32 мыңнан астам түлек өздері таңдаған мамандықты меңгеру мақсатында білімін жалғастырады. Әрбір жастың таңдаған мамандығын жан-жақты зерттеп, ата-анасымен кеңесе шешім қабылдағаны анық. Осы орайда бүгінде облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерге тапшылық бар екенін айта кетелік. Оның 100-ге жуығы құрылысы аяқталуға жақын 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, ангиохирург, онколог, патологоанатом, радиолог, травматолог, реабилитолог, эндокринолог, дермотолог, ЧЛХ, гематолог, гастроэнтеролог, тағы басқа да мамандарға сұраныс бар. Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылып та келеді. Өткен жылы 43 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды. Өңірдегі тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлініп отыр. Былтыр 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлу жоспарланған.
Жазғы демалысқа шығатын оқушылардың уақытты тиімді пайдалануына да мүмкіндік жасалмақ. Биыл облыста 45 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Жалпы, жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 7-еуі мемлекеттік болса, 15-і – жекеменшік. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог жұмыс істейді. Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуына қарағанда, 20 мыңнан астам бала ата-аналар есебінен ақылы демалады.
Ал «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстағы 3 421 оқушы Түлкібас, Төлеби аудандарының лагерьлерінде жазғы уақыттарын өткізеді. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 ерікті, облыстық колледждерден 80 студент өндірістік тәжірибеге тартылады. Сонымен қатар мектептер жанынан ұйымдастырылатын лагерьлерде жергілікті бюджет есебінен 10 000 оқушы жазғы демалыста болады. Жазғы маусым кезінде барлық мектепте спорттық командалар жасақталып, жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары, сондай-ақ Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек өңірлеріне саяхат ұйымдастырылмақ.
Түркістан облысы