Оқиға • 28 Мамыр, 2024

Жезқазғанда көлік тізгіндеген 5 жасар бала 4 адамды соққан

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазғанда 5 жасар бала басқарған көлік тұрғындарды қағып, салдарынан 4 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Жезқазғанда көлік тізгіндеген 5 жасар бала 4 адамды соққан

Фото: Видео кадры/instagram.com/my.zhez

Адамдарды қаққан мезет түсіп қалған видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиға қаланың ойын-сауық орындарының бірінің маңында болған. Көлік мейрамхана алаңқайында сәл көлбеу тұста тұрған. Кадрларда оның артқа қарай жүріп бара жатқаны және мейрамханадан шыққан адамдарды соққаны көрінеді, бірнеше секундтан соң көліктен бала жүгіріп шығады.

Видеоға қарағанда, көлікті бала басқарған. Тағы бірнеше секундтан кейін көліктен әйел түседі.

Ұлытау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство Жезқазғанда жол-көлік оқиғасы болғанын растап, оның егжей-тегжейін түсіндірді.

«Полиция жол-көлік оқиғасын тіркеді, зардап шеккендер жоқ. Көлікте отырған 5 жасар баланың тежегіш тұтқасын алып тастағаны анықталды. Салдарынан автомобиль өздігінен жүріп, жаяу жүргіншілерге барып соғысты. Түрлі дене жарақаттарын алған 4 жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», деп мәлім қылды баспасөз қызметі.

Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық мекемеге жатқызылған 4 адамның ішіндегі ер адамның қабырғалары сынған және ішкі мүшелері көгерген және үш әйелдің ішкі ағзалары көгерген.