Қазақстан • 29 Мамыр, 2024

Қазақстан мен Нидерланд су тасқынына қарсы іс-қимыл мамандарын даярлайды

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Нидерланд су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлау жөнінде меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Нидерланд су тасқынына қарсы іс-қимыл мамандарын даярлайды

Фото: gov.kz

Құжаттарға қол қою рәсіміне аталған сала министрі Нұржан Нұржігітов, бірінші вице-министр Болат Бекнияз және Нидерланд мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николаас Схермерс қатысты.

Алғашқы құжат – Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастықты көздейді. Келісім тасқын суын реттеу мен пайдалануда тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзен ағындарын басқару бөлігінде Нидерландының тәжірибесін зерттеуді көздейді.

Дельфт су білімі институтымен (IHE Delft) қол қойылған екінші меморандумда су саласы мамандарын даярлау, су саласында ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылған.

«Бүгінгі кездесу – Нидерланд мемлекетімен қарым-қатынасымыздың маңызды кезеңі. Ынтымақтастығымыз ауқымды және перспективалы жобаларды іске асыруға көмектесетініне, ал тәжірибе мен технология алмасу отандық су саласының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді министр Нұржан Нұржігітов.