Кинематография әлеміне кездейсоқ келсе де, оның барлық жанрында бағын сынап жүрген режиссердің бірі – Еркін РАҚЫШЕВ. Дегенмен, табиғи талант иесі соңғы жылдары деректі дүниелерге де ден қойып жүргені белгілі. Желтоқсанның қарбалас күндерінде «Темір нарком Темірбек» атты картинаның тұсауы кесілді.
– Еркін мырза, аяқ астынан «Темір нарком Темірбек» деректі фильмін түсіруге не түрткі болды? Өйткені, сіздің шығармашылық жоспарыңыз өзгешелеу болатын?
– Өткен жылды біз тәуелсіздік үшін күрескен, қазақтың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығымен аяқтағанымызды білесіз. Осы мерейтойға байланысты Қызылорда облысының әкімдігі өздерінің жерлесі жайлы деректі фильм түсірмекші болып бастама көтеріпті. Шындап келгенде, фильм идеясының авторы – облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Деректі картинаны жасауға «Қазақфильм» киностудиясы да қолдау көрсетті.
– Тұрар Рысқұлов туралы, «Ашаршылық» жайлы деректі фильмдерді түсіргенде көптеген тың деректер тапқан едіңіз. Осы Жүргенов жайлы фильмде бұған дейін белгісіз болған деректер таба алдыңыз ба?
– Темірбек Жүргенов жайлы деректерді біз негізінен оның жүрген, қызмет істеген жерлерінен іздедік. Ол кісі Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан Республикаларының мәдениет және оқу министрі болып қызмет істеген. Сол себепті деректерді осы елдердің мұрағаттарынан, Мәскеуде ФСБ-ның мұрағатынан іздедік. Өзіміздің Президент мұрағатынан бір жақсы фото суретін таптық. КНБ архивінен Жүргеновтің тергеу барысында өз қолымен жазған құнды деректерді кездестірдік. Оларды әлі жариялауға болмайды екен. Архив қызметкерлері Темірбек Жүргенов пен әйелі Дәмеш Ермекованың төлқұжаттарын тауып берді. Бұл біз үшін үлкен олжа болды. Олардың төлқұжаттарында ұлы деген жерде Жұманазар деп жазылған. Жұманазар Темірбектің ағасы Ысқақтың баласы. Жүргеновтердің Шорабек деген баласы сәби кезінде шетінейді де, бұлар Жұманазарды қолдарына алады. Оны өз баласындай көріп өз аттарына аударған екен. Сол бала Темірбек Жүргенов атылып, әйелі Дәмеш Ермекова 8 жылға сотталып кеткенде ауылдағы ағайындарына келеді. Соғыс басталғанда 15-ке енді толған Жұманазар: «Мен сендерге әке-шешемнің халық жауы емес екенін дәлелдеймін» деп өзі сұранып соғысқа кетеді.
Тағы бір айта кететін жайт ФСБ архивінен Т.Жүргеновтің атылғаны туралы актіні алдық. Ол құжатта кімнің, қай уақытта атқаны, тағы да басқа деректер көрсетілген. 1937-38 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлеріміздің атылғаны туралы акті ФСБ-ның орталық архивінің ерекше бөлімінде сақталған екен. Оны көпшілік біле бермейді. Оны тек жақындарына ғана береді. Мен Тұрар Рысқұлов пен Темірбек Жүргеновтің актілерін туыстары арқылы алғаш болып алыппын. Басқа қайраткерлеріміздің ұрпақтары өздерінің әкелері, аталары жайлы актінің көшірмесін сол жерден алуға болады.
– Т.Жүргеновтің қазақ мемлекетінің қалыптасуына сіңірген еңбектері көп айтылады. Осыны деректі фильмде дәйектей алдыңыз ба?
– Біз қазақтың бірінші педагогикалық институты 1928 жылы Алматыда ашылған деп жүрміз. Шындығында, ол 1926 жылы Ташкентте ашылған екен. Оның бірінші ректоры болып Қазақ Халық Ағарту коммиссариатының бұйрығымен Темірбек Жүргенов тағайындалады. 1933 жылдары ашаршылық азабынан аман қалған қазақ ұлтына білімі мен мәдениетін, өнерін дамытып, рухын көтеретін адам қажет болды. Осы кезеңде Қазақ Халық Ағарту комиссары болып Темірбек Жүргенов сайланады. Жүргенов сол заманның өзінде де 4 жылдың ішінде 400 мектеп салғызып үлгереді. 1933-34 жылдар аралығында Алматы қаласының өзінде ғана 18 орта білім беру мектебін, сонымен қатар, 6 институт ашты. Абай опера және балет театрын, Құрманғазы ұлттық оркестрінің негізін қалап кеткен. Осының бәрі деректі құжаттармен айтылды.
– Т.Жүргенов Кеңес өкіметіне қызмет ете жүріп те, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын көксеген қайраткердің бірі. Сіздің деректі фильміңіз бұл туралы не дейді?
– Е.Брусиловский «Дүйім дүлдүлдер» деген еңбегінде мына бір оқиғаны еске алады. Темірбек Жүргенов бір мәжіліс өткізбекші болып қазақ тілінде жиналысты бастайды. Орыстардан Орлов және мен болатын. Бір кезде Орлов орнынан тұрып: «Темірбек Қараұлы, мен сіздің не айтып жатқаныңызды түсінбеймін. Сондықтан жиналысты орыс тілінде өткізуіңізді сұраймын», депті. Сонда Темірбек Жүргенов: «Орлов жолдас, сіз Қазақстанға қазақтың мәдениетін зерттемекші болып келген екенсіз, оны қазақ тілін білмей қалай зерттемекшісіз? Сізге тез арада қазақ тілін меңгеруіңізді міндеттеймін!» деген екен. Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған заманында өз тілін осылай қорғап, насихаттаған.
Темірбек Жүргенов Кеңес идеологиясына қызмет ете жүріп өзінің өмірін ұлттың рухын көтеріп, санасын оятуға арнаған. Қазақ даласын отаршылардан азат ету жолында күрескен батыр бабамыз Кенесары Қасымовтың өшпес ерлігін болашақ ұрпаққа жеткізу жолында еңбегі зор. 1934 жылы М.Әуезовтің «Хан Кене» деген пьесасын сахнаға алып шығуы сол заманда ерлікпен тең еді.
Біз архив құжаттарын зерттей келе бір қызық жайттарға тап болдық. 1930 жылдары қазақ даласында Кеңес өкіметінің озбырлық саясатына байланысты 370-ке тарта ірілі-ұсақты көтерілістер болған. Қарақұмда болған көтеріліс белсенділерінің арасында Т.Жүргеновтің әкесі Қара, бауырлары Досжан, Қосжандар болады. Ал бұл кезде Т.Жүргенов Өзбекстанда Оқу және Мәдениет комиссары болатын. Енді қараңыз, өзі Кеңес өкіметінің саясатын қолдап отырса, ал туыстары сол өкіметке қарсы күреске шығып отыр. Біз көп іздендік. Нәтижесінде Жүргенов сол Қарақұмдағы көтерілісті астыртын қолдап отырғанына көз жеткіздік. Т.Жүргенов Кеңес өкіметіне қызмет ете жүріп, Қазақстанды тәуелсіз егемен ел ету үшін күрескен қайраткер.
– Соңғы кезде қазақ киносы екі бағытта даму керек дегенді айтып жүрсіз. Сонда қалғаны қайда қалады?
– Біз қазақ киносын қанша сынағанмен, ашығын айту керек. Алға жылжу бар! Соңғы жылдары қазақ киносына кинотеатрларға халық бармайды деген пікір өзгерді. Тіпті, телеарналардан қазақ сериалдарын таңдап көретін болдық. Әрине, сол кинолар, сериалдардың бәрі жақсы деуге болмайды. Бірақ сан болса сапа болады деген қағиданы ескерсек қазақ киносының болашағы үлкен.
Меніңше болашақта біздің кино екі бағытта даму керек. Ол тарихи кинолар түсіру және қазақ киносын шет елге шығару.
Бүгінгі әлемді жаулап келе жатқан түрік, корей елдерінің режиссерлері де тарихи кинолар түсіруден бұрын әлеуметтік драма тақырыптарында кинолар түсіріп тәжірибе жинаған. Бізде де дарынды режиссерлер бар, олар да бұл белестен өтті. Енді тарихымызды халыққа жеткізетін тарихи кинолар түсіретін кезі келді.
– Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай, киногерлер арасында болсын, киносүйер қауым ортасында да қазір қандай фильмдер түсірілгені дұрыс және ол қалай түсірілу керек деген тұрғыда пікірталас жүруде. Сіз не дейсіз?
– Бұл дер кезінде айтылған өте құптарлық идея. Біз жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелейміз дейміз. Ал оның тарихын білмей отанды қалай сүюге болады. Бүгінгі күні тарихты кітап, журнал арқылы жастардың бойына сіңіре алмаймыз. Оның дәлелі бүгінгі Қазақстанның негізін қалаған, кезінде Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек жайлы не білеміз? Шынын айту керек ештеңе де білмейміз.
Керісінше кинолары шыққан Шыңғысхан мен Сұлтан Сүлейманның тай-тұяғына дейін білеміз. Тарихымыз бен тұлғаларымызды, батыр бабаларымызды дәріптеп, халықтың жүрегіне жеткізетін жол кино екенін түсінетін кез келді. Тарихымызды білу арқылы – ұлттың рухы көтеріледі. Жастарымыз батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігімен, төккен қанымен келген тәуелсіздігіміздің қадірін түсінеді. Тарихи киноның көтерер жүгі ауыр болғандықтан ол нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларға негізделіп түсірілуі қажет. Сценарийге, дайындық жұмыстарына аса мән беру керек. Сол Сұлтан Сүлейман, Құбылай киноларындағы ғимараттар, зәулім сарайлар қандай?!
Біз көшпелі халық болғанбыз деп тек киіз үйлерді көрсетіп құтыла салуға болмайды. Бізде де қалалар, өркениет болған, керек десеңіз, бүгінгі Кремль Сарайшық қаласының жобасымен салынған. Одан кейін киімге де ұсақ-түйекке дейін назар аудару қажет. Хандарымыз бен ханшайымдарымыздың, тақ мұрагерлерінің киімдері өз деңгей-дәрежесіне лайық болу керек. Сұлтан Сүлейманның әйелі Хюремнің киген киімдеріне қараңыз. Әр сериясында бірнеше киім үлгілерін киіп шығады және оны қайтадан кимейді. Ал онда жүздеген серия бар. Менің ойымша жақсы тарихи кино шығару үшін бір-екі жылдай дайындық керек. Бұл кино арқылы біз тек тарихымызды ғана емес ұлтымыздың мәдениетін, өркениетін, ұлттық құндылықтарымызды көрсетеміз. Меніңше, әзірше деректі киномен шектеле тұрған дұрыс сияқты.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.