Аймақтар • 28 Мамыр, 2024

Жан-жақты көмек – көңілге демеу

95 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ғауез Нұрмағам­бетов үйін тасқын су бұзып кет­кен отбасыларға берілген 31 пәтердің иелерімен кездесіп, құттықтады.

Жан-жақты көмек – көңілге демеу

Үйлі болғандардың бірі Юлия Сәбитова екен. Ол өзінің ұлы және ата-анасымен бірге үш бөлмелі үйге қол жеткізіпті. Бұрын Ойқаланың Калюжный көшесіндегі жекеменшік үйде тұрған көрінеді. Юлия жаңа үй алғанына қуанып қалғанын жасырмады. «Президентке айрықша рахмет айтқым келеді. Біздің жаққа келген­де Мемлекет басшысы ешкімнің ескеру­сіз қалмайтынын, бәрі үйлі болатынын айтқан еді, сол сөзінде тұрды»,
деді ол.

Облыс әкімінің ат басын тіреген екінші үй – Қуаныш пен Гүлден Сері­ковтердің пәтері. Олар да бұрын Ойқаланың Перминов көшесінде 1959 жылы салынған ескі үйде тұрған екен. Жаңа үй бергенде бұрынғымен аумағы бірдей бір бөлмелі жайлы пәтерді өздері таңдапты. Екі бөбегі бар жас отбасына бұл үй тарлау, бірақ өздерінің бұрынғы үйімен салыстырғанда артық екенін үй иесінің әңгімесінен байқап қалдық. «Бізді далаға тастамай мынадай жайлы пәтер берген билікке ризамыз. Аумағы бірдейді аласыздар деген соң осы 36 шаршы метрлік пәтерді өзіміз қаладық», деді Қуаныш.

па

Жекеменшік үйлерде тұрғысы ке­ле­тіндерге қаланың «Солнечный-2» ша­ғын ауданында 520 сапалы үйлер салынып жатыр. Қазір олардың құры­лысы қызу жүріп тұр. «Жас келсе – іске» дегендей ондағы құрылыстар­ды жүргізуге «Ауыл» партиясының бастамасымен студенттік құрылыс отря­ды құрылды. Оның қатарына жер­­гілікті колледждердің жазғы ка­ни­кулға шыққан студенттері тар­тылмақ. Олардың көбі – құрылыс жұ­мыстарынан хабары бар болашақ ма­мандар. «Ауыл» партиясының об­лыстағы филиалының басшысы, іскер азамат Қайрат Пішенбаев құры­лыс отрядын жасақтауда үлкен белсенділік көрсетіп жүр. Жуырда осы отрядпен кездесуге республикалық «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев та келді. Ол облыс әкімімен бірге студенттік құрылыс отряды­ның мүшелерімен кездесіп, оларға тілектестігін білдірді.

Студенттік құрылыс отрядтары­ның белсенді еңбегі кеңес одағы жылдарында қатты ескерілетін. Жаз бойы құрылыста жұмыс істеп, күзде өздеріне киім, тамақ және басқа да керек-жа­рақтарын алу үшін жастар аянбай, шаршау дегенді білмей жұмыс істейтін еді. Оның үстіне жастар жасамыс құрылысшылардай емес, санасы жоғары болғандықтан еңбекке адал болатын. Сондай бастаманың қайта көтерілгені – жақсылықтың жаңа жаршысы шығар деген ойға қалдық. «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те жастарға белсенділік танытқаны үшін алғыс айтып, қозғалыстың маңыз­дылығын атап өтті.

Ал аудандардан жарақтандырыл­ған механикалық бригадалар қазір тас­қын басқан шағын аудандардағы су кірген үйлердің маңын тазартып, қалпына келтіруге болатындарын жөндеуге кіріс­кен. Мұндағы жұмыстардың да оңай­лықпен аяқталмайтыны көрініп тұр.

Облыстық әкімдікте «Зиксто» АҚ мен Петропавл қаласының әкімдігі арасында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлер мен пәтерлерді жиһаз және ірі тұрмыстық жарақтармен қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құжатқа Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев пен зауыттың бас директорының міндетін атқарушы Айдос Бекмағамбетов қол қойды. Қайырымдылық көмек ретінде «Зиксто» зауыты жаңа салынған 520 үй мен сатып алынатын 197 пәтерді жиһаздар және тұрмыстық техникамен қамтамасыз ететін болды. Облыс әкімі кәсіпорынның басшылығына тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға демеушілік көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Үйлерін су басқан шағын аудан­дардың балаларына жазғы демалысты белсенді ұйымдастыру жұмыстары қол­ға алынып жатыр. Каникул уақы­тында 11 демалыс лагері жұмыс істейді. Бұл орындарда су басқан шағын аудан­дардағы мектеп оқушылары дем алады. Қазірдің өзінде барлық баланың 94 па­йызы қайда сауықтандырылатыны ­жоспарланып қойған. Демалыс мау­сымы 10-15 маусымда ашылып, әрқай­сы­сы 10 күнге созылып, 5 кезекті қам­тиды. Осы әдіспен 6 145 оқушы қам­тылады. Өңір басшысы жазғы демалыс маусымында балалардың қауіпсіз­ді­гі­не баса назар аударуды тапсырды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы