25 Сәуір, 2015

Шарын қызғылт қамалдар иірімі

941 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Чарын-4 Әлемге әйгілі каньондар... Осы сәт қиыр шеттегі Колорада есіңізге түсер. Сол Колораданың айнымас бөлшегіндей жер шарының өзге жартысында Шарын жатыр. Шын мәнінде Шарын аңғары да табиғаттың сұлулығы ретінде өзіне қызығушыларды ынтықтырады. Бұл өңірде алып таулардың ке­рім келбеті көз қарықтырады. Ақ бас шыңдардың суреті сырбаз кейіпте ас­қақтайды. Биікке өрмелеген жасыл шыршалар әдемілікке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды жоталардың мұнарға бөккен кейпін айтыңыз. Бұл өңірде сұлулық атаулыны кәнігі шебердің ісмер қолымен кестеленгендей иректеле жылт-жылт еткен өзендер өрнегі тамсантады. Құдай-ау, сол өрнектің бір сабағы мың сан бұралып, қарсы алдыңызда жатыр. Шарын... Шарын өзені тым тереңде, шақырайған күнге шағылыса жылтырап ағады. Гүрілдеп, арқырай бастау алар тау өзені осы тұсқа келгенде сілелей шаршаған дерсің, қаншама жылдар бойына жер қабатының қымтана жасырған құпиясын тырмалай ашқан арынды ағыс сәл тыныс алғандай. Көз алдыңызда таңғажайып көркем көрініс тұрады. Биіктік пен тереңдік: мұзарт таулардың аспан тепкен тәкаппар шыңдары өн бойын мақтаныш кернегендей маңғаз кейіп танытады, жүзін әжім торлағандай қатпар-қатпар жарқабақтан төмен құлаған аңғарлар мұңая ойға беріледі. Шарын... Қызғылт қамалдар иірімі... туған табиғаттың тосын кескіні кейінгі кезде жұртшылықты өзгешелігімен баурай берді. Қанша күш салсақ та қолмен қиюластыруға келмейтін бөлектеу сурет еліктіре түседі. Табиғат шебердің сан жылғы өрнегі керемет әсерімен елітеді. Табиғаттың тылсым сырын ішіне бүккен Қызғылт каньон жардан төмен қарай бұралаң күйі ағараңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. Аңсар аудара қызықтырған Қызғылт каньонды географ мамандар осылай атағанмен, кейде «Қамалдар аңғары» деп те жазады. Содан ба, біз өзіндік ерекшелігіне қарай Қызғылт қамалдар иірімі дегенге ықылас таныттық. Қызғылт қамалдар иірімі сан жыл­дардың өтінде тау жыныстары түрлі үлгідегі мүсіндердің ғажайып көрінісін қашап жасағандай алдыңызға тартады. Бірі өзіндік тау келбетін көз алдыңызға әкелсе, екіншісі ғайыптан пайда болған жұмбақ мұнараны елестетеді. Биік жар­тасқа сәл кідіре қарасаңыз зәулім ғимараттың кіреберіс табалдырығында тұрғандай сезінесіз. Бір сәт өзіңіздің мыңжылдықтар әлемінде ерке желдің, ағын судың, дүмпуі күшті әр алуан тербелістердің сәулеткершілігімен бетпе-бет келіп тұрғаныңызды сезінбейсіз. Қайта құпияны өн бойына жасырғандай мүлгіген тау тұлғалы бағандарды, керім күмбезді құздарды, жарқабағы айқыш-ұйқыш діңгектерді қызықтай елітіп, ертегілер еліне енген күйі қиялға беріле өзге дүниенің бәрін ұмытар едіңіз. Қызықты қараңыз, «каньон» сөзі испан тілінде «құбыр» деген мағынаны білдіреді екен. Ғалымдардың дерегіне назар салсаңыз, каньондардың пайда болуы құрғақ қыраттардың өз арнасын дамылсыз кеңейткен өзен суларының әсерінен деп түсіндіреді. Ал, қамалдар аңғары адам өрмелеп шыға алмас құзда жартас пен сазды құмдауыт тау арқылы өтетін Шарын өзеніне қиылыса жатқан құрғақ сай. Қызғылт каньонның ұзындығы үш шақырымға жуық, ені 20 метрден 130 метр аралығында болып келеді. Тереңдігі 100 метрге жуықтайды. Солтүстік Америкадағы Колорадо өзенінің Үлкен каньонымен табиғаты бір, ландшафттық әлпеті ұқсас болуы таңдай қақтырар, аты айтып тұрғандай, Үлкен каньонның ұзындығы 80 шақырым, тереңдігі де өлшеусіз – 1200 метрден 800 метрге дейінгі көрсеткіші Шарынның шағын болса да каньонның ерекше көрінісі талайды тамсандырады. Сондықтан да шығар, қияндағы Орталық Азияның беймәлімдеу бір нүктесіне орыс саяхатшылары Н.