Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа үш мемлекет басшылары қол қойғаннан кейін-ақ ол туралы әлемдік пікір ағыны тым көбейіп кеткендей еді. Біреулер одан «Кеңестер Одағының тірілуін» іздесе, енді біреулер жаңа Одақтан үлкен үміт күтетінін білдірген-тін.
«Егемен Қазақстан» газетінде бұл тақырып төңірегінде талай оң пікірлер жазылды. Десек те, алуан пікірлер ағыны күшейіп тұрған сол кезде соларды ғылыми сараптан өткізіп беруді жөн көріп, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры академик Сағындық САТЫБАЛДИНГЕ жолыққанымызда ол әңгімесін былай бастаған еді:
– Сөз бостандығына ерік берілген қоғамда кім не айтса да хақылы ғой. Десек те, соңғы кездері айтылған толып жатқан пікірлердің ішінен Ресей Федерациясы РБК телеарнасының шолушысы Виталий Витталдың мына бір тұжырымы ақылға қонымды. Ол былай деді: «Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының өмірге жолдама алған даналығы». Білімді адам осылай сөйлейді. Ал мұндайға қарсы пікір айтушылар мүлде адасу бағытында. Мұны бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. Жаңа Одақ құру туралы шартқа қол қойылғаннан кейін-ақ онымен тығыз байланыс орнатуға 40-тан астам мемлекет ынта білдірген.
Дәл мұндай қызығушылық Еуроодақ құрылған кезде де болмаған. Себеп неде? Меніңше, оның ең басты себебі, бүгінгі таңда бар болғаны 170 миллион тұрғынды біріктіретін жаңа Одақ мемлекеттері әлемдегі зерттелген пайдалы қазбалар қорының 20 пайызына ие. Көмірсутегілерінің 17 пайызы бізде. Яғни, жаңа Одақ табиғи қор молдығы жағынан аса бай халықаралық құрылым болып тұр. Кейбір сирек кездесетін пайдалы қазбалар біздің аймақтан басқа жерлерде мүлде жоқ. Ал уранды өндіріп әлемге ядролық отын экспорттаудан тек Қазақстанның өзі ғана дүниежүзілік көш бастаушы мемлекет. Сондай-ақ, уран қорына келсек, біздің ел әлемдік үштіктің тобында.
Жаңа Одақ тұрғындары 100 пайыз орта білімді. Демек, мұндағы адам капиталы әлемдегі басқа одақтарға қарағанда әлдеқайда сапалы. Қаржылық мүмкіндігіне келсек, 2007 жылдың тамызында АҚШ қор биржасында басталған дүниежүзілік дағдарыстан «теңселмей» шыққан елдер осы жаңа Одақтың мүшелері. Қазіргі қысылтаяң шақтан да елдеріміздің еңсе тіктеп шығатынына күмән жоқ. Қысқасы, Одаққа біріккен мемлекеттер «алақан жаюшылар» емес.
Тағы бір артықшылық – Одақ мемлекеттері ХХІ ғасырға лайықталып жаңғыртылған Ұлы Жібек жолының өзегінде жатыр. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік тасымал дәлізі осы Одақ жерлерін басып өтеді. Яғни, Одақ дамыған Батыс пен қарқынды дамушы Азияны біріктіретін алтын көпір қызметін атқармақ. Оның үстіне Одаққа біріккен мемлекеттердің болашақтың көшбастаушысы Қытай Халық Республикасымен саяси-экономикалық байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен. Мұндай игілік әлемнің басқа одақтарында жоқ.
– Иә, әлемде басқа да одақтар барлығы жайлы сөз қозғадыңыз. Ендеше, осы пікірді тереңірек талдап берсеңіз. Себебі, қандай да бір халықаралық одақ болса да ол әйтеуір біздің бәсекелесіміз болып шығады емес пе?
– Қазір өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан ежелгі одақ – Жапония бастаған Тынық мұхиты елдерінің АСЕАН одағы. Мұнда табиғи қор жоқтың қасы. Сондықтан, оны бізге бәсекелес болады деп ойлау мүмкін емес. Бұдан кейінгі көне одақ – НАФТА. Ол Канада, АҚШ, Мексика үштігінен тұрады. Кезінде бұл халықаралық құрылым Жапонияның арзан да өтімді электронды тұрмыстық тауарларынан жеңіліске ұшыраған АҚШ өнеркәсібін қолдау мақсатында құрылған-ды. Бұл мемлекеттердің мүмкіндігі қандай екенін талдап жатудың қажеті жоқ. Десек те, бір ақиқат айтылуы тиіс, ол – мұның да біздің жаңа Одаққа бәсекелес бола алмайтындығы.
