*Қызметкерлері баудай түсірілген француздық сатиралық журналдың жаңа нөмірі бүгін Мұхаммед пайғамбарға арналған кезекті карикатура суретпен қайта шығатын болды. Тиражы – 3 миллион дана. Бұған дейінгісі 60 мың ғана таралыммен шығып келген болатын. Сөйтіп, журнал шығарушылар қасіреттің үстінен де пайда көргісі келетіндей.
* Америкалық конгресмен Рэнди Уэбер АҚШ президенті Барак Обаманың Парижге терроризмге қарсы маршқа барудан бас тартуына «түсініктеме берді». Өкілдер палатасының өкілі өзінің пікірін білдіре келе, Обаманы Гитлермен салыстырды. «Тіпті, Адольф Гитлер үшін де Парижге бару (дұрыс емес себеппен болса да) маңызды болған еді», деп атап өтті республикашыл.
* Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика министрі Фарадж әл-Мазруи мұнай экспорттаушылар ұйымы елдерінің (ОПЕК) мұнай бағасын қорғауға қабілетсіз екенін мойындады. Оның сөзіне қарағанда, мұнай бағасын бірден көтеру еш мүмкін емес, бірінші кезекте оны қалыпты деңгейде ұстап тұруға күш-жігер жұмсалуы тиіс.
* АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын бүгінгі зейнеткер, бұрынғы мектеп директоры Гарольд Даймонд лотереядан 326 миллион доллар ұтып алды. Сексен жастағы «ақсақал» билетті май құю стансасынан кездейсоқ, яғни зайыбымен бірге жаңбырдан қорғану үшін кірген кезде 10 долларға сатып алыпты. Молынан салынатын салықтан қалған 130 миллион доллар қарияға қалай жұмсаса да жететіні анық.
* Қытай жақын уақытта қарулануға жаңғыртылған J-10В жойғыш ұшағын қабылдайтын болады. Жаңа үлгідегі ұшақ саны – 14. Алайда, Аспанасты елінің әскери-әуе күштері J-10В жойғыш ұшақтарының алғашқы полкін қашан жасақтайтыны белгісіз. Ал жаңғыртылған ұшақтар конвейерден 2013 жылдың желтоқсанында шыққан екен.
* Сүңгуірлер өткен жылдың желтоқсан айының соңында Яван теңізі акваториясында апатқа ұшыраған AirAsia әуе кемесінің екінші «қара жәшігін» де жер бетіне алып шықты. Енді «қара жәшіктер» екі апта бойы мұқият тексерілетін болады. Еске сала кетсек, апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының бортында 162 адам болған еді.
* Түрікменстанда бір жыл ішінде президент Гурбангулы Бердымұхамедовтің портреті шамамен екі есе қымбаттаған. Мұны «Хроника Туркменистана» хабарлады. Дерек көзі атап көрсеткендей, бір жыл бұрын портреттерді 16 манатқа сатып алу мүмкін болса, енді олардың әрқайсысы 33 манат (шамамен 10 доллар) тұрады екен. Басталған жылда жергілікті мектеп директорлары президенттің жаңа портреттерін сатып алуға міндеттеліпті.
* Ресейдің Калининград қаласында ескі Берлин көпірі опырылып түсіп, апат салдарынан өткелді бөлшектеп бұзып жатқан 4 жұмысшы қаза тапса, екеуі жараланған. Полиция қызметкерлері нысандағы жұмыстарды қандай құрылыс компаниясының адамдары жүргізгенін анықтау үстінде. Аталған көпір, тозығы жеткендіктен соңғы жылдары пайдаланылмайды екен. Сондықтан өткен жылдың қарашасынан бастап бөлшектеле бастаған. Ол 1938 жылы салыныпты.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде әзірленді.