Қоғам • 28 Мамыр, 2024

Отанға адал қызмет етудің үлгісі

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық қорғаныс университетінде «Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтің әскери мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Отанға адал қызмет етудің үлгісі

Фото: baq.kz

Іс-шара Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштері қалыптасуының бастауында тұрған атақты әскери қолбасшының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Оған Парламент депутаттары, Қарулы күштердің құрылуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер, қоғам қайраткер­лері, профессорлық-оқытушылар құрамы және Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары қатысты. Бейнебайланыс арқылы Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери оқу орындарының өкілдері іс-шараға қосылды. 

Конференцияға қатысушыларға арнап Қорғаныс министрінің бірінші орын­басары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейте­нант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі.  

– Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі ел тарихында мәңгі таңбалан­ған. Сағадат Қожахметұлы – көрнек­ті әскери басшы ғана емес, Отан­ға адал қызмет етудің үлгісі. Оның жауынгерлік жолы мен ел игілігі үшін еткен қызметі – бәрімізге өнеге, – деп атап өтті С. Камалетдинов.

Конференцияда соғыс тарихы мен әскери өнер және оның даму перспективалары туралы баяндамалар тыңдалды. Оған қатысушылар Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің жауынгерлік жолындағы соғыс тарихын зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Одан бөлек, жиында батырдың Қазақстан армияның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи рөлі туралы айтылды. 

Іс-шараға арнайы кітап көрмесі, армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетовтің құжаттары мен жеке заттары қойылған экспозиция дайындалды. Астана қаласының мемлекеттік архиві ол туралы сирек кездесетін материалдармен таныстырды. 

– Сағадат Нұрмағамбетов – қазақ халқының біртуар ұлы. Ол әскерде 54 жыл қызмет етіп, өзінің барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын осы салаға арнады. Батыр есімі – ел есінде, мәңгі жадымызда сақталады. Оның мінсіз қызметі – Отанға шынайы адал қызмет етудің, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі, – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-ма­йор Шайх-Хасан Жазықбаев.

Баяндамаларда қатысушылар армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетовтің әскери-теориялық және рухани мұрасын зерделеу қажеттігін атап өтті, ол жас ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік бағдарлар мен пат­рио­­тизм, азаматтық, ел ісіне араласу мен жауапкершілік сезімі сияқты жеке қасиеттерді қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Іс-шара соңында Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков бір­қатар конференцияға қатысушыға «С.Қ.Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгілерін, сертификаттар мен алғысхаттар табыс етті.