Өнер • 29 Мамыр, 2024

Қазақтарда керемет дауыс көп: Дәстүрлі әнші Өзбекстанның өнер майталмандарын мойындатты

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дәстүрлі әнші Асқар Мұқият Өзбекстандағы "OVOZ The Voice" жобасында өнер көрсетті. Бұл туралы өнер иесінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақтарда керемет дауыс көп: Дәстүрлі әнші Өзбекстанның өнер майталмандарын мойындатты

Асқар Мұқият өзбекстандық байқауда Абай Құнанбайұлының өлеңіне жазылған Сыдық Мұхаметжановтың "Жарық етпес қара көңілім не қылса да" әнін орындаған.

- Егер Алла бойға талант нәсіп етсе, оны дамыту, шыңдау, дүйім жұртқа паш ету парыз деп білемін. Өзбекстан Республикасында өтіп жатқан халықаралық "OVOZ The Voice" жобасында Қазақстан атынан бақ сынап жатырмын. Бұл жерде Өзбекстан Республикасының Халық әртісі Фаррух Закиров, мәдениет және туризм министрі Озадбек Назарбеков, танымал әнші Севара Назархан, Тохир Содиков сынды өнер майталмандары баға берді, - деп жазды Асқар Мұқият.

Дәстүрлі әнші орындауы әлі де өзіне ұнамайтынын, алда көп жұмыс істеу керек екенін атап өткен. Алайда өзбекстандық әділқазылар Асқар Мұқияттың орындау шеберлігіне тәнті болды.

"Қазақтарда мұндай керемет дауыс өте көп. Сіз – соның жарқын үлгісісіз", "Маған сіздің әнді жеткізгеніңіз ұнады. Дәл қазір сізді басқа қазақстандық әншілермен салыстыра алмаймын. Осы ән арқылы ерекшеленіп тұрсыз", "Бұл ән сізге жарасады", - деді әділқазы мүшелері.

Артынша олар қазақ тіліндегі "Құстар қайтып барады" әнін қосыла орындады.

Ал Асқар Мұқияттың таңдауы Озадбек Назарбековке түсті. Осылайша отандасымыз өзбекстандық жобада өнер көрсетуді жалғастыратын болды.

Асқар Мұқияттың орындаушылық шеберлігіне желі оқырмандары да таңғалды.