Сенат • 21 Мамыр, 2024

Сарапшылар клубының отырысы өтті

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата жанындағы Сарапшылар клубы отырысында елдің экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы өкілі Андрей Михнев және белгілі экономист Азамат Ағайдаров қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарапшылар клубының отырысы өтті

Фото: Н.Байбулин

«Президентіміз былтырғы Жолдауында экономикалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастырудың бағдарын белгілеп берді. Қазіргі уақытта бұл бағытта нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Мемлекет басшысы қол қойған Жарлық жеке меншікке қолсұғылмаушылықты, жеке кәсіпкерлік қызметінің еркіндігін және мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды қамтамасыз етуге арналған. Еліміздің алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуға қатысты ауқымды міндет тұр. Сондықтан бүгінгідей жаһандық тұрақсыздық жағдайында экономиканы дамытудың жаңа, стандартты емес тәсілдерін табу аса маңызды», деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара барысында қатысушылар Дүниежүзілік банктің баяндамасында айтылған зерттеу нәтижелері мен ықтимал тәуекелдерді талқылады. Бұл ретте сарапшылар экономикалық ынталандырудың баяулауы, экономикалық теңсіздік және ІЖӨ-дегі жалақының төмен үлесі сияқты мәселелерге баса назар аударды.

Клуб мүшелері көтерілген мәселеге қатысты пікір білдіріп, салық жүйесін жетілдіруге және ұлттық экономиканы басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналған ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ отырыста бірлескен жобаларды іске асыру барысы мен алдағы өзара іс-қимылдың форматы талқыланды.

Сонымен қатар кездесуде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева, Applied Economics Research Centre басқарушы директоры Евгения Пак, макроаналитик Аякөз Ханет және тағы басқа сарапшылар сөз сөйледі.

Сондай-ақ отырыста Клубтың жаңа мүшелері таныстырылды. Айта кетсек, Клуб құрылған төрт жылдан бері алғаш рет ротация жүргізіліп отыр. Нәтижесінде құрамының 60 пайыздан астамы жаңарды.