Северцев, А. Красновтарға атбасын бұрғызды. Дала төсіндегі таңғажайып әлем – Шарын оларды бейжай қалдырған жоқ. Алыс Қашқарға сапарлап бара жатқан Шоқан Уәлиханов та табиғаты сұлу өңірдегі ерекше түске боялып тұрған Қызғылт каньонға еріксіз ойға шома қарап, назар аударған да шығар-ау. Себебі дерсіз, табиғаттың өзі жылдар бойына әспеттей алақаныңызға салған жердің бүкіл қабатының тылсым суреті ойлантпай қоймас. Жарқа­бақ­тың сансыз қабаттық алуан бояуы­ тас шежіренің беттеріндей сыр ақта­рады. Қамалдар аңғарындағы кесек мүсіндердің қайталанбас кескіндері де қиялға жетелейді. Дәл алдыңыздан алып аждаһадай төніп тұрған құзды көріңіз. Аз ғана уақытқа кідірсеңіз бас салардай кейпі қорқынышты. Тек сандаған топырақ қабаттарынан тұратын ескерткіш сұлба екенін сезінгенде барып, ілгері адымдайсыз. Сол кезде арыстандар сайы алдыңыздан шығады. Құздар ертегідей, биіктен алысқа көз тастаған үлкен арыстанның бас мүсінін айырасыз, сосын жалбыраған жалы айқындалады, жуан мойны болып қоңырқай тартқан сазқабат көрініс береді. Алға жүрген сайын ғажайып әлем өз құпиясын аша түсердей. Киіз үй аңғарына өткенде ауылға келгендей тыныс аласыз. Кербезденген биік төбе ме десеңіз, сәл өтіп барып айнала бере бағамдайсыз, ағараңдап көзге ыстық тартар киіз үй. Топырақ қабаттарынан біреу қанша уақытын шығындап арнайы қашағандай. Түңлігі сәл ғана ашылғандай шаңырақ, уық пен керегенің ұштасқан тұсындағы қара белдеулі ақ шаңқан киіз үй өзіне көпке дейін жанарыңызды еріксіз аудартады. Ал мына діңгек ұстын тас салынған қапшықты елестетеді. Жарқабақтың басынан жүз метрдей тереңдіктегі жалғыз аяқ жолмен қиялға елітіп, өзіңізден-өзіңіз күбірлей алға адымдайсыз. Өйткені, құжыр-құжыр қабырғалы Шарын жеткізер жұмбаққа толы сыр жетелей түседі. Шарын каньонының пайда болуы жөнінде түрлі болжам айтылады. Кейбір зерт­теушілер бұл өңір көне Азия­ның орталығында Алакөл жағасынан бүгінгі Қытай аумағын алып жатқан таяз сулы шығанағы деген жорамал ұсынады. Тастай қатқан жасыл түстес саз қабаттан теңіз жәндіктерінің бізге жеткен қаңқа­ларынан білетініміз, бір кездері теңіздің түбінде тіршілік үшін өзді-өзі арпалысып қиямет кешкенін, салқын судың табанында бірімен-бірі арбасып, ал демдері таусылғанда ұйыса тас болып қалатынын сезбеген де шығар. Уақыт шіркін ештеңені кешірмейді, жағаға теңіздің ізімен шығанақ та ғайып болды. Бәлкім, тартылған шығанақ орнында көл пайда болып, күндердің күнінде Торайғыр бөгеті бұзылып, тосқауылдың бәрін ағызып ала жөнелді. Әйтпесе, мынау сұп-сұр ол жөнінде сыр айтпайды, тек сазды қабатта қатып қалған теңіз жәндіктерінің қаңқаларынан ұққандайсыз. Бұл жөнінде профессор П. Мариковский былай деп түйіндейді: «Бағзы заманда, үштік кезеңде, 25 миллион жылға жуық бұрын, жер бетінде адамзат жаратылмай тұрып, ауқымды да ыстық шөл орнында үлкен көл толқып жатты. Ол қоршап жатқан тауды жеміре табанына күшті саз қабатын ұсақ қиыршық тастармен араластыра жинады. Сосын ауа райы өзгерді, көл құрғады, ал табанын су шайып отырды. Тіршіліксіз жалаңаш әрі өте таңсықтау, сазды таулы өңір пайда болды». Ал Шарын жөніндегі бір аңыздың оқиға желісі былай өрбиді: «Жаратқан ие арбасымен ұшып келе жатады. Жалаңаш жазығының тұсынан өтіп бара жатқан тұста байқаусызда отты жебелерінің бірін қолдан түсіріп алады. Жан-жағына жалын шаша төмен құлдилаған жебе зуылдаған күйі жерге көлденеңінен түсіпті. Отты жебе бүлк еткен жер бүйірін екіге қақ жа­ра діңіне дейін жетіпті. Жер қақ жарылғанда тамырлары үзіліпті. Үзілген тамырлардан шапшыған қаннан қуарған топырақтардың түсі өзгеріп сала берген деседі...». Шындығында Шарынның көрінісін биіктен қарап көріңізші: жердің қатты қабатына дейін белгісіз тылсым күштің әсерімен әлдене қақ жара өтіп, солтүстікке қарай созылған алып жарықшақ із тас­тап көкжиекке сіңіп кеткендей сурет көз алдыңызда тұрады. Бұл өңірде алып таулардың керім келбеті көз қарықтырады. Ақ бас шың­дар­дың сұлу суреті сырбаз кейіпте асқақтайды. Биікке ұмтылған жасыл шыршалар әдемілікке өзгеше әспет бергендей. Көкорай шалғынды жоталардың ақ күлгін мұнарға бөккен кейпін айтыңыз. Бұл өңірде сұлулық атаулыны кәнігі шебердің ісмер қолымен кестелегендей иректеле жылт-жылт еткен өзендер өрнегі тамсантады. Құдай-ау, сол өрнектің бір сабағы мың бұралып, қарсы алдыңызда жатыр. Шарын биіктен бастау алады. Басын­да Шалкөдесу болып басталып, тау өзені қойнаудағы жазыққа келгенде адуын екпіні қайтып, Кеген болып жалғасады. Қарқара өзенінің солтүстік сағасы қосылып, Шарын 255 шақырымға ұласады, алқабының көлемі 8000 шаршы шақырым. Күнгей Алатаудың беткейінін басталатын Кеңсу, Орта Меркі, Шет Меркі өзендерінің арналары Шарынға қосылып, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауының шығыс бөлігін кесіп өтеді де алып каньондарға негіз болады. Сонан Темірлік өзенінің жалғыз сағасы келіп, Шарын арнасы солтүстік шығысқа ойысып Ілеге құяды. Шарын өзені кайнозой кезеңінің шөгінділер негізін айқын көрсете алуы­мен ерекшеленеді. Өзеннің оң жағасындағы жарқабақтан рет-ретімен кезектеле қатпарланған сары батпақты әрі жұқа цементті тастақты шөгінділерінің қырық құрау бедерін көресіз. Каньон геологиялық өлшеммен алғанда жас деп саналады. 2 миллион жыл бұрын Тянь-Шань тауының етегіндегі жер қыртысы блоктарының көтерілуі өзеннің өз арнасын іздеуіне әкеліп соқты. Сайдағы өрнекті кескіндердің бүгінгі күнге жақын келетін түрі жарты миллион жылға жуық бұрын пайда болғаны дәлелденіп отыр. Одан бергі арада ағын су салған кейіпте күн мен желдің әсері өзгертті. Осы көзге көрінбес сұлулықты мүсіншілер өздерінің ғажайып та ұлы туындыларында бір сәт тыным алмай құбылта беретіні де анық екені рас. Жарқабақтары бұйраланып жатқан құзды аңғардың түбінде Шарын өзенінің сарыны құлаққа талып естіледі. Каньон тереңдігі Құлықтау мен Торайғыр тауларының түйіскен осы тұсында 300 метрге жетеді. Бұл тереңдік Жалаңаш алабында 100-150 метрге дейін азаяды. Сұлулыққа тұнған осы өңірді 1886 жылы келіп тамашалаған Шарынның ғажайып көрінісіне таңдай қаға тамсанған белгілі ботаник, географ, «Жертану негіздері» деп аталатын орыс университеттік оқу­лығының авторы А.