Басылым • 28 Мамыр, 2024

Әріптестік байланыс нығая түседі

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қытайлық «Жэньминь Жибао» басылымының Қазақстан және Орталық Азиядағы тілшісі Ли Чияңды қабылдап, тараптар әріптестік, ақпараттық, мәдени байланыс орнату мәселелерін пысықтады.

Әріптестік байланыс нығая түседі

Фото: kazgazeta.kz

Кездесуде Дихан Қамзабекұлы қытайлық журналисті серіктестіктің тыныс-тіршілігімен таныстырып, ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттері туралы әңгімелеп, «Қазақ газеттері» құрамындағы өзге де басылымдарға тоқталды. Сондай-ақ серіктестіктің бірқатар Қытай басылымдарымен әріптестік байланысы барын айтып өтті.

Осы қызметінде жылға жуық уақыт қана жұмыс істеп келе жатқан қы­тай­лық журналист «Казахстанская правда» газетімен тығыз байланысы барын айтты. Сонымен қатар ол серіктестік басылымдарының «Жэнь­минь Жибао» газетінің «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында құрыл­ған медиа­одақтың мүшелігіне өту жөнінде ұсыныс жасады. Осы одақ жыл сайын өзінің медиафорумын өткізіп, сол іс-шара аясында шетел жур­налистері үшін Бейжің қаласына саяхат ұйымдастырып тұрады екен.

Сондай-ақ Д.Қамзабекұлы мен Ли Чияң әріптестік шеңберінде газетке жарияланатын мақалалар жайында пікір алмасты.

«Бұған дейін сіздермен әріптестік байланысымыз болған жоқ. Сон­­дықтан газеттеріңіз республика көлемінде тарайтын танымал да іргелі басылым болғандықтан, біз екіжақты әріптестік, ынты­­мақ­тас­тығымызды нығайтқымыз келеді. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин­нің мақа­ласын, алдағы уақытта Астанада болғалы отырған ШЫҰ сам­миті­не қатысты материалдарды газеттеріңізде жариялау жөнінде ұсы­­ны­сымыз бар», деген қытайлық газет өкіліне серіктестік басшысы қос мем­лекеттің Сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі тиісті рұқ­­сат құ­­жат­­тары реттелсе, мұндай ұсынысты қолдауға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол материалдарды мүмкіндігінше «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттеріне бірдей жариялау жөніндегі өз пікірін ортаға салды.

Тараптар алдағы уақытта жалпы қазақ-қытай ынтымақтастығын жандандыруға медиа саласы бойынша үлес қосуға, әріптестік байланысты дамыта түсуге келісті.