14 Қаңтар, 2015

Маған бүтін Отан керек!

392 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_3171Жалаңаш Ықтасынын қоршап жатқан тал, ағаш, Қырқасының қызығы бір тарамас. «Кесіріңнен сақтай гөр» деп Жаратқан, Бесігімнен шешіп алған, Жалаңаш!   Сәби шақта жалау болған құт-мекен, Топырағың әруақты екен, құтты екен. Қалбалақтап қай қиырда жүрсем де, Таңдайымда дәмің қалған сүт-мекен!   Көмейіме бүлкілдетіп ән берген, Келген жанға кілкілдетіп дәм берген. Жағың семіп қалмасын деп тіл берген, Жолаушысын төрге оздырып, хан көрген.   Аруына мүсін берген, сән берген, Баласына бармақпенен бал берген. Шақалаққа бесік етіп талды өрген, Азаматқа мыңды айдатып, мал берген.   Көк аттыны басынбаған Жалаңаш, Басынан сөз асырмаған Жалаңаш. Жылқайдаров Мұқатайдай мұңданып, Аралдайын ашылмаған Жалаңаш.   Тартсаң-дағы тағдырдың сан ауырын, Тәкаппар ғып өсірдің сен тау ұлын. Мына сені сүйер мендей жан бар ма, Жалаңашым – бірге туған бауырым.   Самғағын деп қанат бердің, ат бердің, Сағат сайын аламанға сап келдің. Көмбеңді мен сан шаң қылдым, Көңілін, Табу үшін Жалаңаштай бапкердің!   Жалау алсам батыр болдым, бас болдым, Қажет кезде үйілген бір тас болдым. Қасқа туған қасқасулық досыма, Ауылымды айта-айта мас болдым.   Тезге түскен кезін көріп текті ұлдың, Таспен емес достарменен шеп құрдым. Қазығұрттың төбесіне шыққанда, Жалаңашым көріне ме деп тұрдым.   Топырағын сатқандардан безіндім, Атырабым өзіңді ойлап көз ілдім. О, туған ел, сені сүю арқылы, Бар қазақтың қасиетін сезіндім.   Айтпа маған бүгінгі ауыл дерегін, Естіледі бөлек дауыс, бөлек үн. ...Жұдырықтай жүрегімді қолға алып, Жұмыр жерден жұртымды іздеп келемін.   Жол Есей ЖЕҢIСҰЛЫНА Бақи менен фәни жалған арасы, Жанарымнан ағып тұр ма, қарашы? Жан сырымды саған айтқым келедi, Көлбастаудың көлтауысар баласы.   Жалаңаштан неге кеттiк екенбiз? Алматыға неге бiздер бөтенбiз? Құлындарын шығарып сап тұрғанда ел, Беттi сипап жүрiп кеттiк екеумiз.   Әкемiздiң басқан жерi тақ бiлем, Басымыздан неше айналды бақ күрең. Екеумiздi жолға салып жiбердi, Қара шалды орап кеткен ақ кiлем.   Қарайлаймыз өткенге де, кеткенге, Не жетедi әке иiсiн өпкенге? Жетi жаста жiгiт болдық екеумiз, Әкемiздi беткейге алып кеткенде.   Сапар шектiк бейбағыттау түзге ендi, Қалдырып сән бал-балалық iздердi. Алматыға лақтырып кеп жiбердi, Жүргiзушi әкесi жоқ бiздердi.   Көктемедi, қапелiмде күз келдi, Жан анамыз Жалаңаштан жүз келдi. Тағамызды қағып бердi тал түсте, «АНА» дейтiн үш-ақ әрiп бiздердiң.   Шалымыз жоқ, жоқ және де таяғы, Бұл сапардың қалай болады аяғы? Екеумiзге жалғыз ғана медетшi, Паспорттағы жалғыз сурет баяғы.   Туған өлке қалды сонау қыратта. Сүрiндiк те, алдық неше құлап та. «Әкесiз» деп мүсiркедi неше адам, «Жетесiз» деп айтқызбадық бiрақ та.   Жалған тағдыр жаралады жанымды, Қайқы өмiр сiмiредi қанымды. Жылап-сықтап барамыз бiз дөң жаққа, Ал құлпытас жаза ала ма тәнiмдi. Жүрегiмдi өртеп жатыр мұң-күйiк, Сол күйiктен жүрем кейде сыр түйiп. Әкесi жоқ адамдардың тағдыры, Әкесi бар адамдардан тым биiк.   *  *  * Адалдығы – пәк сәбидей, баладай, дарқандығы – далиған кең даладай, ақ көңілі – анам жайған өредей, тектілігі – төрде отырған төредей, бағбандығы – бал жинаған арадай, маған адал дос керек!   Күн туғанда ту түбінен ту алар, арғымағын жер шетінен суарар, Арал болсаң – ары бірге қуарар, тек жеңістен тұрмайды ғой бұл жорық, сәтсіздікте сабырына жұбанар, маған асқан бауыр керек!   Адырнасын ту сыртымнан атпайтын, алдаспанын тек жорыққа сақтайтын, есерлігін ерлігімен ақтайтын, шибөріше ши түбінде жатпайтын, жекпе-жектің кіргізетін шырайын, қан майданда қас жауын да сатпайтын, маған текті жау керек!   Жасын ұрса жар таба алмай тығылар, жүргендердің көздерінің сұғы бар, уысымда жүргендердің уы бар, туған елдің тұмасының суы – бал, жарым көңіл жалшының да бақыты – босағадан еркін еніп жығылар, таңбасы бар, картасы бар, Туы бар, маған бүтін Отан керек!   Түрікпен әуендері Замандарда сая таппай үріккен, Оғыз еді аттың басын іріккен. Қорқыт бабам қыл суырып күліктен, Қобызымен зар-мұңыңды иіткен, Сеңсеңдері сеңгірменен жарасқан, Тегі – Нұхтан, нәсілі – нұрдан түрікпен!   Қызыр кәрия жүріп өткен қырларды, Қауыс ұшып өткен сонау шыңдарды, Қияс құлаш ұрған толқын суларды, Аңызақ жел, аңқа кепкен құмдарды, Жырға қосқан – Нұрмұхамед Әндәліб, Ал Гарибтен аңыздар мен сыр қалды.   Маңайында ақ бидайы жайқалған, Тақымында ақалтеке найқалған, Иесі ғой Алабайы шайқалған, Қара-Мазы қалы кілем жайыңдар, Келді Әндәліб жырмен аңыз қайтарған.   Түрікпеннің бағы болған – Әндәліб! Күліктердің бабы қонған – Әндәліб! Әулие Аршак Парфиянға қалдырған, Рыцарлық сәні болған – Әндәліб!   Кеминенің тағдырынан таптым сыр, Мақамына ғашық етті Мақтымқұлы. Күллі түркі ұран қылған Қорқыттың, Қобызының ысқышынан жақтым жыр.   Қос өкпеден қызылбасты қысқанда, Оғыз ханның алты ұлы түсті алға. Күллі түркі бассыз қалды иықтан – Көрұғлы басың сенің ұшқанда...   Қадым заман қанша ханды қылғытты, Сырғақ уақыт сынаптайын сырғыпты. Чардағлы Чандыбилдің қамы үшін, Жығалыбек жылдарды алға жылжытты.   Қыпшақ пенен Ашхабадтың қалқасынан, Немесе сол Ғират таудан қан сасыған, Қол бұлғады Тоғрул бек, Алп Арслан, Солтансанжар сақилығын таныдым, Селжүктердің тасқа соққан таңбасынан.   Аққойлыны қарақойлы сатқан түн, Хазар жақтан жанжал отын жаққан кім?.. Тартысында патшалар мен шаһтардың, Қарпысында тайпалар мен таптардың, Әннің орын зар басқанда Әндәліб, Түрікпенді аңыздармен ап қалдың.   Әмірлік тақ тайған кезде тақымнан, Көне Үргеніш аңыз болып оқылған. Кілем болып жетті бізге сол шаһар, Мерв пенен Нұсайда да тоқылған.   Ұлыстарды қырық ру боп үріккен, Тасқа жазып, тарих етіп тірілткен, Түрікпеннің өз үнімен айтқанда – Енді қайтып Нұрмұхамед туылмас, Көк семсерін көршісіне суырмас, Бұлбұл ақын –міне нағыз түрікпен! Жанарбек ӘШІМЖАН, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.