Аймақтар • 30 Мамыр, 2024

Жыр болған жылыжай кімдікі?

1285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында ғана әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының іргесіндегі «Ягодка» саяжайындағы жылыжайлардың бүгінгі ахуалын көрсеткен видео жарияланды. Кезінде әп-әдемі кешен болып басталған жылыжайлардың жұлым-жұлымы шыққан қазіргі кейпі шынымен де адам аярлықтай. Желідегі бейнеүзік астына тізілген неше түрлі пікір бар. Біразының ойы «есіл дүниені бұлай қор қылғанша, бізге неге бермейді?» дегенге саяды.

Жыр болған жылыжай кімдікі?

Осыған байланысты жергілікті Ауыл­шаруа­­шы­лық және жер қатынастары бас­қар­ма­сы­на хабар­лас­тық. Олардың мәлі­ме­тінше, 120 жылыжай­дан тұратын кешен сонау 2012 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ак­ционерлік қоғамы есебінен салынып, жеке кәсіпкерге лизингке берілген. «Бұл жұ­мысқа облыс бюджетінен бір тиын да бөлінген жоқ» деседі басқарма мамандары. Тартылған инфрақұрылым да кәсіпкер есе­бінен жүргізілген.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­­­дау қоры» АҚ кейіннен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына қосылу жолымен таратылады. Яғни талап ету құқығы осы корпорацияға өтіп, бүгінде олар шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты берешекті өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз берген.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Маханбет Тұрмахановтың айтуынша, 10 гектарлық алқап иесіз емес. Олардың жылы­­жайларды қарауылдау қызметін тоқтат­қа­нына да көп бола қоймапты.

Алғашқы лизингке алушы міндеттемесін орындамағасын кері қайтарылып, кешенге инвестор іздеп, сатылымға да шығарған кезі болыпты. Тек 2017 жылы ғана бір кәсіпкер осы іске бел буып, жұмыс бастайды. Тіпті алғашқы өнімін де шығарыпты. Бірақ көп ұзамай оның тірлігі де тұйыққа тірелген. 2021 жылы кәсіпкер 10 гектарлық алқапты бөліп, қарыздың жартысын мойнына алғандар 5 гектарына күріш көшетін дайындамақ та болған екен. Бірақ бұл да аяқсыз қалып тұр. Екінші мәрте міндеттемелерін орындай алмағандардан былтыр «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылыжайларды қайтарып алу жұмыстарын бастап кетті.

«Әуелі бізге келтірілген шығынды анық­тауы­мыз керек. Осы үшін мамандан­ды­рыл­ған компания іздедік. Олар келіп, жан-жақты зерттеп, жылыжайлардың құрал-жаб­­дығының істен шығып, жарамсыз болып қал­­ғандығын растайтын анықтама берді. Бұл шы­ғынның бәрі кәсіпкерлер есебінен өтеледі», дейді филиал жетекшісі.

Жылыжай кешенінің жұмысын бастаған бизнесменнің, кейінгі екі компания иелерінің де аты-жөні мен басқа да деректері банктік құпия ретінде сақталады. Жалпы, берілген 600 млн теңгеге жуық қарыздың осы уақытқа дейін 30 пайызға жуығы қайтарылған.

Корпорация кешенге жаңа инвестор іздеп те көріпті. Әкімдікке, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да хат жазған. Бірақ осы күнге дейін істі әрі қарай жалғастыратын ілкімді жан табылмай отыр.

«Бұл – қор мен кәсіпкер арасындағы мә­селе. Мұнда бюджеттің қаржысы жоқ. Бизнестің қай саласында да іс баста­ғандардың бәрінің көші бірден түзеліп сала бер­мейтінін бәріміз білеміз ғой. Бұл да – сондай тәуекелі ақталмаған тірліктің бірі. Бізге қайтарылғанның өзінде де қарыз алушы бар­лық міндеттемесін орындайды. Оған ешқан­дай күмән болмауы керек», дейді Маханбет Ақылбекұлы.

Қазір іс Қызылорда облысының мамандан­ды­рылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр.

 

Қызылорда облысы