Қоғам • 28 Мамыр, 2024

«Сыйлыққа пәтер, көлік, телефон ойнатқан». Экс-депутаттың тойы қызу талқыға түсті

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов мерейтойында түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Сыйлыққа пәтер, көлік, телефон ойнатқан». Экс-депутаттың тойы қызу талқыға түсті

фото: t.me/halyqstan

Экс-депутат Мақсат Раманқұловтың 50 жылдығын тойлау кезінде түсірілген видео желіде қызу талқыланып жатыр. Видео авторлары бұл іс-шараны «Қазақстандағы ең қымбат той» деп атады. Себебі, бұл тойда автокөлік, Астанадан пәтер және iPhone ұялы телефоны сыйлыққа ойнатылды. Сахнада өнер көрсеткендердің арасында Қайрат Нұртас, Raim, «Мираж» тобы және басқа да танымал өнерпаздар болды. Тіпті кейбір саясаткерлер де видеоға түсіп қалған.

«Тойда құны 7,5 миллион теңге болатын қытайлық электро машина және Астана қаласында орналасқан, құны 12 миллион теңге болатын бір бөлмелі пәтер ойнатылды. Мен өзім құрылысшымын, құрылыс компаниясының иесімін, біз Астанада және Қазақстан бойынша тұрғын-үй кешендерін саламыз. Мерейтойымда қонақтарыма осындай сыйлық жасауды шештім. Сонымен қатар әдеттегі сыйлықтар, орамалдар, бірнеше телефондар болды.

Мерейтойға 300 қонақ келді, оның 50-60-ы балалар болды. Бір адам басына 45 мың теңгеден, яғни 250 адамға 10 миллионнан сәл асатын сома шықты. Мерейтойдың өзі Алматының тау бөктерінде өткізілді. Бұл әдеттегідей өтетін той, ешқандай ерекшелік жоқ деп ойлаймын. Мерейтойда менің туыстарым, достарым ғана болды. Бас-аяғы 300 адамға 20-30 миллион аралығында қаражат кетті. Алматыда апта сайын осындай тойлар өтіп тұрады, ешқандай ерекшелік жоқ», деді Мақсат Раманқұлов.

Сондай-ақ Раманқұлов өзінің меценат екенін және ұлттық спорт түрлерін қолдайтынын тілге тиек етті. Кәсіпкер су тасқыны кезінде 50 отбасына 5 миллион теңгеге жуық қаржыға гуманитарлық көмек жинағанын қоса айтты.

Сондай-ақ ол өзінің мерейтойынан бөлек қарттар үйінің тұрғындарына дастархан жайып, тойдан кейін мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық дастарханына шақырғанын айтты.

Айта кетейік, Мақсат Раманқұлов 2021-2023 жылдары Мәжіліс депутаты болған.