Өндіріс • 23 Мамыр, 2024

Болашақтың іргесін бекемдеген кәсіпорын

93 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы кірпіш зауыты бір жылдың ішінде өндіріс көлемін 16,5 пайызға өсіріп, 4,3 млрд теңгенің өнімін дайындады. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 629 млн теңгенің өнімі шығарылды.

Болашақтың іргесін бекемдеген кәсіпорын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еліміздегі құрылыс саласының өркен­­деуі­не үлкен үлес қосып отырған зауыттың жоба­лық қуаты – жылына 90 миллион дана кір­­піш. Зауытта құрылыс нысандарын қаптай­тын керамикалық кірпіш те шығарылады. Сондай-ақ құрылыс блогін де өндіреді. Пішіндері де әрқилы. Құрылысшылардың қалауына орай кірпіштің алпыстан астам түрін өн­діріп жатыр. Технологиялық желі әр алуан бояумен боялған сапалы кірпіш өндіруге толық мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорын өнімдері өңірдің ғана емес, еліміздің құры­лысшыларына кеңінен танымал. Іргедегі Ресейдің көршілес аймақтары да сапалы өнім шығаратын зауыттың кірпіштерін ат-түйедей қалап алады.

– Бір жақсысы, кірпішке қажетті балшық өңірімізден өндіріледі, – дейді өндірістік цехтың басшысы Ерлан Мырзағалиев. – Қазіргі күні қызғылт балшық пен каолин бес карьерден алынып жатыр.

см

Зауыттың ашылуы құрылыс қар­қынын үдетумен қатар, облыс орта­лы­ғының әлеуметтік-экономикалық дамуы­на тәп-тәуір септігін тигізіп жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Шетке шикізат шығарумен ғана шектеліп қалмай, бар дүниені кәдеге жаратып, өз өнімімізді өндіру тұрғысынан келгенде салық төлеу есебінен өңірдің шырайлануына үлес қосып отыр. Шын­туайтында, зауыт еліміздегі құры­­­лыс саласының дамуына, сондай-ақ ин­новациялық бағыттың кеңеюіне өз үлесін қосып келеді. Қоршаған ортаға кесірін тигізбеу жа­йын көбірек ойлайтын кәсіпорынның өнімдері жоғары талапқа сай. Сон­дықтан да сұраныс көп.

– Кірпішті күйдіру кезінде сығым­дал­ған газ пайдаланылады, – дейді Ербол Манасұлы. – Бұл экологиялық жағынан тиімді әрі өнім сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Сапамен бірге қоршаған ортаға зияны жоқ.

Сөз арасында зауыттың өрлеу жолы туралы да айта кетуге болар. Зауыт ал­ғашқы өнімін сонау 2010 жылдың жел­тоқсан айында шығарды. Жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін өнім көлемін біртіндеп көбейте бастады. Алға қойған мақсатты орындау барысында инвестициялық жоба толық жүзеге асты. Техникалық жағынан заман талабына сай жарақтандырылған. Осының арқасында сапалы өнім шы­ға­рып, бәсі жоғары бәсекелестіктің қатал тезіне төтеп беруде. Сапаға мән бергендіктен, «ENKI» сауда мар­кісі еліміздің және алыс-жақын ше­тел­дің құрылыс саласында бірден та­ны­мал болды десек те артық емес. Зауыт­тың кеңсесінде алыс-жақын шетел құ­ры­лыс­шыларының өнім сапасы туралы өзіндік пікірлері мен Алғысхаттары ілулі тұр. Осының өзі-ақ жергілікті жер­дің өніміне берілген лайықты баға деп айтуға болады.

Қазіргі күні кәсіпорында 240 адам еңбек етеді. Облыс орталығындағы «Қол­жетімді баспана – 2020-2025» бағ­дар­ламасы аясында салынып жат­қан тұрғын үйлер негізінен осы кәсіп­орын­ның өнімімен салынып жатыр.

– Біз жерлестеріміздің әлеуметтік мәселесінің оңынан шешілуіне сеп­ті­гімізді тигізіп жатырмыз, – дейді өн­ді­рістік цехтың басшысы Ерлан Мырзағалиев. – Атам қазақта «үй болмай, күй болмайды» деген аталы сөз бар. Егер әрбір тұрғынның басында сәулетті бас­па­насы болса, көңіл күйі де көтеріңкі болар еді.

Айтуына қарағанда, қол жеткізген табыстарын місе тұту ойда жоқ. Басты мақсат – ілгері даму, оның ішінде қа­рыш­тап дамыған бүгінгі күннің талап деңгейінен табылу. Сондықтан итальяндық СМАК фирмасының техно­ло­гиялық желісі арқылы кірпіштерді сәулелендіру, өрнек салу қолға алынған. Өз кірпіштерінен салынған ғимараттар көз жауын аларлықтай әдемі болып тұрса, бір ғанибет емес пе?!

– Кәсіпорында негізінен жергілікті жастар жұмыс істейді, – дейді цех жұмыс­шысы Қанат Хасенов. – Әлеу­мет­тік жағдайымызға көмектеседі. Жала­қы­мызды уақытында алып тұра­­мыз. Жаңа келген жастарға тәлім­­­герлік жасап үйретеміз. Жас тол­­­қынның бо­йында еңбекке деген құлшыныс бар. Осы еңбегіміздің нәтижесін өзіміз тұратын қаладан күнде көріп жүрміз. Сәт санап жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп келе жатқан құрылыстарды көргенде, осы нәтижелі істе біздің де еңбегіміз бар деген ой санамызға келгенде, кеудемізді қуаныш кернейді.

Енді бір ауыз сөзбен өнім географиясы туралы таратып айта кетелік. Зауыттың сапалы кірпіштері еліміздің барлық облыс орталығына таратылады. Омбы қаласына да жеткізіледі. Зауыт басшыларының айтуынша, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Сұраныс өскен сайын өнім көлемін де көбейту қажет. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін кәдімгі кірпіштің бүгінгі көлеміне тағы да
30 млн дана өнім қосылмақ.

Ұйымшыл кәсіпорын бола­шақ­тың іргетасын қалауда жауапкершілікті басты орынға қойып отыр.

 

Көкшетау