Қоғам • 20 Мамыр, 2024

«Соңғы қоңырау» күні мектептерді полиция бақылайды - ІІМ

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылының аяқталуына 5 күн қалды. 25 мамыр күні мектеп түлектері бұл күнді өз бетінше мерекелеу кезінде түрлі төтенше жағдайға тап болып жатады. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі әр мектепке жауапты полиция қызметкері бекітілгенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Соңғы қоңырау» күні мектептерді полиция бақылайды - ІІМ

Фото: azattyq-ruhy.kz

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, былтыр «соңғы қоңыраудың» ресми бөлігінен кейін мектеп түлектері іс-шараларды өз бетінше жалғастырған. Мәселен, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласының мектеп бітірушілері көлік тізгіндеп, төтенше жағдайға тап болған.

«Одан бөлек, балалар тыйым салынған жерлерде суға түсіп жатады. Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су айдындарының шомылуға жабдықталмаған жерлерінде жасөспірімдердің суға кету жағдайлары тіркелді. Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажетті нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз», деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Айта кетейік, салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайды. Сондай-ақ патрульдік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады.