Бокс • 22 Мамыр, 2024

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубы базасында Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық қаһарманы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара басталмас бұрын ұйымдастырушылар, спортшылар, курсанттар Құрлық әскерлері әскери институтындағы даңқты батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің мәліметіне сілтеме жасап.

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр

Фото: gov.kz

Салтанатты ашылуында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов: «Атақты батырдың құрметіне арналған дәстүрлі турнир биыл 27-ші рет өткізіліп отыр. Сағадат Қожахметұлы еліміздің Қарулы күштерінің бастауында тұрған тұлға. Ол өз өмірін туған Отанына қызмет етуге арнады. Біз үшін ол қаһармандықтың, жанқиярлық пен әскери борышқа адалдықтың үлгісі», деп атап өтті.

Әкесінің құрметі мен аға буынның ерлігін ұлықтау үшін жасалып жатқан іс-шараларға батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова отбасының атынан ризашылығын білдірді.

«Бұл күндері өтіп жатқан іс-шаралардың бәрін майданда қан төккен ардагерлер мен Жеңісті жақындату жолында тылда тер төккен жандардың барлығына құрмет деп білемін. Әкем өз елінің нағыз патриоты болды. Ол үшін Отанға пайдасын тигізу үлкен бақыт болатын», деді Айсұлу Сағадатқызы.

Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінен барлығы 21 команда құрамындағы 150-дей боксшы жұдырықтасатын байрақты бәсеке төрт күнге созылып, 25 мамырда аяқталады.