Краснов пікірі де өз түйінімен ерекшеленеді: «Шарын каньонына барғанда алдыңыздан көгілдір таулар қоршаған кең де жазық, үстелдей тегіс жусанды дала шығады. Ал, табаныңыздың астында жер ойылып түскендей жарқабақ, әрі қарай қатпар-қатпар төбелер. Оның ар жағында шыңдардың, аңғарлар мен шатқалдардың таулы мекені құшақ жая шақырады, биіктен күрт құлаған терең аңғардың табанында жіңішке жолақтанып Шарын ағады, қатал да терең бұлыңғыр әлем...», – деп жазады Тянь-Шань мен оның бөктеріне жүргізген зерттеу жұмысының алдын ала қорытындысында ғалым. Араға төрт жыл салып, 1890 жылы Америкаға сапар шеккен Андрей Нико­лаевич Жартасты таудағы Йеллоус­тоун өзенінің тереңдігі 360 метрге дейінгі каньондарымен Шарынды салыстырады: «Бұл кезде Йеллоустоун сияқты каньондар бүкіл әлемге әйгілі болатын, оның суреттері мен сипаттамаларын Американың әрбір қаласынан кездестірер едіңіз, ал Шарынға тек қырғыздар (қазақтар – автор) ғана баратын, оны ешкім сипаттап жазбаған», – деп күрсіне отырып баяндады. Бұл күрсіністің ар жағында бір-біріне ұқсас екі түрлі каньонның тағдыры жатты. Қияндағы Америкаға каньондардың көрінісін тамашалауға әлемнің әр шалғайынан жұртшылық ынтықтық танытып, ғажайыптың куәсі болу үшін жол ауыртпалығына қарамай сапарға шығар еді. Алатаудың етегіндегі әспетті кескінмен таңдантар Шарынның шырайлы өрнегі елеусіз қалуы ғалымды қалың ойға жетеледі. Елдің аңсарын аударған керемет каньондар қазақ даласында да бары ешкімнің ойына кіріп-шықпады. Ғалым А.Красновты күрсінткен де осы жайт болса керек-ті. Ал, Йеллоустоун жөніндегі алғашқы деректі 1804-1806 жылдары Миссисипиден Тынық мұхитының жағалауына дейін қиын сапарды бастан өткерген Льюис пен Кларк экспедициясының мүшелері әкелген еді. Аңшы Джон Кольдердің 1807 жылы Йеллоустоунға барғанда көрген қызықтары әріптестерінің аузының суын құртты. Ондағы гейзерлердің тамаша екендігі, аспанға көбік шаша атқылап жатқан суларды көз алдыңа әкелгенде адам сенбестей оқиғаны ойдан шығарған қиял-ғажайып нәрсе деп те қабылдаған. Аңшылардың әңгімелері ертегідей аңғардың бейнесін сан қырынан суреттеп жеткізді. Олардың шындығы қайсы, терісі қайсы екенін анықтау мақсатында 1871 жылы құрамында фототілшісі бар ғылыми экспедицияны алыс өлкеге аттандырды. Шынында да тылсым табиғаттың таңғажайыптары экспедициялық отряд мүшелерін тамсанта түсті. Таңдай қақтырған көріністерді суретке түсіріп алды. Мына ғажап келбетімен ынтықтырған өңір жеке меншік емес, ұлттық мақтаныш тұтатын жер болуы керек деп шешкен экспедиция мүшелерінің өтініші өкіметке жолданды. Йоллоустоунда түсірілген суреттер мен экспедиция есебіне ерекше көңіл аударған АҚШ үкіметі 1872 жылы әлемдегі тұңғыш Ұлттық саябақ құру туралы заң шығарды. Шарын каньондары да ерекше. Жарқабақтан қиялай төмен түсетін жалғыз аяқ жол ертегілер еліне алып бара жатқандай. Ғылыми тілмен айтқанда, Алатау етегіндегі өзен суы ойған алып ойылым Шарын өзенінің миллион жылдар әлетінде жасаған өрнегі. Сай табанына жақындаған сайын беткейдегі құздар айрықша тас қамалдарға ұқсаңқырап, өзге бір әлемге енгендей әсерге қалдырады. Ақ жолақ белдеулер сан ғасырлық тарихтан сыр ақтарғандай екен. Бірде мүсін кейпінде, бірде алып киіз үйлі ауылды көз алдыңа әкелетін құзар жартастың қылығына қызығасыз. Қызғылт қамалдар иірімі таңғажайып сымбатымен өзіне еліктіре береді. Жер жарықтықтың мың сан қатпары түрлі бояуымен көз алдыңда тұр. Оны анықтай қарасаң, геологиялық, ботаникалық ашық аспан астындағы мұражай дерсің. Жер бетінде тау-тау болып жаратылғалы ұлы далаға