![Суреткер мұрасына құрмет](/media/2024/05/30/markhabat-bayghut-zaly0.jpg)
Жазушының туған күніне орайластырыла ұйымдастырылған іс-шарада бір қауым қаламдастары, тілеулестері туған жері Түлкібастағы Түркібасы әулиенің етегіндегі Азаттық аулындағы қабіріне барып құран бағыштады. Аудандық Мәдениет үйінде дәстүрлі «Мархабат оқулары» байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. «Мархабат-Мирас» қоры 10 жылдан бері өткізіп келе жатқан «Мархабат оқуларының» биылғы байқауында көкемнің өзі жоқтығы көңіл құлазытты демесеңіз дәстүрлі дағдысынан жаңылмай бұл жолы да талай талантты жастың тұсауын кесіп, томағасын сыпырды. Ғасырмен құрдас ғажайып тарихшы, ұлы Абайды ұлықтауға есепсіз тер төккен, қазақ руханиятына мұнан өзге де қосқан еңбегі өлшеусіз аңыз адам Мекемтас Мырзахметұлы түңлігін түрген Түлкібастағы ізгілікті іс-шарада халық Хан-апа деп еркелеткен адуынды ақын Ханбибі Есенқарақызы бастаған, жазушының сүйікті перзенті һәм мұрасын зерттеуші, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университеттің доценті, ғылым кандидаты Ақлима Мархабатқызы, жазушының інісі Нышан Байғұт, белгілі жазушылар Захардин Қыстаубаев, Есқара Тоқтасынұлы, аудармашы Зәкіржан Момынжанов, ақын Анар Жаппарқұлова, ардагер кітапханашы Шәрбану Дінәсілова, Ы.Алтынсарин атындағы кітапхана директоры Ақмарал Құдайбергенова қоштаған зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, «Мархабат оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Марапаттан жастардың көркем әдебиетке сүйіспеншілігін оятуға белсенділік танытқан кітапханашылар мен мұғалімдер де құралақан қалған жоқ. Жүлдегерлер Мархабат Байғұттың жазған дүниелерін мәнерлеп жатқа оқып, көркем туындыларын көпшілікке насихаттайтын эссе жазды. Ал ақындар қабырғалы қаламгердің сан алуан қырына үңілген өлеңдерін арнады. Сөзін Мархабат Байғұт жазған, әнін Сәкен Қалымов шығарған «Түркібасым» да нәшіне келтіре орындалды. Әсіресе жазушының «Ақтолғай» жинағынан сыр шертетін сахналық қойылым әдебиетсүйер қауымға әдемі әсер сыйлады. Мархабат көкем туралы сағынышпен сырланған әңгімеміздің таусылмасы анық. Өз басым да көкемді сағынғанда жазушы өмірінің сан түрлі қатпарларынан тіл қатқан құнды шығармасы – «Ақтолғай» автобиографиялық эсселер жинағын қолға аламын. «Ақтолғай» Махаңның елітіп, сүйіп тыңдайтын халық әні еді. Оны өзі де әр кез айтып жүретін. Тіпті шығармаларында бұл туралы әдемі штрихтер де бар. Осы «Ақтолғайдың» жазылуына, эссе жинақтың жарық көруіне сол жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарған Бейсенбай Тәжібаевтың түрткі болғанын да айта кетейік.
– «Уақыт – емші» дегенді жиі айтамыз. Алайда бір жарым жыл өткенімен, Әкеге деген сағыныш үдейе түсуде. Сағынышымызды оның шығармаларын қайта оқу, қанатты сөздерін жадымызда жаңғырту, көркем жымиысты жүзін көз алдымызға әкелу, осындай шуақты кездесулерде айтылған жылы естеліктермен басуға тырысудамыз... Тірі болса, ертең 79-ға толар еді... Мархабат Байғұт отбасы, әулет шеңберінен шығып, қалалық, облыстық, елдік, тіпті Түркі дүниесіне ортақ тұлғаға айналған. Іздеушісі де, жоқтаушысы да – халық. Келесі жылғы 80 жылдық мерейтойы бірмезеттік ұсақ шаралармен шектелмей, өзіне тән жинақылықпен, руханият пен келешек ұрпақ үшін есте қаларлық тағылымды істермен жалғасын табуын тілейміз, – дейді Ақлима Мархабатқызы.
