Қаржы • 25 Мамыр, 2024

Микроқаржы сергелдеңі

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) көпшілік үшін пайыздық мөлшерлемесіне қарамай, ойланбастан жүгінетін ыңғайлы қаржы құралына айналып отыр. Бүгіндері олардың саны 200-ден асып жығылады. 50 мың беретіні де, 500 мың беретіні де бар. Негізінен, бұл сегментті банктен мақұлдау ала алмаған немесе банктердің «қара тізіміне» кіріп кеткендер толтырған.

Микроқаржы сергелдеңі

МҚҰ-лар кірісі және жұмыспен қамтылуы туралы анықтама талап етпей­тін­діктен, ресми жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін қарызға ақша алу тіпті оңай. Бір сәтте бірнеше МҚҰ-дан несие ресімдеуге болады. Тұтынушылардың көбі – студенттер, зейнеткерлер мен жұмыссыз азаматтар.

Бірінші несие бюросының дерек­теріне қарағанда, не­сиелік портфельдің 89,1%-ы не­месе 16,2 трлн теңге екінші­дең­гейлі банктерге тиесілі болса,  микро­қар­жы ұйым­да­ры жалпы порт­фель­дің 6,3%-ын ­(1,1 трлн теңге) құрайды екен. Мұнда автокредиттеумен айна­лы­сатын МҚҰ және қа­тар­дағы МҚҰ үлесі – 5,7%, ал онлайн МҚҰ нарықтың 0,6%-ын құрайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  ресми ақпарына  жүгінсек, мик­роқаржылық қыз­мет­ті жүзеге асыратын ұйым­дар­дың активтері 2023 жылғы төртінші тоқсанда 0,4%-ға немесе 11 млрд теңгеге (2023 жылы 20,9%-ға өскен) төмендеп, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2,5 трлн теңгені құраған. Активтердің төмендеуі кре­диттік серіктестіктердің не­сиелік портфелінің төмен­деуімен байланысты бо­лып тұрғанға ұқсайды. Құ­рылымдағы активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйым­дарына (1 387 млрд теңге немесе 54,4%), кре­дит­тік серіктестіктерге (847 млрд теңге немесе 33,2%), ломбардтарға (315 млрд теңге немесе 12,4%) тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (МҚҚЖҰ) несие портфелі 2023 жылғы соңғы тоқсанда 0,9%-ға, 2,4 трлн теңгеге дейін (2023 жылы 14,8%-ға өсу байқалған), заңды тұлғаларға берілген қарыздар 2023 жылғы соңғы тоқсанда 6,0%-ға, 804 млрд теңгеге дейін азайған (2023 жылы 3,5%-ға өскен). Жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздар 331 млрд теңгеге немесе 0,2%-ға дейін (2023 жылы 42,7%-ға өсу) төмендеген. Бірақ жеке тұлғаларға бе­рілген қарыздардың көле­мі 2023 жылғы төртінші тоқсанда 2,2%-ға ұлғайып (2023 жылы 16,4%-ға өскен), 2024 жылдың алғашқы айында 1,3 трлн теңгені құраған. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың деңгейі жыл басында 3,9%-ды құраған. Соның ішін­де жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 5,5%-дан 5,6%-ға дейін өскен. 2023 жылғы төр­тінші тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 2,3%-ға, 1,7 трлн теңгеге дейін (2023 жылы 12,9%-ға өскен) азайған екен.

Қорландыру құрылы­мындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі – 77,0%-ын немесе 1,3 трлн теңгені құрайды. МҚҚЖҰ-ның мен­шікті капиталы 3,5%-ға ұл­ғайып, 869 млрд теңге бол­ған.

Жалпы, еліміздегі микро­кре­диттік ұйымдардың қыз­меті туралы пікірлер екіұшты. Олардағы артықшылықтың бірі – нарыққа икемділігінде. На­рықтағы сұраныстың өз­ге­руіне тез бейімделіп, жаңа өнімдер мен қызмет­тер­ді дамыту арқылы несие беру мәселелерін жедел шешуге тырысады. Елдегі МҚҰ-ның көпшілігінде өздерінің несиелік скоринг жүйелері бар. Бұл оларға қарыз алушының несиелік қабілетін тез бағалауға және бірнеше минут ішінде несие ресімдеуге түрткі болады. Алайда олардың кемшін тұсы да жеткілікті. Соның ең негізгісі деп қарыздың пайыздық мөлшерлемесін айтса болады. Мөлшерлеме банк мөлшерлемесінен бір­неше есе жоғары. Жо­ға­ры пайыздық мөлшер­леме азаматтардың қалта­сын қағып, қарызға батуы­на тез ықпалын тигізеді. Алған ақшаны дер кезінде қайтармау қарызды екі есе­лейді, яғни өсімпұл қо­сылады. Кейбір микро­қар­­жы ұйымдарында макси­мал­ды жылдық пайыздық мөл­­­шерлеме 739 пайызға де­йін жетуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, микроқаржы ұйымдары өз қызметін заңды түрде жүзеге асырса, оларды құп­тап, дамыту керек. Алайда ха­лық шағын микроқаржы ұйым­да­рының максималды жыл­дық мөлшерлемесі туралы біле бермейді. Саладағы келең­­сіздіктер шағын микро­қаржы ұйымдарының қарыз беру шарттарын қайта қарас­тыруды талап етеді.

Саладағы барлық субъек­ті, соның ішінде ломбард, кредиттік серіктестіктер мен онлайн-кредит беру ком­­па­нияларының қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақы­­лауына алынды. Агент­тік­тің таяуда ұсынған мәлі­ме­тіне қарағанда, бірін­ші кезекте, микроқаржы ұйым­дарындағы тәуе­кел­дер­ді бас­қа­ру жүйесіне қо­йылатын талаптарды бел­гілеу қажет. Мик­роқаржы ұйымдары тап болатын тәуекел бейіндерін, сондай-ақ олардың осы тәуе­кел­дерді дұрыс басқару қабі­ле­тін дәйекті бағалауға назар аудару маңызды. Осындай шектеулі қадағалау ресурстарын тиімді бөлуге мүмкіндік беретін өзін-өзі реттеу инс­титутын енгізу мәселесі де қа­растырылып жатыр. Агент­тік мәлімдемесінде ха­лық­аралық тәжірибеге сүйе­не отырып, тәуекелдерді бас­­қару жүйесіне рет­теу­шілік есептілікті бақы­лау, азаматтардың шағы­мын қа­рау, тексеру жүргізу және ак­тивтері аз субъек­ті­лер­ге қатысты лицензия­ла­р­ды қайтарып алуға бас­та­ма­шы­лық жасау өкі­леттік­тері беріл­уі мүм­кін­дігі ай­тылған.

Сонымен бірге, кейбір МҚҰ-лардың екіншідеңгейлі банкке айналуы туралы да арагідік айтылып қалады. Бұл үдеріс бәсекелестікті дамытып, тұтынушылар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырары сөзсіз дейді мамандар. Қалай болғанда да, қаржы сала­сындағы кедір-бұдырдың жойылуы маңызды. Несие халықты тұралататын емес, оңал­татын құрал болса игі. Сондықтан қаржы нары­ғын­дағы микроқаржы ұйым­­дарының қызметтері әр­дайым Үкімет  назарында тұруға тиіс деп санайды сарапшылар.