ынтыға асыққан өзеннің сай-саланы қуалай жүріп өткен жолындағы ескерткіштер өлкесі. Мынау тым төменнен қараған сізге әлденелерді айтқысы келетіндей. Топырақ әлемінің тылсым дүниесін жалаңаштап көрсетіп, сүйінші сұрардай биіктен еңселене қараған құздардың суреті үнсіз терең ойға шомдырады. Қызғылт жартастар иірімі... тосыннан тастар сауал көп. Америкадағы өн бойы каньондарға толы Колорадо өзені де испан тілінде қызыл деген мағынаны білдіреді. Бәлкім, Қызғылт жарқабақтардан туындаған шығар. Сол Колорадоның Үлкен каньоны алғаш рет еуропалықтардан 1540 жылы испан конкистадоры Кортестің отрядынан офицер Коронадо көреді. Жарқабақтан каньондардың тым тереңдігі, табанына көз салған испандықтар мұнарға бөккен аңғардан жүректері шайлықты ма төменге түспей Мексикаға кері қайтқан. Араға екі ғасыр салып мұхиттың арғы жағынан келген францискандық монах Гарсос атбасын тіреген. Тек одан жүз жыл кейін ғана, 1869 жылы майор Пауэлл жетекшілік еткен экспедиция Үлкен каньоннан қайықпен өтіп оның алғаш ғылыми сипаттамасын жасады. Картасыз, бұрылыс арнасы белгісіз Колорадоны Пауэлл мен оның жаужүрек серіктері Калифорния шығанағына дейін жүзіп өтті. «Алғашқы түйсінеріңіз – көрген түстей. Қорқынышты көлемдегі ойылым! Ойылымның арғы беті қалың ауа қабатынан көрінер, содан да жеңіл мұнартқандай, бір қалыпты көгілдір толқын. Көп қабатты үйдің өзі сіріңке қорабындай ғана болып білінер еді. Ал тереңдігі... Каньонның табаны көрінбейді. Останкино мұнарасы бұл ойықта елеусіздеу ағараңдаған инедей білінер. Мұндай жыраны бүкіл әлем біріге кіріскенімен адам қолы қаза алмас. Бұл ғажайыпты тек табиғат қана жасайды. Бұған ондаған миллион жыл керек». Қоршаған ортаның тылсым сырына бой ұрған жиһангез Василий Песков Колорадо өзеніндегі Үлкен каньонмен алғашқы таныстығын оқырманға осылай баяндайды. Негізінде шатқалдың ұзындығы бес жүз шақырымнан астам. Каньонның ені алтыдан жиырма шақырымға дейінгі жерді алады. Кейбір тұсы сегіз жүз метрге қысқарады. Колорадо аңғарының табан ені жүз метр ғана. Сол Колорадоның айнымас бөлше­гіндей Жер шарының өзге жартысында Шарын жатыр. Шын мәнінде Шарын аңғары да табиғаттың таңғажайып сұлулығы ретінде өзіне қызығушыларды ынтықтырады. Өзінің тылсым өрнегімен тамсантар Шарынның қызғылт қамалдары жұмбақ дүниенің есігін ашардай менмұндалап аңсарыңды аудара береді. Қолмен қашағандай шоқыланған қамалдар, түрлі кейіп танытқан мүсін тастар енді бір сәтке бұрынғыдан да қызғылт тарта түспек. Өйткені, алқалы кең аңғардың беткейіндегі көлеңке қалыңдап ұзара түсіпті. Аңғар табанынан жоғары өрлер сүрлеуді іздедік. Өзен жағалай барып биікке көтерілер жалғыз аяқ жолды да көлеңке көміпті. Жарқабақтың басында ат үстінен қызғылт қамалдардың сұлбасынан көз айырмай қараған бала тұр. Бұл өңірде алып таулардың керім келбеті көз қарықтырады, ақ бас сұлу сурет кімді де болса өзіне баурай түседі, көк аспанға ынтызар көңілмен ұмтылған жасыл шыршалар ерекше сән береді... Бұл өңірде көкорай шалғынды жоталарға ақша бұлттар қонақ­тайды, ал бұлттарды кешкен ат­тылы кісілер самбырлай сөйлеп бара жатады... Бұл өңірде тау бет­кейін сұлулықпен кестелей аққан өзендер ұлан далаға асығады... Осының бәріне өзгеше әспет берген­дей, Шарынның ға­жайып қызғылт қамалдары ай­рықшаланып көрінеді. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.