15 Қаңтар, 2015

Қайран көксерке!..

562 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Зайсан-Ертіс су бассейніндегі балық түрлері екі есе азайып кеткен Табиғат ана Кенді Алтайға балығы тайдай тулаған өзен-көлдерді аямай сыйлаған. Қазіргі кезде өңірде 80-нен астам көлдер мен өзендер бар екен. Соның жартысынан астамында табиғи жолмен балық өсірілуде. Алайда, соңғы бірнеше жылда Зайсан-Ертіс су бассейніндегі балық қоры екі есеге азайған. Балыққа ажал табиғат апатынан емес, суық қолды, жаны ашымастардың кесі­рі­нен келіп жатыр десек, қателес­пейміз. Бұл мәселе Шығыс Қазақ­стан облыстық прокуратурасы қызметкерлерінің назарынан шыққан емес. Өткен жылы прокуратураның алқа жиынында облыстағы өзен-көлдерде ба­лық­тың азайып бара жатқаны, оны қорғаумен айналысатын тиісті органдардың нашар жұмыс істей­тіні сын тезіне алынғанымен, оң өзгерістер орын алудың орнына, керісінше, жағдай күрделілене түскен. Жақында ғана облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовтің төрағалығымен өткен алқа отырысына құқық қорғау, балық өсірумен және оны қорғаумен айналысатын тиісті мекемелер басшылары, ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Шығыс Қазақстан об­лыс­тық таби­ғатты қорғау прокуро­ры Бақыт­жан Ізғұт­диновтің баяндамасын тыңда­ғанымызда жаға­мызды ұстадық. Шынында да, Зайсан-Ертіс су бассейніндегі қазір­гі жағдай алаңдат­ар­лық екен. Бір ғана мысал. «ҚазНИИРХ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі Алтай филиалы маман­дарының зерттеу­лері бойынша соңғы бес жылда аса бағалы көк­серке балығы 14,2 миллион дана­дан 6,9 миллион данаға кеміп кеткен. Көксерке ТМД елдері бойынша Ресейдің екі өңірін­де ғана, сосын Шығыстың Зайсан көлінде ғана өсетін аса бағалы байлық. Өкінішке орай, ұрылар мен «пысықайлардың» жымысқы әрекеттері арқасында көксерке Қытайға да, Ресейге де тоқтаусыз жөнелтіліп жатты. Тіпті, өткен жылы прокуратура қызметкерлерінің қырағылығы нәти­жесінде Тарбағатай ауданын­дағы бір ауылдық округтің әкімі қылмыстық топ құрып, балықты Қытай мен Ресейге заңсыз саудалап келгені анықталған. Оның мемлекетке келтірген зияны жүздеген миллион теңгеден асып жығыл­ған. Алайда, жылпос әкім табанын жалтыратып үлгерген, қазір оны іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ол, ол ма, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасындағы табан балық, басқа да балық түрлері екі есе, тіпті, одан көпке құрып кеткен. Ал осы табиғат байлығын көздің қарашығындай қорғайтын балық инспекторлары мен балық аулаумен шұғылданатын үш-төрт ауданның өзен-көлдердегі балықты ұрлаушылармен күрес жүргізетін полиция қызметкерлері қайда қарап отыр, өз жұмыстарына неге салғырт қарайды дегенге келсек, оған жауапты облыс прокуроры Бағбан Тайымбетұлы берді. – Бұл не деген масқара. Полиция және балық инспекторларының жұмысын прокуратура немесе Ұлттық қауіпсіздік  комитеті қызметкерлері атқарып отырғаны қалай? Бір ғана мысал. Өткен жылы прокуратура қызметкерлері полициямен салыстырғанда браконьерлерді ауыздықтауда ондаған есе артық көрсеткішке қол жеткізген. Сонда олар өз қызметтерін өзгеге жүктеген бе деген заңды сауал туады. Мәселен, Күршім, Тарбағатай және Көкпекті аудандарындағы полиция инспекторлары балық ұрлаушылармен ауыз жаласып алған ба деген ой келеді. Әйтпесе, тарбағатайлық полиция инспекторлары он айда небәрі 688 келі балықты тәркілесе, Күршім ауданындағы төрт полиция қызметкері бір айда 1,2 келі балық ұрлағандарға хаттама толтырған.  Сонда қолды болып жатқан мыңдаған тонна табиғат байлығына кім жауап берер екен? Облыстық табиғат қорғау прокуроры Бақытжан Ізғұтдиновтің айтуынша, балықты қынадай қыратын Қытайдан заңсыз әкелінетін ау құралдарын браконьерлерден тартып алуда да құқық қорғау органдары мен тиісті мекеме басшылары еш әрекет жасамай отырған сыңайлы. Ал керісінше, прокуратура қызметкерлері ұзындығы 50 шақырым болатын ауды құрықтап, заңсыз балық аулағандарға шара қолданған. Осы орайда, балық инс­пекторлары, аудан және ауылдық округ әкімдері өз істеріне неге немқұрайды қарайды деген ой туады. Тек өткен жылы ғана заңсыз аулан­ған 130 тонна балық тәркіленсе, 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 22 мың тонна­дан асып түскен. Алқа отырысында аулан­ған балық қорын толтыру мақса­тында ұсақ май­шабақтарды көлге жіберу жұмысының нашар жүргізіліп отырғаны да сөз болды. Мәселен, «Төре-Тағам» серіктестігі он айда 1328 тонна балық аулаған. Ал көлге небәрі 523 мың дана май­шабақ жіберілген.  «Дигам» және «Зайсан балықшылары» серіктестіктері де балық қорын көбейтуге көңіл бөлмей отыр. Балық – тіршілік көзі. Көл жаға­лағанның өзегі талмайды, деп тегін айтылмаса керек. Облыс прокуроры өткен жылы Тарбағатай ауданындағы Тұғыл, Байтоғас, Қабанбай, Шорға, Күршім ауданындағы Аманат, Жолнұсқау, Шеңгелді ауылдарын аралап, ондағы тұрғындардың балықпен күн көріп отырғанына көз жеткізген. Тиісті рұқсат (лицензия) алып, пайда тауып, қазынаға да қаржы аударып, балық аулап отырғандар саусақпен санарлық, ал, браконьерлік жасау арқылы пайда тауып отырғандар қатарының көбейгеніне  көз жеткізген соң мораторий жариялау туралы ой келгені шындық, дейді облыс прокуроры Бағбан Тайымбетұлы. Алайда, олай етсек, көл жағалап, тір­ші­лік жасап отырған ондаған мың адамның күнкөрістері нашарлап кететіні бе­лгілі. Ауыл адамдарымен кезде­суде заң аясынан шықпай, жеке кәсіп­керлікпен шұғылданып, лицензия алып, ба­лық аулау жөнінде ақыл-кеңес бердік. Осы орайда, мына бір жайға тоқтала кеткен жөн сияқты. Кездесу кезінде тұрғындар жергілікті жерде жұмыс табудың ауыр екенін тілге тиек етті. Ол рас шығар, бірақ жұмыс мүлдем жоқ дегенмен келісе алмаймын. Мәселен, Күршімде «Өскемен-құрылыс» деген үлкен мекеме бар. Тәжірибелі, өз ісінің білгірі Ержан Сқақов басқаратын фирма өңірдегі ірі құрылыс ғимараттарын салумен шұғылданады. Қазіргі таңда аталмыш компанияға 124 сыршы, сылақшы, кірпіш қалаушы, тракторшы, басқа мамандықтағы  жұмысшылар қажет. Олардың жалақысы 90-120 мың теңге. Іргеде тұрған құрылыс ұжымы жұмысшыларға зәру болғандықтан оларды қабылдауға қарсы емес. Алайда, соңғы төрт жылда көл жағасындағы ауылдардың бірде-бір тұрғыны жұмысқа орналасуды қажет деп таппаған. Тарбағатай ауданындағы «ПМК-Құрылыс» серіктестігіне 12 мамандық бойынша 69 жұмысшы керек. Алайда, соңғы бес жылда Шорға және Байтоғас ауылдарынан бірде-бір адам құрылысшы мамандығына қызықпаған. Демек, ауыр жұмыстан бой тасалап, жеңіл жолмен пайда табудың тиімді болғаны ғой. Қабанбай ауылынан 14 адам өткен жылы құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасыпты. Ал Тұғыл ауылынан небәрі 4 адам 2012  жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп келеді. Заңсыз балық аулап, оларды сақтайтын тоңазытқыштарды тексеруде Төтенше жағдайлар, СЭС ГАСКО мекемелері  де ешқандай әрекет жасамай отыр. Мамандардың айтуынша, бұл күндері Күршімде – 49, Көкпектіде – 15, Тарбағатайда – 21 балық өңдейтін цехтар мен ірі-ірі тоңазытқыштар бар екені тіркелген. Ал осы цехтарды тексеріп, ондағы сақталатын балық қандай жолмен ауланған, салығы төленген бе, бюджетке қанша қаржы аударған деген мәселемен аты аталған мекеме қызметкерлері шұғылданбайтын сияқты. Яғни, мұнда да ұйымдасқан қылмыстың иісі аңқып тұр. Облыс прокуроры аудандық әкімдіктегі балыққа жауап беретін  адамдардың, ауылдық округ әкімдері, аудандық ішкі істер бөлімдері басшыларының табиғат байлығын қорғауға немқұрайды қарап отырғанына бұдан әрі шыдамайтынын айтып, олардың өз қызметтеріне лайық па деген сауалды  облыстық әкімдік, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларына жолдайтынын күйіне хабарлады. Иә, табиғат байлығы ұрлағанның уысында кете берсе, орны толмас өкінішке қаларымыз сөзсіз. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист. Шығыс Қазақстан облысы.