды, оралады, үзеді. Әне, Өтекең ағаңның мені «дайындалмаған тұстан соғады» деп айыптауының себебі осында. * * * Қайран, асыл ағалар-ай! Жан­кештілікпен еңбектенген ғой. Сол істеріне сәйкес, Қазалыдағы Бегімбай Қосаев пен Оңталап Жарылқасыновтың аттарында көше де, ескерткіштер де бар шығар. Ал аралдық Өтеген Сырлыбаев пен Мақсұтқали Демесіновке ондай сый-сияпаттың бар-жоғын біле алмадық. Әттеген-ай, десейші! Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ. Қызылорда облысы, Арал ауданы.