Қоғам • 22 Мамыр, 2024

Құтқарушыларды іздеу қайта жанданды

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Майқайыңалтын» АҚ жер астына автобуспен бірге түсіп кеткен азаматтарды іздеу жұмыстарын қайта жалғастырды. Кәсіпорынның жаңа басшылығы ойық астында жатқан қос құтқарушыны қайтсе де іздеп табуға бел байлаған тәрізді.

Құтқарушыларды іздеу қайта жанданды

Фото: inbusiness.kz

Компания биыл ақпан айының соңында кеніштегі құрдымға құлаған автобус пен оның ішін­дегі екі азаматты іздеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік. «Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңадан тағайындалған директоры Қайролла Жүр­сінбаев 13 мамырдан бастап қос құтқа­ру­шыны іздеу жұмыстарын қайта жандандыру туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы құтқарушы Айдос Шай­мер­деннің жары Нұрсұлу Шаймерден хабарлады. А.Шаймерден – ойық ас­тында жатқан екі азаматтың бірі. Ол кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ал екіншісі – жедел автокөлік жүргізушісі Айып Тілеубергенов.

– 13 мамырдан бастап Айдос пен оның әріптесін іздеу жұмыстары қайта басталды. Отбасымыз бұл күнді ұзақ уақыт­тан бері тағатсыздана күткен едік. Құт­қарушылар жақын адамдарымызды тауып алатынына сенімдіміз. Кәсіпорын басшылығы айтқандай, ең әуелі ойық маңында кен жыныстарын қазу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының құтқарушылары іске кіріседі. Қазіргі уақытта жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бас директор Қайролла Жүрсінбаев жер астында жатқан қос азаматты тауып алған соң ғана шахта іске қосылатынын жеткізді, – дейді Нұрсұлу Шаймерден.

Ал «Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңа басшылығы іздеу-құтқару жұмыстары туралы ақпарат беруден бас тартып отыр. Тау-кен металлургиялық өнеркәсібінің салалық порталы metalmininginfo.kz хабарлағандай, «Майқайыңалтын» АҚ инвесторлары алтын кенішіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті бағалау, сондай-ақ іздестіру-құтқару шаралары мен кен өндіру жұмыстарын жалғастыру үшін «Алтыналмас АК» АҚ компаниясын тарт­қан. Соған орай 26 сәуірде жаңа директор тағайындалған. Жаңа басшылықтың алдында тез арада қос құтқарушыны тауып, өндірісті толыққанды іске қосу міндеттері тұр.

Бұған дейін де жазғанымыздай, Айдостың жары Нұрсұлу Шаймерден күйеуінің тірі екеніне ешқандай үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін айтады.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті