Сенат • 23 Мамыр, 2024

Сенатор «Алтын адамды» тапқан археологты еске алуды ұсынды

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Алтынбек Нұхұлы өзінің депутаттық сауалында Есік қорғанынан «Алтын адамды» тапқан археолог Кемел Ақышевті еске алуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор «Алтын адамды» тапқан археологты еске алуды ұсынды

Фото: senate.parlam.kz

Парламентшінің айтуынша, биыл Қазақстан археологиясының негізін қалаушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген ғылым қайраткері Кемел Ақышевтің 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған «Алтын адамды» тапқан. Кемел Ақышев ұзақ жылдар бойы Орталық Қазақстандағы археологиялық нысандарға зерттеу жүргізді. 1940 жылдары ол Беғазы және Сангру секілді қола дәуіріндегі қорымдарды зерттеуге қатысты.

«Кемел Ақышев – Жетісу, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларының бас жетекшісі болып, көне және орта ғасырлардағы ескерткіштерді, Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін ашып, зерттеді. 600-ден астам археологиялық ескерткішті тауып, «Қазақстанның археологиялық картасын» жасап шықты. Аталаған карта қазіргі кезде де өте өзекті, сұранысқа ие, бірегей анықтамалық болып саналады. Ол Есіл өзенінің бойынан жұмбақ қаланы тауып, ежелгі қалаға Бозоқ деген атау берді», деді Алтынбек Нұхұлы.

Сенатор Бозоқтағы Ұлттық саябаққа, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары және Павлодар, Алматы облыстары көшелері мен мектептеріне Кемел Ақышевтің есімін беруді, сондай-ақ аталған жерлерде мұражай ашуды ұсынды.