Қазақстан • 23 Мамыр, 2024

Қазақстан Үкіметі елдің көлік-логистикалық әлеуетін барынша ашуға ниетті - Олжас Бектенов

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Rhenus Group компаниялар тобының басқарма төрағасы Тобиас Бартцпен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Үкіметі елдің көлік-логистикалық әлеуетін барынша ашуға ниетті - Олжас Бектенов

Фото: primeminister.kz

Қоймалау инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол тасымалын дамыту арқылы Қазақстанның транзиттік қуатын арттыруға бағытталған жобалар қаралып, жаңадан қазақ-неміс кәсіпорындарын құру перспективалары талқыланды. 

Айта кетейік, Rhenus Group әлемдегі ең ірі 25 логистикалық компанияның қатарына кіреді және Еуропада 70 терминал желісіне иелік етеді, сонымен қатар контейнер түрінде 22 терминалы бар. 

Тобиас Бартц Қазақстанның жаһандық логистикадағы нығайып келе жатқан рөлін атап өтті және терминалдық қуаттарды ұлғайту үшін қазақстандық компанияларды тарта отырып, жаңа аумақтар құруға қызығушылығын білдірді. Бұл Еуропаның жеткізу тізбегін Орталық Азиямен байланыстыруға мүмкіндік береді. 

Олжас Бектенов көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетті толық ашу үшін инвесторлармен ашық жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Қазақстан аумағы арқылы ірі трансқұрлықтық көлік дәліздері – Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі ең қысқа жолдар өтеді. Қазақстан Әзербайжанмен және Грузиямен Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тауарларды өткізу уақытын қысқарту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бір жыл ішінде орта дәліз арқылы өтудің жалпы уақыты 2 есеге қысқарды. 

«Қазақстан Үкіметі елдің көлік-логистикалық әлеуетін барынша ашуға ниетті. Біз бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастыққа дайынбыз. Өз тарапымыздан бизнес үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалға кепілдік береміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.