Тұлға • 18 Мамыр, 2024

Ераға тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ды басқарған Ержұман Смайыл тұрған үйдің қабырғасына (Астана қаласындағы «Самал» шағын ауданы) ескерткіш-тақта ілінді. Журналистер қауымы Ераға атап кеткен  Ержұман Смайылдың ұлт журналистикасындағы орны бөлек-тұғын.

Ераға тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы, ардагер журналистер, Ержұман Смайылдың отбасы, туған-туыстары қатысты.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Сауытбек Абдрахманов сөз сөйлеп, замандас әріптесі туралы естеліктерін тебірене жеткізді.

«Ержұман ағамыз «газетчик» ұғымын жоғары биікке көтерген адам. Сол арқылы мамандықтың мәртебесін асырды. Ол прозаға да барған жоқ, басқа жанрларға да қызыққан жоқ, тіпті Ерекеңнің алғашқы кітабы жасы елуден асқанда жарық көрді. Сонда да Ераға ерекше құрметтің иесі болды. Ұйымдастырушылық талантымен, өзгеге болсын деген өзгеше жомарт жүрегімен, жастарға деген қамқорлығымен көзге түсті. Бар өмірін журналистикаға, газеттің қара жұмысына арнаумен өтті. Сөйте жүріп БАҚ саласынадағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды», деді С.Абдрахманов.

Ф

Ал жампоз журналист Жарылқап Бейсенбайұлы жастар газеті «Лениншіл жасқа» қатар келгендерінЕржұман Смайылдың келе сала өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен ерекшеленгенін жеткізді.

«Лениншіл жастағы» мықты аудармашылар баспа саласына ауысып кеткен кез еді. Ержұман келе салып бірден аударма ісін алып кетті. Тіпті мәтінді бірден «диктовка» жасай отырып аударып тастайтын. Шаршамайтын, талмайтын Ержұман «Егеменде» де қара жұмысты атқарушы еді. Түнімен кезекшілікте болса да, таңертең жұмыста отыратын. Біз соған таңғалатынбыз», деді Ж.Бейсенбайұлы.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Ержұман Смайылдың өте сауатты редактор болғанына тоқталды.

«Ерекеңді қазақтың сөзін, бүкіл мақал-мәтелі мен фразеологиялық тіркестердің барлығының қалай сақталуын газет арқылы қалың қазаққа жеткізіп отырған тіл зергері деп айтуға болады. Адамдық қырына келетін болсақ, бір сөзбен айтқанда Ержұман аға «Egemen Qazaqstan» дейтін қадірлі де қастерлі қарашаңырақтың құты болды», деген Н.Жүсіп. 

Е.Смайылдың басшы мен тілшіні қатар қабылдайтын қарапайымдылығын, қай істе болсын елгезектік танытып ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүретінін айрықша атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы Ержұман Смайылдың мінезді адам болғанын, сол мінезінің арқасында елге қадірлі болғанын айтып өтті.

«Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойында қазақ журналистикасының корифейі Камал Смайылов «Басылым бастығына тартады» деп жазған еді. Сол сияқты «Egemen Qazaqstan» басылымы Ераға басқарған жылдары мінезділігімен халқына жақты, жақын болды. Егер ол кезде Ерағада мінез болмаса газеттің болмысы да басқаша болар ма еді. Сондықтан осындай мінезді ағамызға, елге, қазақ журналистикасына еңбегі сіңген Ерағаға осындай құрмет көрсетуді заңдылық деп есептеймін», деді Ғ.Іскендерұлы.

Қабырғадағы тақта бетін жауып тұрған ақ шүберекті сенатор Нұртөре Жүсіп пен қоғам қайраткері С.Абдрахманов түрді. Жиналған көпшілік қара мәрмәрға қашалған Ержұман Өтешұлының әппақ бейнесіне ұзақ қарап, көңілі бір марқайып қалды.