Ғылым • 20 Мамыр, 2024

Институттың бағдары айқын

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғылымды дамыту үшін ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жан-жақты жетілдіру қажет. Себебі жоғары оқу орындарының жанынан құрылған ғылыми-зерттеу орталықтары отандық ғылымның өркендеуіне еселі үлес қосып келеді. Нәтиже бар.

Институттың бағдары айқын

фото: bagnet.org

Ел үкіметі 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Соның негізінде денсаулық сақтау бағытында Астана медицина университетінің жанынан академик Е.Д.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институт негізінен ғылыми білім беру қызметімен қатар профилактикалық медицина саласындағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды әзірлеумен айналысады. Ал негізгі бағыттарының ішінде профилактикалық медицина саласындағы қолданбалы зерттеулер, медициналық және медициналық емес мамандарды оқыту, аурудың алдын алу және емдеу үшін жаңа қауіпсіз тамақ өнімдерін, фитопрепараттарды әзірлеу, ауруларды  алдын алу және қауіп факторларымен күресу, жасөспірімдердің, оқушылардың, студенттердің және халықтың басқа да нысаналы топтарын диагностикалау, емдеу жүйесін енгізу және жетілдіру сынды шаруалар бар. Осыған қоса институт халықтың дұрыс тамақтану және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі дағдыларын қалыптастыру бойынша көп деңгейлі коммуникациялық іс-шараларды енгізіп, халықтың денсаулығына, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне мониторинг жасайды. Халықтың санитарлық-гигиеналық сауаттылығын арттыру және қоршаған ортаны сауықтыру қағидаттарын әзірлеп, денсаулық және ауру механизмдерін, денсаулық жағдайының донозологиялық диагностикасын зерттеумен айналысады.

Осылардың ішінде өзекті мәселелердің бірі – дұрыс тамақтану. Атап айтқанда, мектеп жасындағы балалардың тамақтануы. Балалық шақта адамның ақыл-ойы мен денесінің бүкіл өмірлік қорының іргесі қалыптасады. Ал тағам –  қажетті қуат пен заттектердің алынатын жалғыз қайнар көзі. Астана қаласы Білім басқармасының ұсынысымен жас ұрпақтың сау, зерек болып өсуі үшін жас ерекшелігіне байланысты физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыратын мәзір жасалды. Мектеп жасындағы балаларда қарқынды өсу, қаңқа мен бұлшық еттің ұлғаюы байқалады. Жасөспірімдердің жыныстық жетілуіне байланысты қарқынды гормондық қайта құрулар, барлық жүйелер мен ағзаларда сапалық өзгерістер білінеді. Сол үшін де біз ұсынған мәзірдің қоректік құндылығы жоғары, яғни, пайдалы заттектерге, дәруменге бай. Ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары профилактикалық медицинаға көп көңіл бөледі. Созылмалы ауруларды зерделейді.

Әйгілі ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», деді. Иә, ғылым-білімнің дамуына білек сыбана кірісетін мезгіл таяды. Академик Е.Д.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының мамандары да елдің саулығы жолында аянып қалмайды. 

 

Сымбат СЕРІКБАЙ,

Астана медицина университеті, академик Е.Д.Даленов

атындағы профилактикалық медицина

ҒЗИ аға оқытушысы.