Пікір • 23 Мамыр, 2024

Қажет құжат

57 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

Қажет құжат

Фото: sputnik.kz

Құжатқа сәйкес 7 кодекс және 13 заңға өзгерістер енгізілді. Соның ішінде Қазақстанға кіруге тыйым салу, балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақ­ты тұруға және біздің азаматтығымызды алу­ға рұқсат беруден бас тарту, шетел­дік­тер­дің экстремистік немесе террорис­­тік әрекеттерге қатысы бар екені туралы мәліметтер болса, елге кіруге ты­йым салу бойынша нормалар енгізілді. Соны­мен бірге ұйымдасқан топтардың көш­бас­шылары, ауыр қылмыстары үшін сот­талған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын негіздер қатаңдатылды.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға жаңа баптар енгізілді. Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Отбасы институтын нығайту мақсатында енді Қазақстанға келуге визаны ресімдеу кезінде отбасы мү­ше­лерін қаржылық тұрғыда қамта­масыз ете алатынын не ша­қырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға ғана қатысты болып келген еді. Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары кеңейтілді. Олар қажетті кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай беріледі. Сондай-ақ бірнеше визасы бар инвесторларға елде тұрақты тұру үшін жағдайлар кеңейтілді.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дарға Қазақстанда тұрақты тұру­ға рұқ­сат беруден бас тарту немесе рұқ­сат­тың күшін жою үшін қосымша негіздер әзірленді. Ал қажетті кәсіптер тізбесі не­гізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, бірақ бір жылда 183 күн ішінде маман­ды­ғымен жұмыс істемегендердің рұқсаты өз күшін жоятынын да айта кету керек. Бұдан басқа көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылғандардың тұрақты тұруға рұқсаттан бас тартатын немесе күшін жоятын мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім «жыл ішінде» деп айқындалды. Ел аумағында 183 күннен аз тұратын адамдарға тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою шарттары нақтыланды. Іссапар, оқу, ауру және басқа да нақты себептер болса, шетелдікке тұрақты тұруға берілген рұқсат өз күшін жоймайды.

«Азаматтық туралы» заңда азамат­тық­қа қабылдаудан бас тартудың негіз­­дері енгізіліп, нақтыланды. Мыса­лы, мем­ле­кет­тік тілді қарапайым деңгей­де, елі­міз­дің тарихы мен конститу­ция­сының не­гіз­дерін білмеген жағдайда азаматтық бе­ріл­мей­ді. Қажетті деңгейді Ғылым және жо­ғары білім министрлігі айқындайды.

Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздеп отыр. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Айта кету керек, бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге негізделген. Көптеген елде аза­маттық алу үшін мемлекет та­ри­хы мен мемлекеттік тілді білу бо­йын­ша емтихан тапсыру қажет. Мы­са­лы, Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мә­де­ниеті мен дәстүрлерін сақтау­ға жо­ғары талаптар қойылады. Канада­да та­рих­ты және жергілікті тұрғын­дар­дың мін­деттерін білу, сондай-ақ провин­ция­ға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білетіндігін растайтын тест тапсыру қажет. Түркияда азаматтық алу кезінде жалпыға ортақ негізде түрік тілін міндетті түрде білу қажет.

Қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айыру­дың жаңа негізі енгізілді. Қазақ­стан азамат­тығын алғаннан кейін басқа мем­лекеттің паспорттарын пайда­лан­ған жағдайда біздің еліміздің азамат­тығы тоқтатылады. Бұған дейін шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығы тоқтаты­латын. Сонымен қатар «Төтенше жағдай туралы» заңға қолданылу мерзі­міне қарамастан, төтенше жағдай кезін­де жеке басты куәландыратын құжат­тар­дың және өзге де құжаттардың жарам­ды­лығын көздейтін нормалар ен­гізілді. Сондай-ақ заңнамалық деңгей­де интегралды микросхемасы және сәйкес­тендіру нөмірі бар құжаттар тізбесі босқындарға берілетін «жол жүру құжатымен» толықтырылады.

 

Аслан АТАЛЫҚОВ,

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы