Аймақтар • 24 Мамыр, 2024

Жылыжайдың дені – Түркістан облысында

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жылыжай шаруашылықтары иелерімен, жұмысшыларымен өзекті мәселелерді талқылады.

Жылыжайдың дені – Түркістан облысында

Қазақстандағы барлық жылыжай­дың 70%-дан астамы облыс аумағын­да орналасқан. Мамыр айының басын­да жылыжайда құлпынай өсірушілер ел нарығына енген импорттық және арзан тәтті жидектердің көптігі туралы мәселе көтерген болатын. Арзан импорт оларды шығынға ұшырауы­на ықпал етті. Тегісшіл ауылдық округін­де Серік Жұманғарин фермерлердің мәселелерін тыңдау үшін жергілікті жылыжай иелерімен кездесті.

«Абдураман» шаруа қожалығының басшысы Аширафи Шымбергенов жалпы ауданы 33 га ашық және жабық жерде құлпынай өсіру жобасына 300 млн теңге инвестиция салған. Оңтүстік Корея технологиясы бо­йынша салынған жылыжайдың көлемі 5,5 га. Технологияның ерекшелігі – күн сәулесін пайдаланады және арнайы ж­амыл­ғымен жылытылған, соның арқа­сында жылыжай дақылдарын салу және өндіру қарапайым өнеркәсіптік жылыжайларға қарағанда 3 есе арзан. Жылуды аса көп қажет етпейді. Қыс мезгілінде шығынның 70%-ына дейін жылуға жұмсайтын шаруашылықтар үшін бұл өте маңызды технология.

А.Шымбергеновтің айтуынша, Қытай мен Кореяда бұл технология барлық жерде қолданылып, қызанақ, қияр және басқа да жылыжай дақылдарын өндіру құнын арзандатуда. Оны төмен температурада да қолдануға болады. Болашақта шаруа қожалығының басшысы қазақстандық құлпынай экспортын бастауды жос­парлап отыр.

Вице-премьермен кездесуде шар­уа қожалығының басшысы өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия ала алмайтынын айтып, мәселе көтерді. Оны басқа жылыжайлар да қолдап, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі олар үшін қолжетімді емес екенін атап өтті. Жылыжай шаруашылық­тары қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев қазіргі жылыжайлар ауа райының қолайсыздығына төзімді екенін атап өтті.

«Жылыжай өсірушілер жаңа технологияларды, стандарттарды енгізіп, өндірісті кеңейіп жатыр. Біз қазір елімізде жылыжай шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын бірлесіп дайындап жатырмыз. Бірақ жылдан-жылға қайталанатын мәселе бар. Ол – өткізу нарығы. Өнім жинай бастағанда, баға төмендейді. Жақында біз маусымда Қазақстанның қиярға деген барлық қажеттілігін өтеуге дайын боламыз. Көршілес елдерден жылыжай көкөністері мен жидектер азайса, өзіміз өсірген өнімді толық көлемде сату үшін бізге тек 2-3 ай уақыт қажет», деді Данияр Қалтаев.

С.Жұманғарин ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді мүдделі мемлекет­тік органдармен бірге қарауға және шешім қабылдауға уәде берді.

Сондай-ақ вице-премьер аталған өңірге сапары барысында 50 мың бас ірі қара малға арналған еліміздегі ең ірі бордақылау алаңын салу орнына барды.

Жобаны Арыс қаласында «Turkestan Agro.kz» компаниясы жүзеге асы­рып жатыр. Биыл жүзеге асатын бірін­ші кезеңінде 5 мың бас, 2025 – 2026 жылдары тағы 10 мың бас, 2026 – 2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады.  Құрылыс­тың, бордақылаудың және мал жаю­дың барлық жүйесі мал шаруашылығын жүргізудің Аустралияда қолданылатын торда өсіру тәсілімен жүзеге асырылады.

Мұнда Арыс қаласында «Turkestan Agro.kz» 4 710 гектар алқапта жаңбыр­латып суару технологиясын қолдана отырып, мал азығы  дақылдарын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл мал бордақы­лау алаңын қажетті азық көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Компания басшысы Сырым Ертаев қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мен қаржы институттары тарапынан АӨК саласындағы инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдіктер мен қаржыландырудың тоқтап тұрғанына байланысты құрылыс жобасын іске асыру барысы баяулағанын айтты. Сондай-ақ «Көксарай» су реттегішінен суды пайдалануға рұқсат алудың да проблемалары бар.

Серік Жұманғарин Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қысқа мерзімде инвестициялық жобалар бойынша кеңес өткізіп, қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар ол Су ресурстары және ирригация министрлігімен егіндік суды пайдалану мәселесін пысықтауды міндеттеді.