Түлкібастағы еске алу жиыны күні кеше жалғасын тауып, Түркістандағы облыстық «Фараб» кітапханасында Мархабат Байғұт атындағы зәулім залдың лентасы қиылды. Залдағы жазушының кітап көрмесін, өнегелі өсиет сөздерін, тарих тереңінен сыр шертетін фотосуреттерді, сарғайған газет тігінділерін, тұтынған заттарын, алған марапаттарын, көрнекілік ақпараттарды көз көріп көңіл толқыды. Түркістан облысы әкімнің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы бұл оң бастама біртуар қаламгердің алдағы 80 жылдығын кеңінен атап өтетін ауқымды іс-шараларға ұласатынын айтты. Сол ауқымды іс-шаралардың қатарында Мархабат Байғұттың әр үш жыл сайын өткізілетін төл жобасы – «Таупістелі тағылымы» халықаралық фестивалін ұйымдастыру да ұмыт қалмауы қажеттігін әкімнің орынбасарына көпшіліктің көзінше әдейілеп құлаққағыс еттік. Махаң 80 жасқа толуымен төртінші рет өткізілуі тұспа-тұс келетін фестивальды «Түркінің текті қыздары» деген тақырып аясында жүзеге асыруды жоспарлап жүрген еді. Өкініштісі, жазушының 80 жас мерейтойын тойлау маңдайға жазылмаған екен. Енді Пістелі аулында кіндігі кесілген классиктің «Таупістелі тағылымы» жобасы 80 жылдығын еске алу кезінде ескерусіз қалмай тірі шағында өзі жоспарлағандай орындалады деген ойдамыз.
Ойды ой қозғайды. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Түркістандағы жаңадан салынып жатқан заманауи «Жайлы мектептің» бірін Мархабат Байғұт атындағы деп атау туралы батыл бастама көтерді. Жазушы, драматург Сая Қасымбек Мархабат Байғұттың көрермен жүрегіне жол тапқан «Асқаровтың аққайыңдары», «Жоғалған жұрнақ» пьесаларын қоюға Түркістан театрлары көңіл бөлуі керектігіне тоқталды. Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қаламгерлер Абай Балажан және Бақытжан Алдияр талантты жазушының өшпес ізін, өлмес қолтаңбасын айқындайтын қырлары мен сырларын өз естеліктері арқылы өрбітті. Алқалы жиында жазушының жары Қыздаркүл Пернебайқызының өмірлік серігінің шығармашылығын қолдаудағы адалдығы, адамгершілігі, шынайы жанашырлығы нақты дәйектермен әдемі, әсерлі әңгімеге арқау болды. Облыстық әкімдік, мәдениет басқармасы тарапынан жасалып жатқан қолдауларға ризашылығын білдірген Қыздаркүл апа халықтың қошеметіне бөленген Мархабатының ерекше еңбектеніп жазылған, әлемнің бірнеше тіліне аударылған «Түркілер төрі Түркістан» кітабын жазушының тілеулестеріне сыйға тартты. Жазушының жанашыры, рухани інісі, жерлесі Дархан Қуандықұлы басқарған Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен төрт жыл бұрын жарық көрген кітаптың тұсаукесері Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп, оған төрт мемлекеттен – Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстаннан әдебиетшілер, ғалымдар және еліміздің әр аймағынан зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент, мәслихат депутаттары онлайн, офлайн қатысқан болатын. Мархабат Байғұттың 75 жасқа толуымен сәйкес келіп дүркіреп өткен осы халықаралық масштабтағы алқалы жиынды жүргізу, тізгінін ұстау бақыты біздей пақырыңызға бұйырғанын бүгінде тәтті мұңға шомып сағынышпен еске аламын. Жанымда журналист Әбдез Рахманұлы, түлкібастық талантты жас жазушы Абылай Есімбаймен бірге «Түркілер төрі Түркістанның» сиясы кеппеген алғашқы данасын Пістелі аулына апарып беріп, тебіреністі күй кешкен Махаңмен үйіргелік бақтың беткейіндегі сәкіде ұзақ уақыт сырласқанымыз да есімізде. Пістелі демекші, «Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде» дегенді жиі айтатын қаламгер Пістелісайда өсетін таупістесін, Аққұзар жақтағы доланалы беткейін, Бөкейтаудағы көкемарал мен киікотын өз шығармаларында шабыттана суреттейді. Сірә әр жазушының бір жұмақ мекені бар. Махаңның жұмақ мекені Пістелі болар. Түркістандағы басқосуда жазушымен бір ауылда туып, бірге өскен сыныптасы Қалаубек Анашов Пістеліде өткен балалық шақтарын әсерлене баяндап берсе, Түлкібастағы жиында 5-сынып оқушысы Дариға Нұрланқызының Пістеліде өсетін киікоты туралы зерттеу жүргізіп жүріп даңқты қаламгер атасынан бата алуға қара шаңыраққа іздеп барған бейнетаспасы жан дүниемізді еріксіз елжіретіп жіберді.
