Ауыл • 24 Мамыр, 2024

Қоржын ауылы қайта түлейді

175 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданының қиыр шетінде шағын ғана Аққозы деген ауылдық округ бар. Орталығы Қоржын деп аталады. Осы ауыл биыл наурыз айының соңында су тасқынының астында қалып, бүкіл елге мәлім болды. Ауыл тұрғындарымен кездесуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді.

Қоржын ауылы қайта түлейді

Қоржын ауылы Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының шекарасына таяу, Орал қаласынан 300, аудан орталығы Қаратөбе ауылынан 40 шақырымдай жерде жатыр. Аққозы да, Қоржын да – тарихи жер атаулары. Мұндағы Аққозы – «Қобыланды батыр» жырында батыр­дың үзеңгілес серігі болса, сол жырды жырлаған Қоржын жырау осы өңірде өмір сүрген белгілі ақын болған. Әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ұстазы Ұзақ күйшінің де кесенесі осы Қоржын ауылының маңында тұр.

Құжаттарға қарасақ, 1932 жылы қой өсіруші кеңшар болып құрылған Аққо­зы­ның өсіп-өркендеген кезеңі 1980 жылдары болған сияқты. 1986 жылы Аққозы ауылдық кеңесінде 320 отбасы, 2 142 адам тұрған. 1987 жылы 464 орындық үш қабатты мектеп салынған. Бірақ кеңес үкіметі құлап, нарық келген кезде ауылдың берекелі тірлігі біраз шайқалып қалыпты. Мұны демография да көрсетеді: 2005 жылы округте 223 үй, 1 200 адам қалса, 2009 жылғы санақта округтегі халық саны 1 088 адам болғаны тіркелген. Қазір Қоржын ауылындағы 120-дай үйде 600-дей адам тіркеуде тұрғанымен, тұрғылықты адам саны 400-дей ғана болады. 2006 жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп-балабақшада биылғы оқу жылында 104 бала білім алып жатыр.

л

Биылғы су тасқыны Қоржын ауылына 27 наурыз күні таңертең келген.

– Ауыл іргесіндегі Жақсыбай өзені жыл сайын көктемде арнасы толып, мінез көрсететінін білеміз ғой. Көп жыл қуаңшылық болғанымен, былтыр су көбірек келіп, көшеге кіріп кетті. Сондықтан биыл барынша сақтанып, бөгетті нықтадық. 26 наурызда қар суы келе бастады. 27-сі таңертең су қатты екпінмен келіп, бөгетке соғылды. Ауылдың ер азаматтары сол жерде жүрдік. Сағат 10-11-лердің шамасында су бөгетті бұзып, ауылға қарай өтіп кетті. Бірнеше жерден асып өтті. Ұстай алмадық. Айғай салып, трактормен халықты құтқаруға ұмтылдық, – дейді ауыл тұрғыны Меңдібек Сариев сол күнді еске алып.

Осынау қиын сәтте ауылдағы үш қабат­ты мектеп эвакуациялық бекетке айналған. Құтқарушылардың қайығы келген соң ауыл-үйді түгел аралап, халықты түгендеді. Абырой болғанда алғашқы күні кешке дейін ұялы телефон байланысы үзілген жоқ. Сол күні ауылда болған 400-ге жуық адамды тізімдеп, мұғалімдер оқушы балаларды түгендеді. Ауылдағы екі қария әже, арбада отыратын үш мүгедек жан, бәрі мектепке жеткізілді. Көктем болғанымен, күн суық еді. Ең жылы кабинеттерге балалар мен қарттарды орналастырып, су болған киімдерін ауыстырып, әркім өзінде барымен бөлісіп, бүкіл ауыл бір үйдің адамындай болды.

д

Ауылды су басқан соң 3-4 сағаттан кейін-ақ саман тастан соғылған үйлер бірінен соң бірі опырылып құлай бастапты. Әсіресе, түн ішінде сарқыраған судың дыбысы, суға кетіп қиналған малдың жанұшырған дауысы өте үрейлі болған. Аққозылықтардың басынан өткен ең ауыр түн еді бұл.

Бұл кезде Аққозы ауылдық округінде болған оқиғадан дүйім Қазақстан жұрты хабардар болған еді. Облыс басшылығы жедел құтқару жұмысына кірісті. Ауыл­дағы бүкіл коммуналдық желілер су ас­тында қалғандықтан, электр қуаты, газ құбыры, су жүйесі түгел ажыратылған. Түнгі сағат 2-лерде ұялы байланыс та үзілді. Дегенмен төтенше жағдайдың барысы толық бақылауға алынды. Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан бастаған құтқарушылар тобы басшылықты қолына алды. Ауыл халқы екі күнге жуық тасқын судың қоршауында болғанымен, тас-түйін қалпын сақтады.

29 наурыз күні Қоржын ауылына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы бастаған екі тікұшақ ұшып келді. Өзімен бірге ыстық тамақ, дәрі-дәрмек, т.б. ең керекті заттарды алып келген өңір басшысы халықпен жүздесіп, ауыл халқын қауіпсіз жерге – аудан орталығына көшіретінін хабарлады. Сөйтіп қос тік­ұшақ екі күн бойы 300-ге жуық адамды Қара­төбе ауылына тасып, 288 адам Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияның жатақханасына орналастырылды.

