Семей – тарихи оқиғалар тоғысқан шаһар. Тура бір ғасыр бұрын орыс жағрафиялық қоғамы Семей бөлімшесінің ұйытқы болуымен Нәзипа Құлжанова қаланың собрание залында қазақтың ұлы ақыны Абайдың дүниеден қайтқанына он жыл толуына байланысты үлкен жиын өтетінін хабарлады. Жағрафия қоғамы жиынды қаладағы орыс жұртшылығына Алашқа аты мәлім атақты ақын әрі философ Ибраһим Құнанбаевты жете таныстыру мақсатында өтетінін де жасырған жоқ. Сол себепті кеште баяндама орыс тілінде оқылады.
«Бастап Абайдың орысша жазылған ғұмырнама (биографиясы) оқылды, арасындағы өлеңдері қазақша жазылған еді. Бұл ғұмырнаманы мұнан бірнеше жыл бұрын Әлихан орысшаға көшірген екен. Кеште оқушы семинария учителі Нұрғали Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханым болды. Сөздің аяғында: «Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да талай Абай секілді, бәлки онан да артық, данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары да болды (байғұс қазақ қамкөңіл ғой). Нәзипа ханымның орысша таза сөйлеуіне орыстар таңғалды», деп жазылған 1914 жылғы «Айқап» журналының 4-санында.
Бұл – қазақ қоғамында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тұңғыш әдеби-музыкалық шара еді. Кеште Абай туралы баяндамадан басқа ақынның өлеңдері оқылып, өз заманының белгілі әншісі Әлмағамбеттің орындауында Абай әндері шырқалды. Ал кештің үшінші бөлімінде көрермендер Берікбай Сәтиев есімді бақсының өнерін тамашалап, қазақ тұрмысы мен дәстүрлерінен көріністерді қызықтаған.
Жуықта осы кештің өткеніне жүз жыл толуына арналған «Сүйсіндірген Алашты...» атты тарихи-танымдық кеш Семейдің тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Аталған кеште жүз жыл бұрын өткен шараның ұйымдастырушысы, Семей мұғалімдер семинариясының оқытушысы, орыс жағрафиялық қоғамының Семей бөлімшесінің әйелдер қауымының жалғыз мүшесі, кейіннен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф болған, ағарту саласында еселі еңбек сіңірген, «Халқыма деп іс қылдым...» деген көшелі сөздің иесі Нәзипа Құлжанова мен оның күйеуі Нұрғали Құлжанов туралы кеңінен айтылды. Сондай-ақ, ұлы Абайдың қазақ әдебиетіне, әсіресе, поэзияға енгізген жаңалықтары мен ерекшеліктері туралы сөз қозғалып, табиғат пен махаббат, ғылым мен білім және өскелең жастарға арналған өлеңдері мен аудармаларын музей қызметкерлері нақышына келтіре оқыды. Абайдың «Сегіз аяқ» әні Мәдениет Ешекеевтің орындауында бейнежазбадан тыңдалса, «Қаламқас» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін музей қызметкері Л.Әлжан тамылжыта шырқады.
Нәзипа ханым өткізген кештің үшінші бөлімінде «...атақты бір бақсы қобыз ойнады, сарнады. Қаруы қайтқан қартаң адам екен, артық келістіре алмады, сөйтсе де бақсы ақырғанда орыстардың кейбір әйелдерінің қорқып, орындарынан ұшып түрегелгендері көрінді», – деп жазған еді «Айқап» журналы. Осыған орай кешке қатысушылар «Қорқыт сарынын» тыңдап, қобыз үнімен ғасырлар қойнауына сапар шекті.
1914 жылы 23 шілдеде «Қазақ» газетінің 67-санында Мыржақып Дулатовтың: «...Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелінің Нәзипа ханым Құлжанов жамағаты майданға түсіп берген өнері еді.
Біз бүгін ардақты ақынымыз, марқұм Абайдың рухына дұға қылып, қараңғы заманда шырақ жаққан басшымыздың есімі, құрметі, терең мағыналы асыл сөзі атадан балаға, немереден шөбереге үзілмей сақталуын тілейміз.
Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиарат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезінер, қуанар», деп жазғаны диктордың әуезді үнімен оқылғанда кеш қонақтары қатты тебіренді. Алаш көсемдерінің бірі болған Міржақыптың ғасыр бұрынғы арманы орындалды. Жаңа тұрпатты Қазақстанмен бірге Абай да адамзаттың кемеңгеріне, рухани асыл қазынасына айналды.
Ұлы хакім туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Зерде» кітабында: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», деген жүрекжарды сөзімен жоғары бағасын берген болатын.
– Абайды алғаш ұлықтаушы, кешті ұйымдастырушы әрі көркі бола білген Нәзипа Сегізбайқызының есімі ұлт тарихында мәңгілік қалды. Бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған, бір ғасыр бұрын Семей шаһары ғана емес, бүкіл елді сүйсіндірген ұлы Абайға арналған алғашқы еске алу кеші де халық жадында осылай сақталады, – деді аталған шараны өткізген музейдің директоры Бекен Теміров.
Тағылымды басқосуда халықаралық Абай қорының президенті О.Кәріпжанов, музей жанашыры Б.Ерсәлімов, абайтанушы, ақын М.Сұлтанбеков, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры, ғалым Ш.Жанаева, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті музейінің меңгерушісі М.Жарылғасин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі О.Шәріпбаев, әдебиетші З.Оразалина және басқа да өңір зиялылары ой бөлісті.
Тарихи-танымдық, әдеби-көркемдік тұрғысынан өзгеше өткен шараның бір ерекшелігі – кештің қоюшысы да, орындаушысы да музей қызметкерлері еді. Хакім Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған тағылымды шара бас ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған мерекелік шаралардың беташары іспетті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
СЕМЕЙ.