Жазушының кейіпкері: «Сол қоңыр кітабыңыз тоқсан үшінші жылғы маусым айында шыққан. Бағасы бар болғаны елу бес тиын-тұғын. Мен жынданған адамдай сіздің сол қоңыр тысты кітабыңызбен сөйлесетінмін. Бір бетін ашып біра-а-аз сөйлеп отырамын. Екінші бетін аударып және бірдеңелерді айтамын. Кітапқа айтамын, кейіпкеріне айтамын, сізге айтамын. Осылайша, төрт жүз беттік кітабыңыздың әр бетін қайырып қойып, тілдесетінімді түк те білмейсіз», демеуші ме еді. Бүгінде Мархабат Байғұттың шығармаларын жата-жастана оқитын оқырмандарының қатары қалыңдай түскені анық. Еске алуға жиналған қауым жазушының: «Түптің түбінде жазушылардың небір атақтары да, абырой-беделі, орден-медальдары да – бәрі қалады. Өздері өлгеннен кейін тек шынайы шығармалар, көркемдік құнар ғана ұмытылмай, ұлтпен бірге жасай бермек» деген сөзінің шынайылығына тағы бір көз жеткізді.
Уақыт өткен сайын Мархабат көкеме деген сары сағыныштың да бояуы қалыңдай түсіп, жиі еске аламын. Махаң жазған «банктің иттері» емес, көреалмаушылық пен іштарлықтан айтақталған иттердің шәңкілі бүгін де жүйкені жұқартады. Сондай сәттерде жалғыздық бағында жаңа бүрлеген ойын сан рет қайталап, өз әлемінде ғана тыныштық табатын парасатты, айқайдан алыс абзал болмысты Мархабат көкеммен әңгімелесіп, жұқарған жүйкені тыныштандырып қана қоймай, көп келеңсіздікті ұмытқым да келеді. Көкем туралы былтыр «Егеменде» жарық көрген эссемде: «Көке! Әсерлі әңгімелеріңіздің көптеген кейіпкері тұратын Н. уәлаятының халқы сізді іздейді. Әлі де. Сіз жиі баратын кітапханаларда арнайы ұйымдастырылған жиындарда зиялы қауым, оқырмандарыңыз еске алады. Сондай жиындарда жаным жабырқап, жүрегім жүдеп жымиып күлген жылы жүзіңізді көз алдыма елестетемін. Көңіл осындай кештерде сізді іздейді. Көптің арасынан. Арқамнан қаққан аялы алақаныңыздың табын сеземін. Кейде аңсаймын. «Көкем-ау», деп оңашада көз жасқа ерік берген кез де болды. Сағыныштан. Арқасүйер адам іздегеннен», деппін. Сол сағыныш, аңсау, іздеу, елестете еске алу әлі де жиі...
Батыста ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі атында орталық бар. Оңтүстікте де Мархабат Байғұт атында орталық болу керектігін халықтың аузынан жиі естіп жүрміз. Халық айтса қалт айтпайды.
Түркістан облысы