Мәселе • 21 Мамыр, 2024

Ертістің балық қоры азайып барады

173 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Ертіс өзеніне су жылдағыдан көп босатылды. Мамандар жайыл­малардың шамамен 70-80 па­йызын су басқанын айтады. Бұл мол ырыз­дық балық ша­руашы­лы­ғына да оң әсерін тигізіп отыр­ғаны белгілі. Алай­да өзендегі су ма­құ­лықтарының қо­рына зиян келтіретін өзге фактор­лар да аз емес.

Ертістің балық қоры азайып барады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Балық ресурстарының азаюы­на кейінгі жылдары Ертіс өзені бойында суқұзғындардың қап­тап кеткені әсер етіп отырғаны белгілі. Облыс аумағында былтыр шамамен 12 мыңнан астам суқұзғын саналған. Олар күніне ең азы 5,5 тонна балық жейді. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Қанат Базарбай суқұзғындар санының күрт көбейіп кетуіне қатысты тұрғындар тарапынан шағым көбейіп тұрғанын жеткізді.

– Ересек суқұзғын – жас балықтарды қылғыта салатын жыртқыш құс. Үлкен балықтардың көбеюіне де зиян келтіреді. Бұдан бөлек, үйрек, құтан, бірқазан және т.б. құстардың табиғи көбею үдерісіне теріс әсер етеді. 2022 жылы облыс аумағын 4616 суқұзғын мекендейтіні анық­талса, 2023 жылы олардың саны 12090-ға жеткен. Аталған қауырсын қанат­тылардың біреуі тәулігіне шамамен 451 грамм балық тұтынады деп есептесек, облыстың су айдындарында олар күніне жалпы салмағы 5,5 тонна балықты жеп қояды деген сөз. Бұл – орасан зор шығын. Былтыр 923 құсты атып, жойдық, – дейді маман.

Жалпы, суқұзғынның нәжісі де қор­шаған ортаға өте зиян. Жасыл шөпке түссе, құрамындағы қышқыл оны солдырып тастайды. Бұл құстың өңірдегі популяциясын тиімді басқару және экожүйедегі тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін жауапты басқарма оның санын реттеу мен бақылауды қамтитын көпжылдық кешенді жоспар әзірлеп отыр. Биыл жоспарға сәйкес 2336 суқұзғынды жою көзделген.

Кейбір кәнігі балықшылар кейінгі жылдары Ертіс пен оған құятын шағын өзендерде балықтың айтарлықтай азайып кеткенін, мұның себебі шыбын-шіркейге қарсы шашатын препараттардың салдары дейді. Павлодар облысы аума­ғында шыбын-шіркейге қарсы өңделетін аумақтар жыл сайын еселеніп, оған ре­­кордтық сомада бюджет қаражаты бөлініп жатыр. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, биыл көктем мен жазда өңірде жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп. Басқарма басшысы сары маса мен шіркейлерге қарсы қолданылатын «Бактицид» биологиялық препаратының балық уылдырығы мен шабақтарына еш зияны жоқ деп отыр.

– «Бактицид» қансорғыш шіркей­лердің дернәсілдерімен, қансорғыш және қансорғыштар тобына жатпайтын масалардың әртүрлі түрімен, сондай-ақ күріш масаларының дернәсіл­дерімен күресуге арналған. Препарат барлық табиғи аймақта орналасқан балық ша­руа­шылығын қоса алғанда, барлық типтегі су айдындарында, сондай-ақ тұр­ғын үйлер мен өзге де ғимараттардың жертөлелерінде қол­данылады. Айта кету керек, baccillus thurangiensis негізіндегі препараттарда Diptera отрядындағы жәндіктердің дернәсілдерін ғана өлтіретін арнайы агенттер бар. Сондықтан препараттың гидрофаунаға ешқандай әсері жоқ. Атап айтқанда, балық, шаян тәрізділер, май шыбындары, көктемгі шөп­тер және басқа омыртқасыздар фау­насы, қосмекенділер, бауырымен жорға­лаушылар, сүтқоректілер мен құс­­тарға зиянсыз, – деп жауап берді Ә.Қа­былтаева.

Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мә­ліметінше, облыста Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан бөлек, 217 су айдыны жергілікті ма­ңызы бар балық шаруашылығы мәр­те­бесіне ие. Бүгінгі күні 67 су айдыны 40 пай­даланушыға бекітіліп берілген. Су айдындарының көбі Ақсу қаласы, Ақ­тоғай, Ертіс, Железин, Тереңкөл, Пав­лодар, Аққулы, Май аудандары аума­ғын­да орналасқанын атап өту қажет.

