Аймақтар • 29 Мамыр, 2024

Шомылуға жайлы жағажай

48 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қонаев қаласының аума­ғында шомылуға рұқсат берілген 97 аймақ бар. Был­тыр миллионнан аса демалушы келген. Биыл осы межеден асу жоспарланып отыр. Қаланың кешенді даму жоспарының аясында Қапшағай су қоймасының 5 шақырымнан аса жаға­жайы абаттандырылады. Былтыр бекітілген қаланың Бас жоспарына сәйкес жағалаулардың барлығы бірыңғай дизайн кодқа сай абаттандырылып, жаңартылуға тиіс.

Шомылуға жайлы жағажай

Жалпы, шаһар ау­ма­­ғында 140 туризм нысаны ор­на­­лас­қан. Инвестициялық қар­жы­ға бой көтеретін демалыс орындарының саны – 6. Оның біреуі биыл қолданысқа беріледі деп жоспарланған, екеуі құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңін аяқтап, былтырдан бері қызмет етіп келеді. Ал басқа ғимараттар жоспарға сай жөндеуден өтіп жатыр.

Қалалық жағажайда 40-тан аса кәсіпкер жұмыс істейді. Жауапты мекеме дәретханалар, 20 қоқыс жәшігін орнатады. Кәсіпкерлер де өз аумағында әжетхана мен жуынатын орын қоюы қажет. Сондай-ақ мұнда ақпараттық баннерлер ілініп, су көлігі тұрағы жасалады, белгіленген аумақта ғана жүзу үшін суға пластик заттар (буи) қойылады. Жазғы маусымда қауіпсіздікті сақтау мақсатында 50 құтқарушы, 7 жүзу құралы жұмылдырылады.

с

Қаладағы туризм саласының дамуына ауқымды іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Мысалы, өткен жылы «Oceanмan», «Рок фестивалі», «Rock family fast» іс-шарасы өткені ел есінде. Қалалық жағажайдың маңындағы паркте спортты дамыту мақсатында «Кроссфит алаңын абаттандыру» жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы алаңы – 1,470 гектар. Жоба бойынша шағын футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орнатылады.

Сонымен қатар 5-жағажайда да құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Мұнда халықтың дема­луына барлық жағдай жасалады. Яғни киім ауыстыратын орын, дәретханалар, қоқыс жә­шігі жобада қарастырылған. Аталғандардан бөлек, бұл жерде адамдарды күннің көзінен сақ­тануына шатырлар қойылған. Құтқарушылар отыратын жер де бар. Фотоаймақ, пирс та салынып жатыр. Жобаның аяқталу мерзімі – шілденің соңы. Бүгінде құрылыс жұмысының 95 пайы­зы аяқталған. Спорт алаңы да қарастырылған.

Қазіргі таңда 8-жағажайды абаттандыру жобасына түзетулер енгізіліп жатыр. Мердігер ком­пания – «Golden City DS» ЖШС. Бұл жағажайдың аумағы 72 мың шаршы метрден асады. Мұнда бизнес орындары, әкімшілік, медициналық нысан, құтқару бекеттері, полиция бөлімшесі, әжетханалар мен жуынуға арналған орын, велотұрақ, шешінуге арналған орын, шатырлар орнатылады. Сонымен қатар жағажайда өрт қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы резервуарлар қойылады.

Құрылыс-монтаж жұмысы жеке инвестиция мен бюджет қаржысына жүргізіледі. Биыл жағажайларды толық абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжат дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда «Freedom bank»-тің инвестициялық қаржысына 1 шақырым жағажай абаттандырылып жатыр.

«Шомылу маусымына да­йын­дық басталғанымен, әлі де қираған шатырлар мен тапшандар көп. Бұл туристердің өмі­ріне қауіпті. Біріншіден, осы мәселені шешу мақсатында, екіншіден, бірегей сәулеттік келбет жасап, демалушыларды тарту мақсатында жоба әзір­ледік», деп ТҮКШ бөлімінің бас­шысы Дархан Қарағонысов 5-жағажайды мысалға келтірді. Онда спортпен айналысуға, демалуға, ойын ойнауға, күннен қорғануға, шомылуға бар жағдай қарастырылған.

«42 кәсіпкерге «Қонаев» ӘКК арқылы 2,5 пайызбен жеңіл­детілген несие алып, бизнес орындарын өздері салуға мүм­кіндік беріп отырмыз. Биылғы келісімшарт 3 жылға дейін ұзар­тылады. Әкімдік тарапынан жол жасау, абаттандыру сияқты жұмыс істеледі. Жылына 1 млн-нан аса турист келетінін ескерсек, бұл – екі тарапқа да оң­тайлы шешім. Келіспеген жағдайда келісімшарт бұзылып, нысан инвестициялық қаржыға салынады», деді бөлім басшысы.

 

Алматы облысы