14 Қаңтар, 2015

Жеңіске құрмет – өшпейтін өнеге

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_4656 «Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Осыдан 74 жыл бұрынғы сойқан соғыстың зардабы жойылып, заманымыз жаңарды, ұрпақ ауысты, орта толып, көңіл бүтінделді. Ол жақсы күннің сағаты соққанына биыл – 70 жыл. Бірақ, жүректен  жара жазылса да, жадыдан жаңғырық жоғалған жоқ. «Ешқашан соғыс болмасындейтін бейбітшіліксүйгіш халқымыз сол бір сұрапылдың ортасынан аман-есен оралған ардагерлерді құрмет тұтумен қатар, олардың өршіл, ержүрек рухын үлгі-өнеге тұтады. Ардагерлерді ардақтап, жас­тарды жігерлілікке шақыратын «Жеңіске –құрмет» марафоны Маңғыстау облысында жалғасын тапты. Толқыны тынымсыз ала­сұрған Каспий теңізінің жаға­лауындағы алаңға жеңіс қуаны­шына үн қосқан ұрпақ жиылды. Олардың арасында әскери қыз­мет­керлер, жас сарбаздар, қала тұр­ғындары мен билік өкілдері бар. – Халқымыздың ержүрек ұландары қан майданда ерлікпен соғысты. Ортақ жеңіске лайықты үлес қосты. Жүздеген қаһарман жауынгерлеріміз өз есімдерін тарихқа өшпестей  жазып кетті. Олардың ішінде маңғыстаулық батырларды біз мақтанышпен атаймыз. Бүгінгі игі шараның бас­ты себебі – «Жеңіске – құрмет» акциясы аясында барша ардагерлерге құрмет көрсету, ұлықтау, ерліктерін жастарға жеткізу, – деді әскери-патриоттық шарада сөз алған Маңғыстау облысы  әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов. Алаңда сап түзеген әскер­и­лер­дің, қылшылдаған жас жауын­герлердің өткеннің өнегесін жалғап, бүгіннің тыныштығын сақтап тұрған ерен күш – тәуелсіз Қазақстанның қалқаны екенін сезінесің. Шарада Ұлы Отан соғысының ардагері Бисен Боқаев азат еліміздің  бүгініне тәубе айтып, ертеңіне сенімін білдірді, сондай-ақ, береке-бірлікке ұйыған бейбіт өмір бесігінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Өңірдегі №390 теңіз жаяу әскерінің командирі, Ұлттық ұлан подполковнигі Е.Толықпаев екінші дүниежүзілік соғыс атанған алапатта  тайсалмаған боздақтардың рухына тағзым ету, олардың ерлік дәстүрін үлгі тұту қасиетті борыш екендігін айтып, ардагерлерге алғысқа толы лебізін білдірді. Замандарына тап келіп, бас­­тарына түскен зобалаңды қайыс­пай көтеріп, оны ерге тән қайсарлықпен жеңіп шыққан буын өкілі – майдангер Бисен ақсақал ұрпақ сабақтастығын үзбеу, ержүрек жауынгерлердің ерлік ісі мен өрелі ізін жалғау мақсатында ардагерлер атынан  Ақтау қаласы Әскери-теңіз инсти­тутының түлегі, аға лейтенант М.Баймұхановқа «Жеңіске – құр­мет» жалаушасын табыстады. Әскери шарада әсерлі әуенді құйқылжытып, әскери тәртіппен келісті би ырғақтарына тәнті еткен Ішкі істер министрлігі №6656 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан оркестрі әскери әуен әуелетіп, теңіз жаяу әскері бригадасының барлау ротасы әскери оқу-жаттығу қойылымдарын көрсетті. Алаңда Ақтау гарнизоны бастығының бұйрығымен  2000-ға жуық әскери салтанатты сап түзеді.  Қазақстанның шығыс, солтүстік, оңтүстік аймақтары арқылы Маңғыстауға жеткен акция осылайша шеру тартып, Алматыға қарай аттанды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.

Суретті түсірген

Талант ҚҰСАЙЫН.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстан экономикасы 3%-ға өсті

Экономика • Бүгін, 11:00