Қоғам • 17 Мамыр, 2024

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Фото: akorda.kz

Басқосуда Кеңес бақылауға алған бірқатар стратегиялық және сараптамалық құжаттардың әзірлену және жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес тиісті мемлекеттік органдар заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға тосқауыл қою үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Отырыста лудоманияға қарсы іс-қимыл аясында заң шығару және нақты жұмысты үйлестіру қажет екені аталып өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Нартай Аралбайұлының заң жобасын дайындауға, Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөнінде кешенді жоспар әзірлеуге қатысты баяндамалары тыңдалды. Кеңес мүшелері мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын дәйекті және жүйелі түрде ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар берді.

Сонымен қатар жиында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Бұдан бөлек, басқосуда 2024 жылға арналған «Қазақстан жастары» атты жыл сайынғы ұлттық баяндаманың құрылымы қарастырылды.

Ерлан Қарин кездесуді қорытындылай келе, тың өзгерістердің негізгі қозғаушы күші жастар екеніне назар аударды. Сондықтан елімізді дамыту үшін қолға алынған жалпыұлттық жобаларды жүзеге асыруға олардың белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті.