14 Қаңтар, 2015

Асылдардың сынығы

324 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша Алматы қаласы білім департаментінің бастығы Гүлмира Исимбаева Парламент депутаты болды. Гүлмира кім? Ол еліне нендей еңбек сіңірді? Қандай ортада өсті? Президенттік-парламенттік биліктің бір бұтағы – Мәжіліс мінберінен ел тағдыры үшін орнықты ойлар мен өзекті ұсыныстар айтып жүрген депутаттың бойындағы асыл қасиеттің қайнар бұлағы қайдан?  1.Үйсінбай ма, Исимбай ма? «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бекерге айтылмапты. Мен мұны Тараз қаласының тұрғыны Қуанышбек Әлишеріұлымен әңгімелескенде байқадым. Ол айтқан мөлтек сыр халық қалаулысының атасы, әкесі және анасы туралы болғанымен, алпыс екі тамырды қуалаған қанда бар тамаша қасиеттің күндердің күнінде ел үшін еміреніп бір жерден жарып шығарын көрсетіп тұрғандай еді. – Гүлмира қарындасымыздың атасы Үйсінбай деген қария болатын. Бірақ кеңес өкіметі кезіндегі орыс тілді құжат толтырушылардың білместігінен Гүлмираның әкесі Естайбек ағамыз амал жоқ «Исимбаев» болып жазылып кете барды. Ал Үйсінбай қария өз заманының бақуатты адамдарының бірі болған. Сонымен бірге, іскер, қоғамшыл, ауылнай (старшын) қызметін атқарған көзі ашық кісі еді дейді білетіндер. Қазан төңкерісіне дейін Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылының батысындағы Көкдала деп аталатын шөбі шүйгін, көкорай шалғынды жайлапты. Сол жайлауға төрт әйелінің отауын төрт тараптан қондырыпты. 2.Әлишері мен Зиякүл Үйсінбай атамыздың бәйбішесі Ырысты әжеміз Қаратауды мекен еткен тілік руының төртсары атасынан шыққан атақты Жарас бидің қызы екен. Ырысты ана да алыс-жақынды өзіне тартып, икемдеп отыратын көпшіл кісі болған. Үйсінбайдың тоқалдарынан туған балаларын да жатырқамай: «Байдың ұрпақтары бір-біріне өгейлік танытпасын» деп, емшектен шығысымен өз бауырына басып, өз тәрбиесіне алуы, шынында да, естілік емес пе?! Әлбетте, өзі де бірнеше құрсақ көтерген. Солардың бірі менің әкем – Әлишері. Үйсінбай атамыз Әлишеріні бесікте жатқан кезінде-ақ Ырысты анамыздың немере бауыры Мойынбектің қызы Зиякүлге атастырып қояды. Ал жас­тары он екіге толғанда екеуін үйлендіру уақыты жетті деп шешеді. Көк шалғынға жұмыртқадай ақ отау тігіліп, келінді алып келетін күн де белгіленді. Қызық та тап осы кезде болады. Қалыңдықты алып келетін күні сәндене киінген Әлишері көгалда доп қуалап жүрген құрбыларының ойынына «тапсырма бойынша» сырттан қызықтап тұрады. Өйткені, доп қуу – үйленгелі отырған «жігітке» жараспайтын қылық. Бірақ балалардың бірі аяғына тиген допты қуалай жөнелгенде, Әлишерінің бір әзілкеш құрдасы: «Отауға тарт!» деп айқайлайды. Әлгі бала допты қуған күйінде, жас келінге арналған ақ отаудың алдынан бір-ақ шыққан. Әлишерінің «шыдамы» бұдан арыға жетпей, үстіндегі сәнді киімдерді лақтырып тастап, допты отаудың табалдырығынан кері қайтарып, балалық шақтың бал шырыны – ойынға араласып кете барады. Мұны көрген жеңгелері: «Келін түсіреді деген қайнымыз мына доп қуған балалардың қайсысы?» – деп сықылықтайды. Он екі жастағы жеткіншекті үйлендіру, балалықтың қайталанбас бал дәуреніне қиянат болатынын аңғарған Үйсінбай атамыз уәделескен уақытты бұзбай келінін түсіргенімен, отауға енгізбей Ырысты анадан туған Әуәш және Мінәш деген қыздарымен бірге туған қызындай үкілеп ұстайды. Осылайша, үш жыл өткеннен кейін Әлишері мен Зиякүл он беске толғанда Үйсінбай ұлан-асыр той жасап, жас жұбайлардың ақ некесін қиғызып, ақ отауға енгізеді. Міне, сол екі кісіден дүниеге келген Естайбек бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмираның әкесі. Жастай құрсақ көтерген келініне ауыртпалық салмауды ойлаған Ырысты ана Естайбекті өз бауырына басыпты. 3.Украин тілі және би Естайбек аға табиғатында ақкөңіл, қулық-сұмдықты білмейтін көпшіл, думаншыл адам еді. Бас қосқан қай орта болмасын  гитарамен ән салатын. Бишілік өнері де бар  еді. Талас өңірінен Жуалы ауданының орталығы Бурное селосына (Қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) қоныс аударды. Онда орыс мектебінде оқып, украин балаларымен бірге өсті. Сөйтіп, зерек бала орыс және украин тілдерін жақсы меңгеріп алды. Оның бұл қабілеті Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндері де кәдеге жарайды. Соғыс басталған жылы жасы он алтыға жаңа толған ол комсомол қатарына алынып, соңынан «жасым он сегізде» деп әскери комиссариаттағыларды сендіреді де майданға аттанады. Би өнерін де сол флотта жүргенде үйреніпті. Естайбек аға биді қалай үйренгені жайында былай дейтін. – Жеңістен соң матростар құрлыққа шақырылды. Біз де соғыс крейсерін тас­тап, жағалауға шығатын болдық. Бірақ крейсерде бір адам қалуға тиіс еді. Матростардың дені орыстар. Айтпақшы, корабль капитаны украин болатын. Капитан крейсерде қалуды маған тапсырып, басқа матростарға тез арада  жағалауға жетуді бұйырды. Тәртіп бойынша барлық теңізшілер кемені тастап кеткенше, мен палубада болуға тиістімін. Бұл бір долы дауыл өршелене соғып, үйдей толқындар палубаның үстіндегі заттарды жаңқадай лақтырған, алай-түлей сәт еді. Тағдырдың қандай қиындығы тап келсе де қарсы алуға іштей дайындалып, байланыс сымдары бекітілген діңгекті қапсыра құшақтап, жансыз бейнедей қаттым да қалдым. Шарасыздық пен жалғыздықтың өксігі көзден жас болып ағып, бетке шапшыған мұхиттың ащы суына араласып жатты. Теңізшілерді жағалауға шығарып салып,  корабль капитаны палубаны бір шолып өтті де, байланыс бағанасына жабысып тұрған менің қасыма келіп, оң қолын шекесіне қойып: – Теңізші Исимбаев, Отан алдындағы табандылық пен адалдығыңыз үшін алғыс білдіремін! – деді. Қарысқан қолымды діңгектен әзер ажыратып, шекеме көтеріп: – Кеңес Одағына қызмет етемін! – деп, украин тілінде жауап бердім. – Украин тілін қайдан білесің? – деп сұрады таңданғанын жасыра алмаған корабль капитаны. – Мен украиндықтармен бірге өстім, ең жақын бауырларым – украиндықтар болды! – дедім тағы да украин тілінде. Құтырған дауыл сөзімді естіртпей қоя ма деп, даусымды барынша қатты шығаруға тырыстым. Капитан жедел шешім қабылдап: – Кезекшілікті қабылдап ал! – деп қасындағы көмекшісіне бұйырады. Осыдан бастап жағалауда болған үш жылда капитан мені қасынан тастамайтын көмекші етіп алды. Мен одан көптеген украин билерін үйрендім. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім ал» дейді ғой қазақ даналығы. Тілдің де баға жетпес қазына екеніне Естайбектің көзі осы тұста анық жетеді. Ол қазынаның басқа байлықтан артықшылығы, қайда жүрсең де керек кезінде дайын тұрады. 4.Комсомолдық тапсырма, 25 сом және Өрікбала жеңеше Кейін Естайбек Үшарал ауылындағы орта мектепте орыс тілінің маманы болып, ұзақ жыл ұстаздық етті. Әрине, бұл орайда асыл жары Өрікбала Жүнісбекқызының отбасындағы орнын да ерекше айтқан жөн. Жаратылысынан сабырлы, әр нәрсеге байыппен қарап, бардың бағасын айыра білетін парасатты кісі Есағаны баласындай мәпелейтін. – Өрікбала жеңешем болмағанда ілім-білімнен аулақта, қойшы болып кетер ме едім, – дейді әңгімешім Қуанышбек. – Сегізінші сыныпты бітірген кезімде Үшарал асыл тұқымды қаракөл қой зауытының комсомол хатшысы шақыртты. Бұл 1963 жылдың жазы болатын. Ол мені  бірден кеңшар басшысы, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың кабинетіне алып келді. Онда кеңшар парткомы, жұмысшылар комитетінің төрағасы және кеңшардың бас зоотехнигі отыр екен. Сәлемнен кейін Әбекең: – Үшарал – киелі топырақ. Ол – еңбек майталмандарының кеніші. Ал ел ырысын асырып, берекесін көбейтетін мына сен сияқты жастар, – дей келіп, комсомол бригадасын құрмақшы екенін, сондықтан кеңшарға жас шопандар керектігіне тоқталды. Әлишері көкемнің келісімін алып қойса керек. Оның үстіне пакртком хатшысы да: «Ертеңгі Еңбек Ері сендерсіңдер, сонау Мәскеуге –Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сендер барасыңдар», деп қыздырмалатты. Ет пен терінің арасындағы желікке бұл қайрау дөп келді. Мен ыңғай берген соң «профком» да қарап қалмай, кәстөмінің қалтасынан 25 сомдықты шығарып: «Далада қойдың жауы қасқыр деген болады, мына ақша оқ-дәрі сатып алуға кәсіподақ атынан жас шопан ретінде саған берілген сыйлық, – деп менің алақаныма салды да: «Құтықтаймын!» деп қолымды қысты. Ол заманда 15 жасар жеткіншектің уысына түсе бермейтін 25 сомдық қағазды сығымдай ұстап, Өрікбала жеңешем сатушы боп істейтін дүкенге келдім. Менің көңілді түрімді көріп, жеңешем хал-жағдай сұрап жатпай-ақ: – Саған дайындап қойған едім, – деп алдыма екі бума кітаптарды қоя салды. Кілең 9-шы сынып оқулықтары екен. Бауын шешіп қарай бастадым. Қараған сайын, атақ-даңққа ұмтылған балалық көңілді енді ғылым хикметтері баурай бастады. Ақыры ғылымға деген құмарлық, кітапқа деген әуестік жеңді. Екі буманы арқалап үйге қайттым. Менің кітапқұмарлығыма сүйсінген Естайбек аға мен Өрікбала жеңешем ақылдаса келіп, тиянақты білім алуыма осылай көмектеспек болыпты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, журналист. Жамбыл облысы.  
Соңғы жаңалықтар