– Ғалымдардың пікіріне құлақ түрсек, балық ресурстары санының тө­мендеуі немесе өсуі – әр 5-7 жыл сайын қайталанып тұратын табиғи құбылыс. Балық ресурстарының көбеюін қам­тамасыз ету үшін жыл сайын басқарма маман­дарымен балықтандыру, су жа­нуарларының жауын азайту шаралары жүргізіледі. Ал ғылыми ұйымдар су пайдаланушылардың бекітілген су айдындарын тексеріп, биологиялық негізде­мелерді ұсынады. Ауыл шаруа­шылығы министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы №18-03/106 бұйрығымен су жануарларының бағалы түрлерінің тізбесі айқындалған. Аталған тізбе бо­йынша Павлодар облысының су айдындарында жыл сайын балық аулау лимиттері бөлінетін 10-ға жуық түрі бар, олар – көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, алабұға, торта, мөнқе, аққайран, табан, оңғақ. Сондай-ақ Ертіс өзенін еліміздің Қызыл кітабына енгізілген ақбалық пен сібір бекіресі және жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығы мекендейді. Жыл сайын балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарлары шеңберінде жануарлар дүниесін пайдаланушылар балық ресурс­тарын молайту жөніндегі іс-шараларды өткізеді. Мысалы, өткен жылы 13 пайдаланушы 64 240 мың дана тұқы балығын жіберген. Бұдан бөлек, «Қазақстанның су жолдары» РМҚК-нің Павлодар филиалы мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ бірлесіп, 129 083 дана тұқы шабағын Ертіске босатты. Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалы су тораптарына 1 млн-нан аса тұқы балығын жіберді. Осының барлығы судағы балық қорының балансын ұстап тұруға жеткілікті, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай.

Алайда өзен-көлдердегі балық қорын браконьерлерден қорғау іс-шараларына, шын мәнінде, көңіл толмайды. Су бойы­н толық бақылауға балық инспекциясы мамандарының әлеуеті тіпті жеткіліксіз. Бұл мәселені былтыр да газет бетінде көтергенбіз. Павлодар облысы бойын­ша балық инспекциясы бөлімінің штатында небәрі 9 мемлекеттік инспектор бар. Яғни бір қызметкердің құзырына 2 ауданды бақылау кіреді. Бір ғана Ертіс өзенінің аумағы – 72 мың гектар. Сәтбаев каналы 14,5 мың гектарды құрайтынын ескерсек, аз құрамдағы бақылау мекемесі браконьерлердің жолын кесуге қауқарсыз екенін байқауға болар. Уәкілетті органның ведомствосы аумақтық бөлімшелерді материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп, 2022-2023 жылдары екі дана JAC S5 авто­көлігін, әкімшілік материалдарды толтыру үшін электрондық планшеттер, нысанды киімдердің толық жиынтығын, жұмысқа қажетті арнайы құралдар (оксиметр, эхолот, бинокль, бейнежетон) сатып әперген. Биыл материалдық-техни­калық жағдайды жақсарту мақсатында моторлы қайықтар, қарда жүретін көлік­тер сатып алу жоспарда бар. Бірақ мекеме өкілдері штат саны кеңеймесе, жұмыс нәтижесі соншалықты артады деу қиын екенін айтады.

Әйтсе де, инспекторлар хал-қаді­рінше жұмыс істеп, заңды белінен басқан браконьерлерді құрықтап жатыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында балық аулау ережелерін бұзу бойынша 45 факті анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ал өткен жылы мұндай 167 факті тіркеліп, оның 18-інде заңның өрескел бұзылғаны белгілі болды. Былтыр балықты заңсыз аулағандар жалпы сомасы 3,1 млн теңге айыппұл төлеген. Екі қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен үш азаматтың 3 жылға бас бостандығы шектелді. Қылмыстық статистикалық деректер құқық бұзушылардың саны кейінгі 2 жылда азайғанын көрсеткен. Бұған азаматтардың балық аулау заңна­мала­рына бағына бастағаны және айыппұл мөлшерінің ұлғаюы әсер етті деп есептейді сала өкілдері.

Атап өтерлігі, биыл балық ресурс­тарын молықтыру мақсатында жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ұсынысымен Ертіс және Сілеті өзендерін, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерін балықтандыру жоспарланған. Бұл мақсатқа өңір бюджетінен 100 млн теңге бөлініп отыр.

 

Павлодар облысы