Хоккей • 29 Мамыр, 2024

Чехия – чемпион

25 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Чехияның Прага мен Острава қалаларында ұйымдастырылған әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа 16 команда қатысты. Солардың арасынан асығы алшысынан түскен айдын иелері бас жүлдені олжалады.

Чехия – чемпион

Әңгімемізді плей-офф сайыстарынан бастасақ, ширек фи­­налдағы ең қызықты ойын Прагадағы О2 аренасын­да өт­ті. Бұл матчта Канада Сло­вакия­ның қақпасына 6 гол соқса, қар­сыластары 3 шайбамен ғана жауап қайтарды. Есеп – 6:3. Швей­цария Германияны 3:1 есебімен ұтты. Чехия мен АҚШ арасындағы бәсекенің тағдырын бір ғана гол шешті – 1:0. Швеция мен Финляндия құрамалары да біраз тіресті. Көршілес қос мемлекет хоккейшілерінің тартысы шведтердің пайдасына шешілді – 2:1.

Жартылай финалда сенса­циялық нәтиже тіркелді. Соңғы әлем чемпионатында қарсылас шыдатпай, бас жүлдені ол­жа­лаған Канада ойда-жоқта Швей­цариядан ұтылып қалды. Бұл матчта алғашқы екі шайбаны Кевин Фиал мен Нино Нидеррайтер өз еншілеріне жаз­ды. Бірақ ойын аяқталғанға дейін Үйеңкі жапырақтар елі­нің өкілдері таразы басын те­ңестірді. Бұл голдардың авторлары – Брэндон Танев пен Джон Таварес. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллит соғу барысында швейцариялықтардың бағы жанды – 3:2. Ал Чехия мен Швеция арасындағы кездесу 7:3 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді.

Финалда Швейцария мен Чехия кездесті. Алғашқы екі кезеңде бірде-бір шайба қақпаға енбеді. Таблодағы есеп 50-минутта өзгерді. Есепті жұлдызды шабуылшы Давид Пастрняк ашты. Ойынның аяқталуына санаулы секунд қалғанда Давид Кемпф бос қақпаны дәл көздеді. Сөйтіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткен чехтар әлем чемпионы атанды. Ал қола медаль үшін бәсекеде Швеция Канаданы қапы қалдырды – 4:2.

Естеріңізге сала кетейік, Чехиядағы додаға Қазақстан құ­рамасы да қатысты. Жеті кез­десудің екеуін ұтып, бесеуінде жеңіліс тапқан жерлестеріміз В тобында алтыншы орынды қанағат тұтты. Осы нәтиже ар­қылы Ғалым Мамбетәлиевтің шәкірттері келесі жылы эли­талық дивизионда өнер көрсету құқығын сақтап қалды.

Сонымен қатар Прагада Халықаралық хоккей федера­циясының кезекті конгресі өтіп, осы жиын барысында 2028 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын мемлекет анықталды. Ондай құқық Францияның Париж бен Лион қалаларына беріліп отыр. Ал келесі жылғы жарыс Швецияның Стокгольм мен Данияның Хернинг қалаларында ұйымдастырылады. 2026 жылғы дода Швейцарияның Цюрих пен Фрибургінде, 2027 жылғы турнир Германияның Дюссельдорф пен Мангеймінде өтеді.