Астананың табиғаты жағажай туризміне жайлы деп айта алмаймыз. Шілде, тамызда күн әдеттегіден қатты жылынбаса, басқа мезгілдерде ауа райы қоңырсалқын, ал қысы қатал. Әйткенмен, қонақтар сол екі айды тиімді пайдаланып, қала мен жақын ауыл-дарға ағылады. Астанаға келіп, Көкшенің, Бурабайдың табиғатын тамашалауға қалатындар бар. Ресми мәліметтерге үңілсек, былтыр Астанаға туристер алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға (1 324 047) көп келген. Мұнда ішкі туристердің үлесі – 1 036 921 адам болса, шетелдік туристердің саны – 287 126. Біздің білуімізше, бұл – Астанаға сапарлап, қонақүй жалдаған туристердің үлесі. Бейресми бірнеше күнге келіп-кеткен қонақтардың ағынын дәлме-дәл айту қиын болғанымен, ресми статистика да шындыққа жақынырақ болса керек.
Қаладағы 257 қонақүйдегі 9 439 бөлме 17,5 мың төсек-орынға шақталған. Осы қатарда 5 жұлдызды – 8 қонақүй, 4 жұлдызды – 11 қонақүй, 3 жұлдызды – 5 қонақүй, категориясыз 205 қонақүй бар. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр 3-тоқсанда Астана қонақүйлерінің орташа толымдылығы 30,1%-ды құраған. Қалада туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде «Red Bus» экскурсиялық автобустары қатынайды. Мұндай автобустар аудиогидтермен жабдықталған. Экскурсия туристерге 8 тілде қолжетімді. Қаланың көрікті жерлеріне сапарлауды ойлаған туристерге «Astana City Pass» туристік картасын сатып алуға болады. Бұл алдымен қонақтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Турист картасы қаладағы 11 мәдениет нысанына 70%-ға дейін жеңілдікпен баруға мүмкіндік береді. Карта құны 24 сағатқа 9 990 теңге, 72 сағатқа 13 990 теңге шамасында шығады.
Астана қаласы бойынша аудиотурлар izi.TRAVEL халықаралық платформасында қолжетімді. Онда елордадағы 164 көрнекті нысан бойынша экскурсия жүктелген. Туристерге арналған қызметті жақсарту мақсатында visitastana.kz ақпараттық жүйесі құрылған. Aviata.kz-пен интеграцияланған сервисте әуе билеттерін сатып алуға болады. Қонақүйді Booking халықаралық сервисі арқылы алдын ала жалдауға мүмкіндік бар. Қалада өтетін ауқымды іс-шараларға да осы жүйеден билет алуға мүмкіндік бар. Visit Astana брендін қонақтарға мейлінше тынытуды ойлаған қала әкімдігі «visitastana.kz» брендтік киім өндірісіне жәрдемдесуге ниетті екенін байқатып отыр екен.
Қалаға келген туристер жиі баратын нысандардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Ұлттық мұражай, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық мешіт, «Хан Шатыр», ЭКСПО, Конгресс орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Ailand» отбасылық демалыс орталығы, «Астана балет» театры бар. Астанада жыл сайын орта есеппен алғанда 2 мыңға жуық іс-шара өтеді. Қала жылдан-жылға Орталық Азияның іскерлік хабы ретінде дамып келеді. Туристер жиі келетін елдердің қатарында Ресей, ҚХР, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ тұр. Былтыр теміржол ағыны шамамен 5,5 млн адамды құрап, жолаушылардың 4%-ға көбейгені байқалған. Бұл – қалыпты жағдай, негізгі өсім әуе көлігімен тасымалда тіркелген. Өйткені бүгінде 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 авиакомпания тікелей қатынайды. 79 елмен визасыз режім бекітілген. Осының есесіне халықаралық рейстер жанданды.
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев іскерлік, оқиғалық туризмнің дамып келе жатқанын мәлімдеді.
– Қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елорданың туристік полициясы сервистік қызметі құрылды. Туристік саланы дамыту туралы тұжырымдамаға сәйкес, Астана елдің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы саналады. Осыған байланысты елордада іскерлік туризм басым бағыт болып белгіленді. Біз іскерлік туризм индустриясын дамыту мақсатында салалық қауымдастықтар мен корпоративтік сектор өкілдерімен әріптестік бағдарламаны іске асырамыз. Оған 90-нан аса компания қатысады деп отырмыз. Елорда брендін ілгерілетуге ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастырушыларды қолдайтын бағдарлама іске асып келеді, – деді М.Жаңабаев.
Астанада туристік қызметтің сапасын ілгерілету мақсатында үйлескен жұмыстар биыл да жалғасады. Мысалы, Астананы дамыту орталығы «Visit Astana» серіктестік бағдарламасын іске асырады. Қазірдің өзінде бағдарламаның 60-тан аса серіктесі бар болса, олардың қатарына сапалы қызмет көрсететін қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар кіреді.
Елорда туризмін дамытудың тағы бір басым бағыты медициналық туризм екенін айттық. Бүгінде қалада JCI халықаралық сапа стандартымен аккредиттелген 7 клиника жұмыс істейді. Астанада кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, пластикалық хирургия және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік мол. Негізгі артықшылығы – шетелдік клиникалармен салыстырғанда медициналық қызметтердің құны төмен әрі сапалы. Клиникалар заманауи жабдықтармен және жоғары білікті мамандармен қамтылған. Осы көл-көсір жұмыстың есесіне қазір медициналық туризмді дамыту жағы жолға қойылып, «Қазақстандық медициналық туризм қауымдастығы» құрылды. Қазір қауымдастық құрамында 46 клиника мен медициналық ұйым бар екен. Бұл қатар жылдан-жылға толығады дегенге үміт басым.
Биыл Астана төрінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойыны өтеді. Бұл енді оқиғалық әрі спорттық туризмге жақын. Аламанға әлемнің жүздеген елінен 4 мыңға жуық ойыншы қатысады деген болжам бар. Осыған дейін елде Дүниежүзілік көшпелілер ойынының ұйымдастыру комитеті құрылып, комитет құрамына мемлекеттік уәкілетті органдардың басшылары, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары кірді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік көшпелілер ойынын дайындау және өткізу дирекциясы құрылды. Ұйымдастыру комитеті Дүниежүзілік көшпелілер ойыны дирекциясының ұсынысы бойынша Дүниежүзілік көшпелілер ойыны туралы ереже бекітті. Түркі халықтарының басын қосатын додаға спортшылардан бөлек туристердің де келетіні белгілі. Мұндай ауқымды ойындарды еліміз жылда өткізе бермейтінін ескерсек, бір мезгілде бірнеше мың туристі қабылдауға асқан дайындық, жауапкершілік қажет. Ертең осы көшпелілер ойынын желеу етіп келген қонақтар араға тағы аз-маз уақыт салып, еліміздің көрікті жерлерін тамашалау үшін қайта саяхаттауы мүмкін ғой. Сондықтан көшпелілер ойынына кезекті іс-шара деп емес, туризмді ілгерілетудің тағы бір мүмкіндігі ретінде қарауымыз қажет.