Пайдалы қазбалар • 18 Мамыр, 2024

Қазба байлық қазан түбінде қалды ма?

153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Саланы ішінен білетін мамандар елдегі қазба байлық қоры түгесіліп келеді деп дабыл қағып жүр. Бәлкім, геологиялық саланы дамытуға, жерасты қазба байлығын барлауға бөлінетін мемлекет қаржысының тым төмендігі болар, соңғы жылдарда бірде-бір кен орны ашылмаған. Жерасты өте сирек кездесетін металға бай ел мұндай маңызды істе неге сылбыр қимылдап тұр? Топырағына қайла тимеген өлкелердің астында мол мұра жатпасына кім кепіл?

Қазба байлық қазан түбінде қалды ма?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Геологиялық барлау кемшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономи­калық бағдары» атты Жолдауында геоло­гиялық барлауға ерекше назар аудару қажеттігін баса айтқан еді.

«Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек. Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестиция тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі», деді Президент.

Мемлекет басшысы өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвес­тордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болу керектігін де айтты. Сондай-ақ мемлекеттік сараптама жасау, толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы жобаларды келісуге қажетті рәсім мерзімін екі есе азайту керек.

«Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу. «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады», деді Мемлекет басшысы.

 

«Жаңа мұнай» қашан жарылқайды?

Расымен, ел аумағында сирек кездесетін қазба байлықтар әлі де мол болуы әбден мүмкін. Тек оны барлау жеткіліксіз. Іс жүзінде мұндай жұмыс тым аз жүріп жатыр.

«90-жылдары Қазақстанда 200 мың­дық масштабты геологиялық картаны қайта түсіру туралы мәселе көтеріліп, сол бағытта жұмыс істелді. Яғни мемлекет­тің бюджетінен қаржыландырыла­тын бірден-бір геологиялық жұмыс сол картаға байланысты болатын. Бірақ ол аяқсыз қалды. Енді қараңыз, қай ин­вес­тор келіп, өзіне берілген мерзім ішін­де кен орнын іздеуге қаржы жұмсай­ды? Ешкім де келмейді. Ал жаңағы айтып отырған карта арқылы кен орнын іздеу-барлау жұмыстары болса, бүгінге дейін бір нәтиже болар еді», дейді Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылым­дар институтының жетекші ғылыми қызметкері Ақылбек Жүнісов.

Оның айтуынша, 2010 жылдардан бері мемлекет геологияға там-тұмдап көңіл аудара бастаған. Азды-көпті қаражат та бөлген. Бірақ әлі де шетелдік инвесторлар ғана бұрынғы кеңес заманындағы картаның ізімен жұмыс жүргізіп жатыр. Отандық компаниялар жоқтың қасы.

Жалпы, сала ғалымдары геология саласына түбегейлі реформа қажет екенін айтады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткеннің өзінде нәтижені жақын арада көре алмаймыз, өйткені жаңа кен орнының ашылуы мен іске қосылуының арасында кемінде 10-15 жыл өтеді. Шығыны да аз емес. Ең тәуекелді тұсы – барлау жұмыстары кезінде аталған қазба байлықтары табылмауы да мүмкін.

 

Салаға жеке құрылым қажет

Ғалымдардың пікірінше, геология саласын әу бастан өз алдына бөлек құрылым ету керек еді. Саланы қазір бірде ана министрлік, бірде мына министр­ліктің қарамағына өткізіп әлек. Бұдан даму болмайды.

«Бірнеше ұсыныс айтылды. Жеке құрылым болсын дедік. Қазіргі жауаптылар геологияны тек қазба байлықпен ғана байланыстырып жүр. Олардың ойынша, геология – пайдалы кен орнын табу керек. Ал оны табу үшін оған дейін қаншама жұмыс үдерісі бар. Мысалы, барлау, іздеу, зерттеу жұмыстары. Қазір байлық бірнеше метр жер астындағы терең қабатта жатыр. Бірақ осыған қаржы керек дегенде тағы қиналамыз. Инвестор қарастырсақ, отандық жеке серіктестіктердің бұған шамасы жетпейді. Болғанның өзінде немесе мемлекет қаржы бөлгенмен де барлау жұмыстарына 3-5 жыл мерзім ғана уақыт береді. Білесіз бе, бұл бір кен орнын анықтауға өте аз уақыт. Мұндай берілген мерзімде кен орны табылса, осы уақытқа дейін табар едік қой. Екіншіден, ғылыми зерттеу институттары ғалымдарының жобаларына грантты конкурссыз беру қажет. Ғылым дамымай, практикалық шаралар орындалмайды», дейді А.Жүнісов.

Ғалымның айтуынша, геология комитеті бүгінге дейін шамамен 18 рет әр түрлі салалық министрліктің құрамында болып келген. Өгей ұлдың күйін кешкен комитет бұдан кейін саланы дамытуға күш жұмсай ма, әлде анда-мұнда көшуге жұқартқан «жүйкесін» қалпына келтіре ме? Тоқ етері, ғалымдар да, сарапшылар да геология өз алдына министрлік не агенттік болып құрылуға тиіс деп отыр. Әйтпесе, алдағы он жылдықта жағдай тіпті күрделене түседі.

«Расы сол, бұлай жалғаса берсе, жерастынан қазба байлық түгіл, саланы түсінетін жетік маман таппай қаламыз. Өйткені енді ғана көңіл бөлініп, жалақы өсіп жатқанмен, мақсатты жұмыс әлі де жетіспейді. Гранттық жобаларға қолдау, жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас маманды жұмысқа қабылдау, оны тәжірибеден өткізу жағы кемшін. Мамандықққа қызығатын жас­тар қарасы да аз болып тұр. Геологтерге көрсетілетін құрметтің әлсіреуі салаға мықты мамандардың келуіне кедергі емес пе?», дейді А.Жүнісов.

Маман саланың кадр қажеттілігінің өткір екенін алға тартады. Әсіресе барлау жұмыстарына озық технологияны меңгерген жоғары білікті кадр тартпай, жаңа кен орнын ашу, сұранысқа ие пайдалы қазба қорын ұлғайту мүмкін емес.

 

Барлаудың бағасы

«Қазақстан жерінің асты толған қазба байлық». Жұрт санасын осындай пікір әлдеқашан жаулаған. Рас, байлық жеткілікті. Бірақ ол ендігі терең қабатта дедік. Қазына кілті – ұзақ әрі жүйелі барлауда. Екіншіден, біздегі жерасты байлықтары кешенді болып есептеледі. Мысалы, бір кен орнынан тек мыс ғана емес, алтын да, цинк та, вольфрам да, молибден де алуға болады екен. Мамандардың айтуынша, кеңес кезінде бір элементті ғана игеріп, қалғанына назар аудармайтын. Ал қазір бір жерден бірнеше пайдалы қазбалар тобы шығуы мүмкін. Бірақ бұл да үлкен ғылыми технология көмегіне мұқтаж. Оны жасайтын отандық ғалымдар бізде жеткілікті. Алайда түпкілікті қолдау мәселесі тағы да қаражатқа келіп тіреледі.

«Үкімет геологиялық салаға деген көз­қарасын түбегейлі өзгертуі қажет. Бірін­шіден, қаржыландыру деңгейін арттыру қажет. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда геологиялық барлауға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы аз. 1 шаршы шақырымға 8-11 доллар беріледі. Мысалы, Ресейде 1 шаршы шақырымға – 25 доллар, Өзбекстанда  – 98 доллар, Аустралияда – 167 доллар, Канадада 203 доллар бөлінеді. Екіншіден, жер қойнауын геологиялық барлауға жеке инвестиция тарту маңызды мәселе. Егер инвестор келіп, геологиялық зерттеумен айналыса бастаса, кейіннен өндіріске көшу арқылы сол аумақта геологиялық барлау жұмысын жалғастыра алатынына сенімді болуы керек. Соған рұқсат беру қажет. Дұрысы, кен табылған жағдайда ол инвестор оны игеруде де басымдыққа ие болғаны дұрыс. Сонда алға жылжу бола­ды», дейді республикалық тау-кен өндіру­ші және тау-кен металлургиялық кәсіп­орындар қауымдастығы атқарушы дирек­торының кеңесшісі Төлеген Мұханов.

Кенді барлау және игеруде заманауи инфрақұрылымды құру, жаңа техноло­гияларды енгізу, геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын ғылыми-әдістемелік және технологиялық тұрғыда жетілдіру қажет. Ал әзірге геологиялық барлау аймақтарына деген сенім деңгейінің төмендігі, жетілмеген мемлекеттік басқару жүйесі, жер қойнауын гео­логиялық зерттеуге ғылымның тартылмауы және жеке геологиялық барлау жұмыстарының төмендігі сияқты мәселелер сала сабырын тауысып тұр.

Геологтер сөзінше, пайдалы қазба­лардың нормативтік қамтамасыз ету қоры 45-50 жыл шамасында. Бұдан шығар қисын да түсінікті, геологияға жағдай жасау – көпжылғы тиімді экономикалық саясаттың кепілі. Қазба байлығың болса, қазына толы қазанның да түбі көрінбейді.