Ауыл адамдарын осынау ауыр халден алып шыққан бүкіл елдің жанашыр пейілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаратөбеге арнайы ұшып келіп, эвакуациялық бекетте жатқан ауыл тұрғындарымен кездесуі, тасқыннан зардап шеккен халыққа дем беруі еді.

– Президенттің келіп кеткені аққозы­лық­­тарға әсер еткенін білесіз бе? Бүкіл қайғымыз сейілгендей болды, сенім берді бізге! Шынымды айтсам, сол сәтке дейін «ауылым жоқ болып кете ме» деп қорықтым. Жұрты ғана қалған ауыл аз емес қой. Солардың бірі бола ма деп уа­йымдадым. Балаларымның туған жері, талай түлегімнің үлкен өмірге қанат қаққан жері. Әр адам өз ауылын, өскен көшесін сағынады ғой. Тарихта орны бар ел болып қалсақ екен деймін, – деді Аққозы мектеп балабақша бөбекжай кешенінің директоры Айгүл Айтқалиева.

Ауыл халқы кең-байтақ Қазақстанның әр аймағынан келген гуманитарлық көмектің астында қалды. Мемлекеттің де көмегі аз болған жоқ. Округтегі 146 отбасына 364 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Тасқын кезінде шығын болған 970 бас қой-ешкі, 80 бас ірі қара, он шақты жылқының құны да мемлекет тарапынан толтырылып, қаражат мал иелерінің жеке шотына аударылды. Тіпті табиғат апаты кезінде бүлінген тұрмыстық техника да бағаланып жатыр екен.

Жақында Қоржын ауылына арнайы сапарлап барып қайттық. Екі ай бұрын су тасқынының астында қалған ауыл әлі апат зардабынан арыла қоймаса да, жақын күндері басталатын қарбалас жұмыстың қамы көрініп тұр. Жол жөндеу мекемелері тасқын кезінде бүлінген 40 шақырымдық жолды ретке келтіріп қалыпты. Жердің ылғалы бұған дейін ауыр техниканың жүруіне мүмкіндік бермеген екен. Құрылыс енді қызбақ.

– Қоржын ауылындағы құрылыс барысын облыс әкімі тікелей бақылап отыр. Облыстық құрылыс басқармасы өңірге танымал, материалдық-техникалық базасы мығым 6 құрылыс компаниясын таңдап берді. Қазір ауылда 90 үйдің құрылысы бас­талып кетті. Оның 72-сі жаңа жерде бой көтереді, 18-і тұрғындардың қалауы бойынша бұрынғы орнынан салынады, – дейді Ж.Сұлтан.

Құрылыс басталмас бұрын ауылға арнайы мамандар – геодезистер келіп, зерттеп, ең биік жерді таңдап беріпті. Бұл жерде жаңадан үш көше бой түземек. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан ауылдық мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, дәрігерлік пункт, кітапхана, вете­ри­нарлық станса ғимараттары да жаңа­дан салынады. Құрылысшылар тұр­ғын үйлерді 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

– Жаңа үйлерді екі-үш айдың ішінде тапсырамыз деп отырмыз. Біздің «Тәуекел» ЖШС 23 үй тұрғызамыз. Ұжымда 50 адамға дейін қызмет етеді. Техникамызды әкеліп алдық. Осы ауылдан жергілікті 10 адамды жұмысқа аламыз, – дейді біз жолыққан құрылыс бөлігінің жетекшісі Тұрар Есмұратұлы.

– Мектепте 40 жыл еңбек еткен ардагер ұстазбын. Биыл су апаты болып, халықтың ұнжырғасы түсіп кетіп еді. Жаңа үйлердің құрылысы басталғалы көңі­ліміз көтеріліп, қуанып жүрміз. Күнде келіп, көріп кетемін. Ауылдың осы жағын «Жаңақоныс» деп атап жүрмін. Бұйырса, күзде қоныстойға шақырамыз, – дейді ауыл ақсақалы Артық Кәрімұлы.

Ауыл тұрғыны Айдана Әлібайқызының үйі наурыздың 27-сі күні ең алдымен құлаған ғимараттың бірі екен.

– Осы ауылда туып-өстім. Ауылдың ауыр күндері артта қалғандай. Мемлекет бас­шысының айтқан сөзі, ауыл тұрғын­дарына берген уәдесі орындалып жат­қа­нынан көріп отырмыз. Құрылыс басталып жатыр. Ауылымыз болашақта гүлденеді деген сенімдеміз, – дейді Айдана.

Айтпақшы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Аққозы ауылдық округін аудан орталығымен жалғайтын жол бойындағы Қалдығайты және Жақсыбай өзендеріне көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттар да дайындалып жатыр екен. Қоржын ауылын тасқын судан қорғайтын бөгет те биыл жаңартылмақ. Алдағы жылдары жол мәселесі де шешілсе, шалғайдағы ауылдың шаруасы толық түгенделері анық.

 

Батыс Қазақстан облысы,

Қаратөбе ауданы