Қоғам • 28 Мамыр, 2024

«Ата жолы» картасына сұраныс артып келеді

155 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам капиталын дамытуда еңбек нарығындағы сапалы кадрларды арттырудың маңызы зор. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында тиімді көші-қон саясатына тоқталып, шетелден білікті мамандарды шақырту керек екенін ескерткен еді. Мұндай талапқа сай келетін мамандар шетте туып-өскен өзіміздің қаракөздеріміз болса, құба-құп. Бұған «Ата жолы» бірегей картасының ықпалы зор болмақ.

«Ата жолы» картасына сұраныс артып келеді

Жоғарыда атап өткен Президент бастамасы аясында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр «Ата жолы» картасы 5 мың адамға берілетінін мәлімдеген еді. Бұл туралы құзырлы министрліктің 2023–2027 жылдарға арналған даму жоспарында жазылып, жарияланған. Мемлекет басшысының шетелден кәсіби мамандар мен табысты бизнесмендерді елге тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Ата жолы» көші-қон картасы енгізілген еді. Былтыр карта 55 адамға беріліп, оның 13-і елге келген.

Өткен аптада осы жоба аясында тарихи Отанына оралғандармен Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова кездесу өткізді. Жүздесу барысында қандастар жоба туралы пікірлерін айтып, елде атқарар жұмысының жос­парын таныстырды. Олардың арасында денсаулық сақтау, мұнай және газ, құрылыс, білім беру, ІТ саласының мамандары бар.

Мәселен, Израильден келген Бекжан Қоңырбаев Анестезиология қызметін­дегі кемшіліктерді жеткізді. Ол саладағы жағ­дайды жақсарту үшін шетелдік тәжі­ри­бені қолдануға әзір екенін айтты. Ал Саян Хабиденов қазір Атырауда зауыт салу жөніндегі халықаралық жобаны іске асыруға қатысып жатыр. Оның Ресейдің Сургут қаласында мұнай және газ саласында 13 жылдық тәжірибесі бар. Еңбек жолын қатардағы маман ретінде бастап, мансап сатысында орта буын басшысына дейін өскен. Қазіргі уақыт­та ол үздік тәжірибелердің елімізде қолданылуына атсалысып жүр. Моңғо­лиядан келген Хамза Тілек – ІТ-маман. Қазір Астана  хабы аясында жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Хамза Тілек – бірнеше жобаның авторы. Елге оралуды көптен бері ойластырып жүрген ол атажұртқа «Ата жолы» картасымен келу көптен күткен мүмкіндік дейді.

«Моңғолияда 5 жыл бойы өз маман­дығым бойынша кәсіп істедім. Қазақстанға көшіп келу үшін отбасымызбен жоспар құрған едік. Алайда бірден көшіп келу тиімсіз болғандықтан, мақсатым осы «Ата жолы» картасы арқылы ол жақтағы кәсібімнен қол үзбей, 2-3 жыл шамасында кәсібімді осы жақта жалғастырып, кейін біржола атажұртқа келу еді», дейді ол.

Хамзаның екі баласы мен зайыбына да бұл карта толық жарамды болады. Медициналық тексерістен еркін өтіп, ұл-қыздары мектепке бара алады. Жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі мен жұмысқа орналасу жағдайы да қаралған. Алайда картаға өтініш жібермес бұрын бірнеше талаптың орындалуы шарт.

Басты шарттардың бірі елімізде жеңілдетілген түрде мамандықтардың тізбесі бар, соған ену керек. Екіншіден, сол елде тұратын өзінің бір бизнес көзі болуы керек. Елімізде тапшы мамандықтар тізіміне ену керек.

Ал қандасымыз Болат Әбілдин – құры­лыс саласының тәжірибелі маманы. Ин­женер-құрылысшы ретінде Мәскеуде (РФ) бірқатар нысанның құрылысына қатыс­қан. Ол тарихи Отанында саланың дамуы­на үлес қоссам деген ниетпен келге­нін атап өтті. Құрылыс мамандарының бі­лік­тілігін ұдайы жетілдіріп отыру қа­жет­тігіне де мән берді. Бұл іске өзі де араласуға әзір.

Түркиядан келген қандасымыз Шабан Динчтюрк Қазақстанға түрлі салада инвесторларды тартуға күш салып жүр. Коммуналдық шаруашылық, медицина бағыттарында жүзеге асқан жобалары туралы айтып өткен ол келер жылы туристік компания ашуды жоспарлап отыр. Қазақстанға жылына кем дегенде 100 мың турист әкелуді мақсат етеді.

Кездесуге қатысқан қандастарымыз «Ата жолы» картасын енгізу жобасын үлкен қуанышпен қабылдағанын жеткізді. Оған шетелдегі өзге де шетелдік қазақтар қызығушылық білдіріп жатқанын айтты.

«Үкімет «Ата жолы» картасын пай­даланғысы келетіндерге қолдау көрсетуге дайын. Сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша жобаны жетілдіруге қатысты тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілетін болады. Қазақстанның дамуы­на қолдан келгенше үлес қосуға деген ниеттеріңіз қуантады. Бұл ретте елімізде түрлі салалық бағдарлама жүзеге асып жатқандығын атап өткім келеді. Оларды жүзеге асыруда сіздердің тәжірибелеріңіз кәдеге жарайды деп санаймын», деді Тамара Дүйсенова.

«Ата жолы» картасы шетелде тұрып жатқан этностық қазақтарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Оған қол жет­кізу үшін үміткер келесідей талаптар­дың біріне сай болуы шарт: Қазақстан азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін маман­дығының болуы; Қазақстанда сұранысы жоғары мамандыққа ие; тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген, жұмыс істеп тұрған кәсібінің болуы.

Карта иесі Қазақстанда жұмысқа орналасу немесе кәсібін жүргізу, әлеуметтік төлем­дер жасау, кепілдендірілген медици­налық көмекке қол жеткізу, білім алу, т.б. қызметтерді пайдалана алады. Алайда мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануға, республикалық референдумға қатысуға немесе дауыс беруге хақы жоқ.

Жоба былтырдан бастап жүзеге асып келеді. Бүгінге дейін 250 адам 18 мемле­кеттегі елшіліктерімізге келіп, кеңес алыпты. Карта алуға «Құтты мекен», «E-Qonaq» мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады немесе Қазақстанның шетелдердегі елшіліктеріне жүгіну қажет.

Оның ішінде Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанатын, тұрақты жұмысы бар қоныс аударушыларға сатып алатын тұрғын үй құнының 50%-ы көле­мінде қаржылай көмек ретінде эконо­микалық ұтқыр сертификатын беру қарастырылған. Аталған қаражат құрылысқа, тұрғын үй сатып алуға немесе «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана алатын болса, бастапқы жарнаны енгізуге бағытталуы мүмкін. Бұл бойынша ресми заңнамалық құжаттар қабылданған кезде хабарланбақ.

«Ата жолы» бірегей картасы жөнінде шетелде тұратын әріптестерімізбен бай­­ланысқа шығып, пікірін білген едік. Олардың көз тігіп, құлақ түріп отыр­ғаны да осы екен. Аталған карта іске қосылысымен іске кірісуге дайын шетел жастарының қарасы мол көріне­ді. Бай­қауы­мызша, олар карта ашыл­ған күннен бастап кейінгі жылдарда байыр­қалап қалған қазақтың байсалды көшін қайта қозғауға зор септігін тигізеді деп сенеді.