Қоғам • 22 Мамыр, 2024

Басты қатырған баспана... Әкім сірескен сеңді бұзуға кірісті

101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Баспана кім-кімге де керек-ақ, бірақ жойдасыз құрылыстың пайдасынан зияны басым. Оны кейінгі кезде біле бастадық. Қазір қала құрылысы төңірегінде түйткіл көп. Жақында қала әкімі Жеңіс Қасымбек қордаланған мәселелерді қорытып, нүктесін қойды. Бұлжымас тәртіп, қатаң тыйым енді күшіне енетін шығар.

Басты қатырған баспана... Әкім сірескен сеңді бұзуға кірісті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қаланың негізгі құрылыс компа­ния­ла­рының өкілдерімен кездестім. Оларға нақты міндеттер жүктедім. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда, нысанда заң­бұ­зушылықтар жойылғанға дейін жұмыс толығымен тоқтатылады», деді әкім.

Шаһардағы тұрғын үй түйткілдерін бір ауыз сөзбен сипаттау қиын. Өйткені бұл бағытта сан салалы проблема тіз­бегі самсап тұр. Әуелгісі – алдан­ған үлескерлер жайы. Қалада мемлекет есебінен 140-тан астам тұрғын үй салынған, онда 15,5 мың отбасы тұ­рып жатыр. Алайда 10 құрылыс нысаны әлі бітпеді. Сонымен қатар 10 жылдан бері пәтер кілтін табыстамай, 200-ден астам үлескерді үйсіз қалдырған екі құрылыс салушы компанияға («Astana Building» және «Нұрлы-Жол-К-2008») қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Жыл басында қала әкімдігі сапасыз құрылыс үшін 8 құрылыс салушыны лицензиядан айырғанын мәлімдеді. Ал наурызда тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан 33 тұрғын үй кешенінің тізімін жария етті. Сот шешімі бойынша компаниялар аталған кешендерде жұмысты тоқтатуға тиіс.

Саладағы тағы бір былықтың бастауы – құрылыс компанияларының заңсыз әрі жалған жарнамасы. Соған алданып қаншама адам баспанаға қол жеткізе алмай зар илеп жүр.

«Пайызсыз бөліп-төлеумен үй алуға болады деген жарнамаға сеніп, біраз жерді араладым. Компанияларда неше түрлі маман клиенттің 4-5 миллионнан басталатын ақшасын қағу үшін сендіріп бағады. Көрсететін құжаттары – Астана қаласы әкімінің келісімі, үй салуға рұқсат алғаны туралы қағаздар. Бір-екеуін заңгерлерге көрсетіп едім, келісімшартта қарапайым халықтың салған ақшасын үй бітпей қалған жағдайда қайтару жолы қиын дейді. Үйде бітеді деген уақытында бітуіне ешбір кепілдік жоқ. Үй салушы компаниялардың біреуі де ақшаны алар кезде нотариус арқылы келісімшартқа отырмайды. Сонда халық қолындағы бар жиғанын ешбір кепілдіксіз салып қойып, бітуін тілеп тақым қысып отыратын мұндай компаниялардікі не еркіндік?», дейді Тоба Өтепбай есімді желі қолданушысы пікірін ашына айтып.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың айтуынша, салада жүгенсіздік белең алып бара жатыр. Ол бірнеше тұрғын үй кешеніндегі мысалдарды алға тартады.

«Азия плюс» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатар кезде «Бизнес» сана­тын­дағы үй деп сатып, бірер жыл өткен соң пайдалануға қабылдау кезінде «Эко­ном» санатына ауыстыра салулары да мүмкін екен. «Успешный дом» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да алаяқтық іс әрекеттерге ұшырап отыр. Елдің бәрі білетін «Оазис» кешені туралы айтар болсақ, тіпті ұзақ әңгіме. Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзыретті орган көрмедік. Олар халықты ойлауға емес, халықпен ойнауға машыққандай көрінеді маған. Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да, іс қозғал­маған», дейді депутат.

Сенат депутаты Геннадий Шиповских сөзін құзыретті органдардың санай­ға­ғы­мен тұздықтап, сорақы дерек­тер­ді тізбеледі.

«2021-2023 жылдар аралығында құ­ры­лыс компанияларымен жасалған шарттың орындалмауына байланыс­ты үлескерлердің арыздары негізінде Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптарымен барлығы 45 қылмыстық іс тіркеліп, 4 734 үлескер зардап шекті. Олардың басым көпшілігі Астанада – 1 282 адам. Құрылыс компаниялары басшылығының заңсыз әрекеттерінен жалпы 55 млрд 264 млн теңге шығын келтірілді, олардан 20 млрд 281 млн теңге ғана өндірілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес 2019-2022 жылдар аралығында бір ғана елордада проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге, республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінген. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен Астана қаласында 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды», дейді сенатор.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сөзінше, жаңа проблемалық нысан­дар­дың  пайда болуына және құрылыс салушы­лар­дың заңнаманы айналып өтіп, үлес­кер­лердің қаражатын тартуына жол бермеу мақсатында Үкімет осы саладағы мем­лекеттік реттеуді күшейту жөніндегі түзе­ту­лерді әзірледі. Ол мынадай ты­йымдар:

  • Салынып жатқан көппәтерлі тұр­ғын үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
  • Үлескерлердің ақшасын заңсыз тарт­қаны үшін құрылыс жұмыстарын одан әрі тоқтата тұрып, айыппұл санкцияларын (300-ден 2000 АЕК-ке дейін) ұлғайту;
  • Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты болмаса, жарнамаға тыйым салу;
  • «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңын реттеу саласына «аз қабатты құрылыс» ұғымын енгізу;
  • Салынып жатқан тұрғын үй нары­ғын­да үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде ЖАО-ның мониторинг жүргізуі;
  • Салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелерді жүзеге асыру.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ендігі ретте құрылыс компанияларының ұзын арқан, кең тұсауына мықтап тосқауыл қойылады. Ең бірінші кезекте, осы жылдың маусым айынан бастап бірде-бір құрылыс компаниясы инженерлік желілер салынып жатқан немесе енді жобаланып жатқан учаскелерде жаңа нысандардың құрылысын бастай алмайды.

«Осыған дейін оларға желілердің құрылысы қатар жүріп жатқан учаскелерге тұрғын үй кешенін салуға рұқсат етілген. Бірақ нысандардың құрылысын аяқтау мерзімі желілердің уақытымен сай келмегендіктен, бұл мәселе тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Себебі нысандарды уақытша желілерге қосу керек болды. Енді алдағы уақытта қажетті желілердің, яғни электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, нөсер, тұрмыстық кәріз орнатылған учаскелерге ғана тұрғын үй кешенінің құрылысын бастауға рұқсат беріледі», деді.

Шаһар басшысы сонымен бірге қазір қалада 50-ге жуық нысан құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүріп жатқанын, егер компаниялар ескертуді елемесе, аталған нысан құрылыстары тоқтай­ты­нын айтты. Әкім қабылдаған үшінші шешім – қоқыс полигондарын жою мәселесі. Бұл ретте де кінәлі компаниялар анықталып, жауапкершілікке тартылады. Төртінші кезекте абаттандыру және тазалық тәртібін бұзған компаниялардың мәселесі майшаммен қаралады.

«Құрылыс компаниялары тек өз пайдасын ғана емес, сатып алушыларының да мүддесін  ойлауы керек. Сондай-ақ өздері салған тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандырып, көгалдандыруы қажет», деді Жеңіс Қасымбек.