Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн теңге
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында өңірде 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн теңге. Олар 18 263 жұмыс орнын ашуға сеп болуы тиіс. Агроөнеркәсіпте – 37, өнеркәсіпте – 58, құрылыста – 19, туризм бойынша – 19 жоба және өзге де салалар бойынша да бірқатар жоба жоспарланған. Оның ішінде, биыл жалпы құны 121,8 млрд теңгеге 2 270 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 44 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Облыс бойынша жеке инвесторлар есебінен іске асырылатын 77 жобадағы 741 жаңа жұмыс орнының ашылуы тұрақты бақылауға алынған.
Бекітілген кестеге сәйкес инвестициялық жобалар екінші тоқсанда басталады деп жоспарланып отыр. Барлық инвестормен төртжақты меморандум түзіліп, бүгінде 14 жоба басталып, 86 жұмыс орны ашылды. Жобаларды жүзеге асыруда өндірістік аймақтардың алар орны ерекше. Мысалы, Ордабасы ауданында екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды. Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жер Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан. Өндірістік аймақта қуаттылығы 25 МВт қосалқы станса, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
Логистикаға серпін берер өндіріс қажет
Өңірде өндіріс зауыттарын ашу мақсатындағы игі істерге отандық инвесторлар да белсенді атсалысып жатыр. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды «ЕвразияТранзитГрупп» ЖШС байқау кеңесінің құрылтайшысы және төрағасы, «Қазмехлитпром» ЖШС өкілі Серік Уалиевпен кездесіп, бірқатар жаңа жобаны жүзеге асыру барысын талқылады. Бұл компания облыс аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін арнайы ашылған.
«Қазмехлитпром» көлік-экспедиторлық қызметтер көрсетеді және Қазақстан мен ТМД елдерінің бүкіл аумағы бойынша жүк тасымалдайтын вагон-цистерналар мен вагондар ұсынады.
«Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Түркістан облысында Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы экспорт пен импортты кеңейтуге мүмкіндік беретін құрғақ портты енгізу жоспарланып отыр. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – біздің басты бағытымыз. Отандық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз», деді облыс әкімі кездесуде.
Жоспар жүзеге асқан жағдайда жаңа кәсіпорын 20 гектар аумақта орналасады. Онда вагон бөлшектері, тау-кен, металлургия кешені үшін, құрылыс және ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығарылмақ Тараптар Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт ашу бойынша бастаманы жан-жақты пысықтады. Отандық инвестор бұл мақсатта 20 млн доллардан астам қаражат құюға дайын. Жобаның қуаттылығы жыл сайын артады. Ауысымына 200 тонна болат құятын зауытта 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Табиғи талшықтың тамашасы
Облыста жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар да аз емес. Олар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі секілді салаларды дамытуда бірлесе жұмыс істеуге дайын. Облыс бойынша дайын инфрақұрылымы бар 9 индустриялық аймақ орналасқан. Сонымен қатар 42 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүргізілуде. Биыл 9 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы аяқталады. Ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыру, терең өңдеуге басымдық берілген. Мысалы, негізінен мақтамен айналысатын Жетісай ауданында жібек кластерін дамыту мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру бағытында өткен жылы көршілес Өзбекстан елінен әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, тұт ағаштарын отырғызуға 31,8 гектар жер қарастырылып отыр.
Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Мамандар табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталар ерте замандарда жоғары бағаланғанын, Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүниежүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелгенін айтады. Асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді екен. Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып, 52 гектар жердің 25 гектарына «Шапағат Нұры-2» шаруа қожалығы тұт ағашының «Мархаба 2017» сортынан 250 мың түп көшет отырғызған. Биыл жоспар бойынша Жетісай ауданында 400 гектар жерге тұт өсірілмек. Алдағы уақытта тоқыма өндірісін дамыту көзделген.
«Бұл өте ұтымды жоба, сондықтан осы саланы дамытуымыз керек. Жаңа істің пайдасын диқандар әлі білмей жүр. Бұл – ағаш өсіріп, оны ұрпаққа мұраға қалдыратын кәсіп. Суды аз қажет етеді, шығыны да көп емес. Экологиялық тұрғыдан да қолайлы. Жібек өндірісі – әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. Жібек талшығы жібек құртынан алынады. Ал жібек құртының негізгі азығы – ол тұт ағашы. Бір гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Осылайша, шаруа ұтады. Одан жіп, мата шығару ісін дамыту керек. Іс дамығанда жұмыс орны көптеп ашылады. Сондықтан жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі», деді аудан шаруаларымен кездесуде облыс әкімі.
Өңірдегі даму қарқыны біркелкі емес
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүзеге асыруға «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 100 млн теңге несие алынған. Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер өңірде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса, өнімдерді Шығыс Еуропа мен Жапония, Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болады. Ал өндірілген өнімнің килосын көршілес өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алуға ниет білдіріп отыр.
Жыл басында бағалы матаның өндіріс көлемін өсіру мақсатында жол картасы бекітілген болатын. Оның негізгі бағыты – 2029 жылға дейін 10 мың гектар аумаққа тұт ағаштарын отырғызу. Сонымен қатар 2029 жылға қарай 100 миллион тұт көшеті мен 500 мың жәшік жібек құртының ұрығын өсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жібек жіп өндірісінің көлемін 2,8 мың тоннаға жеткізу көзделген.
Айта кетелік, биылғы бірінші тоқсанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Көрсеткіштер жақсарған. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар индикатордың орындалуы төмен деңгейде. Өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемінің нақты көлем индексі Мақтаарал, Шардара, Отырар, Сауран және Сарыағаш аудандарында орындалмаған. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның нақты көлем индексі Отырар, Кентау, Мақтаарал мен Жетісайда төмендеу орындалып отыр.
Түркістан облысы