Иә, жылдық ішкі жалпы өнім көлемі жағынан НАФТА қазіргі әлемдік көшбастаушы. Десек те, ол уақыт озған сайын шегіну үстінде. Оның толып жатқан объективті себептері бар. Біріншіден, одақ негізінен АҚШ-тың тегін долларына арқа сүйеген. Ал бұл ұзаққа бармайтын игілік екені баршаға аян. Әлемдік қаржы аренасынан доллар кетсе, бұл одақтың күні таусылды дей беріңіз. Ал доллардың өз қызметінен кетуі көп күттірмейді. Үшінші мықты – Еуроодақ. Бұл бүгінгі таңда әлемдегі ең мықты одақ саналып тұр. Десек те, оның да күні таусылғандай. Өйткені, бұл одақтың құрылуы дұрыс болғанымен, мұндағы жоғары биліктің кейінгі қызметі ғылыми негізді деуге сыюдан қалды. Анығын айтсақ, одақта Германия, Франция, Англия әлсіздерді асыраушыларға айналып кеткендей.
Бұдан Англия мен Франция ендігі жерде бас тартатын сыңайлы. Тіпті, Еуропарламентке соңғы сайлаудың нәтижесі одақтың ыдырау мүмкіндігін күшейте түскендей. Одақ ішінде саяси текетірес бәсеңсудің орнына, өрши түсуде. Өйткені, одақ дағдарыстан әлі шыға қойған жоқ. Жұмыссыздық деңгейі 12 пайызға жетеқабыл. Ақиқатқа тура қарасақ, Еуроодақ мұндай келеңсіз көрсеткіштен енді арыла алмайды. Себебі, одақ ішіндегі халықаралық зор беделі бар брендтер атамекенін тастап, жұмыс күші арзан Қытайға және Азияның басқа да дамушы мемлекеттеріне қоныс аударуын қарқынды жүргізіп жатыр. Сол батыстан қоныс аударып келген брендтер бізде де өндірілуде. Қысқасы, одақ уақыт озған сайын әлсіреуде.
Бертінде өмірге екі одақ келді. Оның бірі – Латын Америкасы елдерінің бір тобын біріктірген МЕРКАСУР халықаралық бірлестігі. Бұл бізге азық-түлік жағынан тегеурінді бәсекелес. Өйткені, мұндағы ауылшаруашылық өнімдері шығынсыз өндіріс. Анығын айтсақ, ет-сүт беретін мал үшін қора салып, қысына шөп дайындап қарбаласып жатпайсың. Мал Амазонканың өне бойын қаптап өскен жасыл желекте өз еркімен 365 күн бойы еркін жайыла алады. Ол-ол ма, бізге келіп жатқан цитрус тобына жататын жемістер мұндағыларға табиғаттың бергені. Еңбекпен келген байлық емес. Қысқасы, бұл жағынан алғанда, біздің елдердің ауыл шаруашылығына осындай мықтылармен бәсекеге түсуге тура келеді.
Әрине, Одаққа біріккен мемлекеттер одан қорғанудың жолын алдын ала қарастырған болуы керек. Сондай-ақ, бұл аймақта көмірсутектерінің біраз қоры бар. Энергиямен өзін өзі толық қамтамасыз ете алатын одақ бізден кейін осы МЕРКАСУР. Демек, ол бұл жағынан да бізге «иіле» қоймайды. Бұл одақтың екі осал тұсы бар. Оның ең бастысы – адам капиталының сапасы жағынан бізден көш төмендігі. Екіншісі – өндірістік металл қорының аздығы. Осы осал тұстар үшінші осалдықты «жасап тұр». Ол осалдық – индустрияның әлсіздігі. Латын Америкасының елдері күні бүгінге дейін Кеңестер Одағында шығарылған автокөліктер мен ауылшаруашылық техникаларын пайдаланады.
Соқпай кетпейтін бір субъект – БРИКС одағы. Мұнда Қытай, Үндістан, Ресей Федерациясы, Бразилия және Оңтүстік Африка Республикасы бар. Бұл аймақтық бірлестік емес, саяси ұстанымға байланысты құрылған халықаралық бірлікке көбірек ұқсайды. Әлемдік дамудың қазіргі көрсеткішін көтеріп тұрған да осы БРИКС. Қазақстан БРИКС тобына мүше болады деген болжам бар. Әрине, біздің Қазақстан секілді мүмкіндігі мол елдің өз сапында болуын қай жақ болса да қалары сөзсіз. Таңдау біздікі. БРИКС тобына мүше мемлекеттердің атын атап, түсін түстеп бергеннен кейін оның біздің жаңа Одаққа бәсекелес не әріптес болатыны жайлы ой айту қажетсіз секілді. Айтпаған ойымызды оқырман өзі түсінсін.
Сонымен, әлемде бүгін жұмыс істеп тұрған халықаралық одақтардың қайсысының болашағы зор екенін оқырман толық болжай алатындай мәлімет бердік қой деп ойлаймын. Жаңадан іске кіріскен Еуразиялық экономикалық одақтың болашағының жарқындығы – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Демек, әңгімемнің басында «өмірге жолдама алған даналық» деген пікір ғана ақиқат. Айтарым осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.