Аймақтар • 23 Мамыр, 2024

Құлсары: Береке бастауы – келісім

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құлсары қаласының тұрғындары жақында Жылыой аудандық әкімдігінің алдына жиналған еді. Күн тәртібіндегі мәселе – тасқын су басқан тұрғын үй үшін лайықты өтемақы алу.

Құлсары: Береке бастауы – келісім

Фото: t.me/qr_tjm

Бір күнде баспанасынан, дү­ние-мүлкінен айырылған тұр­ғын­дар жанайқайын жергі­лік­ті атқа­ру­шы органға жеткізу үшін осындай қадамға барды.

Әкімдік ғимаратының ал­дын­дағы алаңға жиналған тұр­ғын­дар­дың талабын алдымен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қара­жанов тыңдады. Кейін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Құл­сарыға арнайы барды. Бір күннен соң облыс әкімі Серік Шәпкенов құлсарылық тұрғындармен кездесті.

Облыс әкімі шырылдаған тұрғындарға келтірілген шы­ғын­ды төлеу­дегі ерекше­лік­тер­ді түсін­дірді. Әкімнің айтуы­на қарағанда, апатты деп таныл­ған, жөндеу жүргізуге шешім қабылданған үйлер үшін өтем­ақы беріледі. Бірақ өтемақы да, за­лал шығыны да нарық баға­сы­на сәйкес төле­неді.

«Барлық зардап шегушіге бірдей сомада өтемақы беру мүмкін емес. Бағалау кезінде көп­теген параметр, атап айтқанда, құрылыс материалдарының сапасынан бастап үйдегі есік­тің санына дейін ескеріледі. Сон­дықтан апатты үйді жөндеу және төлеу сомасы әртүрлі болады. Қа­зір үйді тұруға жарамсыз деп таныған кезде орташа өтемақы бір шаршы метр үшін шамамен 200 – 240 мың теңге аралығында белгіленді», деді С.Шәпкенов.

Әкімнің дерегіне сүйенсек, қазір Құлсары қаласындағы тас­қын су басқан үйлерді бағалау жұ­­мысы жалғасып жатыр. Оны осы аптаның соңына дейін аяқ­тау жоспарланып отыр. Ал жыл­­­жымай­тын мүлікті бағалау комис­­сия­сына 2 727 өтініш түс­кен.

«Тасқын су басқан 1 мыңға жуық үй апатты деп танылды. Қазір 500 тұрғынға бағалау қорытындысы туралы ақпарат берілді. Оның ішінде апатты үйдің 105 иесі, баспанасына күрделі жөндеу жүргізілетін 53 тұрғын өтемақы сомасына келі­сіп, келісімшартқа отырды. Тұрғын үйлерді бағалау осы апта­ның соңына дейін жүргізіледі. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жүр», деді облыс әкімі.

Аудан орталығы – Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында 70 үйдің құрылысы басталды. Бұл шағын ауданда 150 үй салу жоспарланып отыр.

«Тасқын судың салдарынан зардап шеккен 301 кәсіпкерден кел­тіріл­ген шығынды өтеу жө­нін­де өтініш түсті. Зардап шек­­кен кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы ашылды. Ал тұр­ғындардан мүліктік залалды өтеу­­­ге 2 707 өтініш түсіп, оның 416-сының қорытындысы дайын бол­ды. Мүліктік залал үшін 150 айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде өтемақы беріледі», деді С.Шәпкенов.

Жылыой аудандық кәсіпкер­лік және ауыл шаруашы­лығы бөлі­мінің басшысы Нұртас Қуатбаев­тың мәліметінше, тас­қын судың салдарынан тұрғындар ие­лігіндегі 876 мал мен 532 құс өлгені анық­та­лып отыр. Осыған байланысты аталған бөлімге 101 өтініш түсіпті.

«Су тасқыны кезінде өлген малдың ішінде 697 қой-ешкі, 93 мүйізді ірі қара, 55 жылқы, 31 түйе және 532 құс бар. 20 мамыр­дан бері 23 тұрғынға өлген малына жалпы сомасы 25,6 млн тең­генің өтемақысы төленді. Енді 78 тұрғынға өтемақы мамыр­дың соңына дейін төленеді. Өтем­ақы­ның жалпы сомасы 93,5 млн теңгені құрайды», дейді Н.Қуатбаев.

Құлсары қаласына төтенше жағдай енгізілген 4 сәуірден бері 1 мың тоннадан аса гуманитарлық көмек жеткізілді. Осындағы ерік­тілер штабының жетекшісі Жанаргүл Шарғабаеваның айтуынша, гуманитарлық көмек орталығында азық-түліктің мол қоры бар. Азық-түлікті 60-қа жуық ерікті тұрғындарға таратып жүр.

«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік ар­найы кестеге сәйкес таратылады. Қазір 500-ге жуық отбасын қажетті заттармен қамта­ма­сыз етіп отыр­мыз. Жақында 20 тонналық жүк көлігімен гу­ма­нитарлық көмек жеткізілді. Оны 4 пункт арқылы таратуды қолға алдық. Қазір ұн, мұз­да­­тылған құс еті, жұмыртқа, жарма, жаялық пен төсек жабын­дысы секілді азық-түлік пен қажетті заттардың қоры жинақталды. Құлсары қала­­­сына ұзақ сақталатын азық-түлік, гигиена­лық құралдар мен тұрмыс­тық химиялық заттар облыс орталығынан жеткізіліп жатыр», деді Ж.Шарғабаева.

Міне, Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою мақса­тында осындай жұмыс­тар іске асырылып жатыр. Мұның бәрі зардап шеккен тұрғын­дар­дың қалып­ты тірлікке оралуына ықпал ету үшін қолға алынған. Кеше Жылыой ауданы әкімдігінің алдында бірнеше күн тұрған құл­са­рылық тұрғындар тарады. Мұны аудандық әкімдік тұрғын­дар­дың су басқан үй үшін бері­летін өтемақыға байланыс­ты жұмыс­тар­ға түсіністікпен қарауы деп бағалады.

 

Атырау облысы