Елорда • 30 Мамыр, 2024

Астанада жас педагогтер слеті өтті

68 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы № 43 қосымша білім беру мектеп-орталығында жас педагогтер слеті өтті. Астананың тәжірибелі педагогтері жас әріптестеріне білім беру тренингтерін, TEDx жобасын және ұлттық спорт ойындарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада жас педагогтер слеті өтті

Фото: Астана әкімдігі

Слетке 100-ге жуық жас педагог қатысты.

«Жас мамандар ретінде бұл мамандықтың сізге сәйкес келетін-келмейтіні туралы жиі ойлануыңыз мүмкін, әсіресе жұмыстың алғашқы үш жылында. Алайда ұстаздық қызмет сіздің сүйікті ісіңізді қалдыруға мүмкіндік бермейді. Ең бастысы - шаршамау. Сіздің араңызда болашақ мектеп директорлары, білім басқармаларының басшылары мен министрлер және әрине, ең жақсы мұғалімдер бар деп сенемін. Сіздермен бірге қала қарқынды дамып, жаңа мектептер салынып жатыр. Қаламызда бүгінде 263 мың оқушы бар болса, 2030 жылға қарай Астанада 382 мыңға жуық оқушы болады. Осы бес жыл ішінде мектепке 120 мың бала барады, сіздің жұмысыңыз одан әрі сұранысқа ие болады деген сөз», деді елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысы бүгінде елордада бір уақытта 34 мектеп салынып жатқанын айтты. Бұл мектептер төрт мың мұғалімді қажет етеді.

Қатысушылардың айтуынша, TEDx форматындағы білім беру тренингтері тәжірибе алмасуға, жаңа әдістемелерді игеруге және сыныпта жұмыс істеу үшін практикалық құралдарды алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ іс-шара барысында ұлттық спорттық ойындар мен эстафеталар өткізілді.